8.5 C
Нарынкол
spot_img
ДомойБас тақырып | О главномЖАЗУШЫНЫҢ ТОЙЫ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ  ӨТТІ

ЖАЗУШЫНЫҢ ТОЙЫ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ  ӨТТІ

Бердібек — қазақ әдебиетінің Хантәңірі. Балалық шақтың боямасыз әлемін шынайы суреттеген біртуар жазушы. Болмысы бөлекше, шығармашылығы ерекше Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бір ғасыр…

Бір ғасырлық  тарихы бар жазушы өзінің 67 жасында дүниеден өтті. Заңғар тұлғаның өзі дүниеден өткенімен, артында қалған шыңы биік шығармашылығы мен абыройлы есімі мәңгі халық жадында.

Биылғы жылдың басынан бастап бір жыл көлемінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық  мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Әр елде, әр жерде түрлі шаралар ұйымдастырылып жазушының атағы асқақтап тұр. Аталған той жазушының туған топырағы  Нарынқол ауылында кең көлемде аталып өтті. Жазушының жерлестері көптен күткен торқалы тойдың куәсі болды. 

Еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, жалынды жазушылар тобы, қаламы ұшқыр журналистер қауымы жазушының туған жеріне арнайы ат басын бұрып, торқалы тойға қонақ болды. Тойдың арнайы бағдарламасына сәйкес, қонақтар  мерекелік көңіл-күймен аудандық  Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйіне бет алды. Мәдениет үйінде арнайы көрмеге көзайым болып, “Болмысы бөлек Бердібек” атты салтанатты жиынға қатысты. Салтанатты жиын шымылдығы “Бердібек әлеміне саяхат” атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Көптің көңілінен шыққан қойы- лымның қоюшы режиссеры — Сержан Молдасан болса, көріністің көркін  кіргізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыров сынды үздік актёрлар өнер көрсетті. Жазушы  рөліндегі Ербақ Құрманжанұлының өнері де көрерменнің жүрегіне жол тапты. Жиын барысында Алматы облысы әкімдігінің және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Бердібек Соқпақбаевтың 4 томдық шығармалар  жинағының және Райымбек аудандық кітапханасының қолдауымен жарық көрген арнайы “Тәңіртау өркендері” кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Алматы облысы әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлының ыстық лебізін жеткізу үшін, облыс әкімінің орынбасары  Болат Қайратұлына құттықтау сөз кезегі берілді. Құттықтаушы сөз сөйлеушілер қатарында жазушының қызы, аудармашы  Самал Соқпақбаева, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Құлкенов Мереке Әбдешұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков, ақын, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сынды ірі тұлғалар жазушы жайлы естеліктерімен бөлісіп, мерейтойдың маңыздылығын тілге тиек етті. Кеш жүргізушілері  Жанатпек Байтеков пен Аягүл Рамазанқызы кештің жоғары деңгейде өтуіне өз міндеттері аясында үлес қосып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Еліміздің эстрада жұлдыздары “Қоңыр” тобы, Саят Медеуов, Рамазан Стамғазиев сынды әншілер өнер көрсетті.

Түскі үзілістен кейін Б. Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналаған ақындар айтысының баспасөз конференциясы болды. Мерейтойға орай Алматы облыстық «АMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Зиялы қауым бас қосқан ақындар айтысының ашылу салтанатына орай құттықтау сөз кезегі Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев мырзаға берілді. Қуат мырза өз сөзінде  дәл осы Нарынқол өлкесінде араға 30 жыл салып өткелі отырған Алматы облысы мен Жетісу облысы арасындағы республикалық  ақындар айтысының Тәңіртау тұрғындары үшін үлкен мақтаныш екенін айтты.  Кезекті сөз кезегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев мырзаға берілді, өз сөз кезегінде айтысқа қатысушы суырыпсалма ақындарды, термешілерді  сахна төріне шақырды. Сайыстың төрелігін айтып, айтыстың ағысына терең әрі сауатты бойлай білетін әділқазылар алқасының құрамы тым ерекше. Атап айтар болсақ, ұлт руханиятының абызы “Отан”, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Басқарма Төрағасы Жүрсін Ерман, қоғам, мемлекет қайраткері, Нарынқол өлкесінде туған наркескен ұлдардың бірі, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек  Әшімжанов, әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, ақын, профессор Қойлыбай Асан, күй өнерін зерттеуші, күйші Мұрат Әбілғазы, шежіреші, жыршы, фольклортанушы Берік Жүсіп, дәстүрлі әнші, ұстаз Еркін Шүкіман.

Қазақтың  “сүйіншіні” баладан сұрау ғұрпы бойынша, таныстыру толғауды екі топтың бала ақындарына тапсырды. Алматы облысының айтыскерлер командасын осы аймақтың жас таланты Кәмілжанұлы  Ершат таныстырса, Жетісу облысының жас таланты Дәулеткелді Ерасыл өз құрамасын таныстырды. Айтыскер топтардың  шын шеберлігі бала таланттардың екпінді толғауынан-ақ белгілі болғандай.

“Сүре айтыспен” басталған айтыстың алғашқы айналымында Алматы облысынан Жақсылық Орынбасар мен Жетісу облысының айтыскері Жақсылық Жалғас айтыс өнерінің озық үлгісін көрсетті. Сүре айтыстың тек суырыпсалма, өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын айтыс түрі екенін ескерсек, аталған кезеңге таңдалған айтыскер ақындардың шын шеберлігіне көз жеткіземіз.

“Жыршылар сайысында” Алматы облысының жыршысы Серік Сүйіндік жезтаңдай үнімен  таңдай қақтырса, Жетісу облысынан Жұмағазы Жайық жас болса да бас бола білетін ұрпақтан екенін танытып, жырымен жұртшылықты сүйсіндірді.

“Қыз бен жігіт» айтысында Алматы облысынан Айым Асылбекқызы, Жетісу облысынан Ұларбек Минатхан бір-біріне қарымды қарсылас бола білді. Айтысқа түскен қыз бен жігіт арасында  жарасымды әзіл-қалжың мен әлеуметтік маңызды мәселелер көрініс берді. 

“Түре айтыс”- бір-екі ауыз өлеңмен қысқаша, шапшаң жауаптасып отыратын айтыс түрі. Айтыстың бұл түрінде өнер көрсеткен, Алматы облысы командасынан Айбын Жамали болса, Жетісу облысынан Қазыбек Жеңісхан талайды таңғалдырды.

“Қайым айтыста” Алматы облысының Шынарбек Тұрсын есімді арынды  ақынына қарсы Жетісу облысының Сырым Ауезхан атты орақ тілді ақыны өнер көрсетті. Жалпы қайым айтыстың сипаты — айтыстың бір шумақ өлеңмен қайырып отыратын шағын түрі. Бұл “қайта жауаптасу”,  “қайыра айту” деген ұғымдардан бастау алған.

“Дәстүрлі ән” кезеңінде Жетісу облысының дәстүрлі әншісі талантты Бейбіт Мұсаевпен  бақ сынасқан Алматы облысының күміс көмей әншісі Тілеулес  Құрманғалиев те осал еместігін дәлелдеді. 

“Терме” кезеңінде көрермендер ерекше  күткен қатысушылар Алматы облысынан Ербақ Құрметжан тыңдарманның құлақ құрышын қандырса, Жетісу облысының жезтаңдайы Ләззат Жанаманова  терме орындау шеберлігімен қалың көрерменнің ықыласына бөленді.

Көңілді тербейтін “күй” өнеріндеАлматы облысынан Мейірбек Әзімбаев Жетісу облысының Самат Жанғазы атты күйшісімен өнер сайыстырып, тиісті бағаларын алды.

Жазушы мерейтойына орайластырылған дүбірлі айтыс додасында жеңіс туы Алматы облысының айтыскерлер командасында желбіреді.

Бұл айтыс додасы аудан халқына ерекше көңіл-күй сыйлап, көрерменнің өнерге, оның ішінде, қазақтың ұлттық өнері — айтысқа деген құрметін тағы бір мәрте аспандатты. Аспантаулар өлкесінде болған дүбірлі айтыстың жөні бөлек, сипаты ерек болғанын көз көріп, құлақ сүйсінді.

Тартысты айтыс аяқталысымен, Нарынқол ауылындағы орталық алаңда гала-концерт ұйымдастырылып, еліміздің бірқатар танымал жұлдыздары,  атап айтсақ, Саят Медеуов, Диана Исмаил, Өмірқұл Айниязов, Салтанат Құдайбергенова, Қажымұрат Шешенқұлұлы, MOLDASAN  сынды әншілер өнер көрсетті. Кеш тізгіні танымал жүргізуші — Жанатбек Бәйтеков мырзаға берілді. Гала-концертке жиналған аудан тұрғындары ауа райының қолайсыздығына қарамастан шат-шадыман күйде тарасты.

Екі күнге созылған ұлы тойдың екінші күні Бердібек Соқпақбаев атындағы жастар саябағында жарасымды жалғасын тапты. Аталған саябақтан орын алған жазушы ескерткішінің салтанатты ашылуына халық көп жиналды. Мерейтойға жерлесіміз ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Астана қаласынан арнайы келді. Сонымен қатар, жазушының мерейтойында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының қызы Самал Соқпақбаева тағы басқа құрметті қонақтар бой көрсетті. Жоғарыда аталған салтанатты жиынның құрметті қонақтары ескеркіштің лентасын қиып, ашылу рәсімін жасады.

Ескерткіштің ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевқа берілді. Мәулен Сағатханұлы ҚР Президентінің сәлемін жеткізу үшін арнайы келіп отырғанын айтты. «Биыл туғанына 100 жыл толып отырған аса көрнекті қаламгер Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жазушының «Менің атым Қожа» хикаяты оқырмандарымен қалай етене қауышса, осы аттас түсірілген кинофильм де қазақ киносы тарихында алғаш рет Канн фестиваліне қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңба қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне де ескерткіш орнату өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармаларының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді. Балалар әдебиетінің бәйтерегі атанған классик жазушының сөз өнеріне деген айрықша таланты мен талғамы – жас қаламгерлерге әрдайым үлгі-өнеге. Ал оның мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Төл әдебие- тіміздің тұғырлы тұлғасына қойылған еңселі ескерткіш құтты болсын!» делінген Президент сәлемін елге жеткізді. Мәулен Әшімбаев Президент аманатын орындап болған соң қабырғалы қаламгердің мерейтойына арнап өз тілегін де жеткізді.

Келесі сөз кезегін алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жазушының мерейтойына арналған ақ тілегін айта келе, облыс көлемінде атқарылған істерге тоқталып, алға қойылған мақсаттарды да жасырмады.

Кезекпен келетін сөз тізгіні Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновке берілді. М. Құлкенов Б. Соқпақбаевтың шығармашылығы туралы айтып, алдағы уақытта жазушының шығармашылығы бұдан да жоғары биікке көтерілу керек екенін баса айтты.

Осы күннің ең қадірлі қонақтарының бірі жазушының қызы Самал Соқпақбаева әкесінің жақсы қасиеттері туралы сөз өрбітті. Тойды ұйымдастырып отырған Алматы облысы әкімдігіне, аудан әкімдігіне, жиналған жұршылыққа, әкесінің ескерткішін жасаған Тимур Ермұханбетов пен Айдос Бүркітбаевтай азаматтарға шынайы алғысын айтты.

Ескерткіштің ашылуынан кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған мерейтой меймандары саябаққа қарағай көшеттерін отырғызды.

Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлы бастаған топ Қарасаз ауылына аттанды. Қара өлең қонған қасиетті Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне ат басын бұрды. Сондай-ақ, Қарасаз ауылындағы Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Жастарға өнер үйрету мақсатында ашылып отырған 250 орынды өнер мектебінде балаларға вокал, эстрада, дәстүрлі ән, бейнелеу өнері, қолөнер, зергерлік бағыттар бойынша сабақ беріледі. Аталған ғимараттың құрылыс жұмысына  бюджеттен 990 млн теңге қаражат бөлініп, оқуға қажетті барлық материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәулен Әшімбаев жаңа ғимараттың ашылу салтанатында ыстық ықыласын айта отырып, өнер мектебіне пианино аспабын сыйға тартты. Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы да мектеп ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, 15   домбыраны сыйға тартты.

Дүбірлі тойдың ресми бөлімі Сарыжаз ауылында жалғасты. Астана қаласынан арнайы келген Мәулен Сағатханұлы құттықтау сөз кезегін алып жазушының мерейлі тойында жерлестерін қуанышты күндерімен құттықтады. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжандар өз құттықтауларын айтып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Алматы облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Ілияс Сүгіров қаламгердің қызы Самал Соқпақбаеваны ортаға шақырып, шаршы топтың алдында автокөліктің кілті мен сертификатын табыс етті. Самал Бердібекқызы да жиналған қауымға үлкен ризашылығын білдірді. Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Берік Фатықұлына және осы тойды өткізуге атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді!

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек, «Сазген» фольклорлы этнографиялық ансамблі, «Құлансаз» би ансамблі, ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер мен әнші Шәбә Әденқұл, ҚР эстрада жұлдызы Мадина Сәдуақасовалар өнерлерін көрсетіп көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Ұлы тойдың жалғасы ұлттық ойындарға ұласты. Соның ішінде қазақша күрес, тай бәйге, құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге ойындары өткізілді. Қазақша күрестен топ жарып, қарсылас шақ келтірмеген Жамбыл облысының түйе палуаны Қырықбай Ғалымжан 1-орынды жеңіп алып, су жаңа «Лада Гранта» автокөлігін иеленді. Абай облысынан келген Әділ Оразбаев 2-орынды иеленіп түйе жеңіп алды, 3-орынды иеленген Алматы облысының балуаны Мәди Еділбаевқа 500 мың теңге берілді.

Аттың дүбірін естісе делебесі қозатын қазақ халқы қылқұйрықтардың да шабысын қалт жібермей тамашалады. Кеген, Райымбек аудандарының арасында өтетін кіші аламан бәйгесінде 1-орынды Кегендік Сырым Сағымбековтың «Аламан қара» аттысәйгүлігі жеңіп алды. Мәреге бірінші болып келген аттың иесіне «Шевролет-Кобальт» автокөлігінің кілті табыс етілді. Аламан қарамен үзеңгілес келіп мәреден екінші болып өткен Сарыжаздық Марат Ерліктің «Баққұс» атты тұлпарына 1500000 теңге, 3-орында келген Қайнарлық «Томирис» тұлпарының иесі Сайранбек Ысқақовқа 1000000 теңге берілді.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен кіл мықты тұлпарлар келген үлкен аламан бәйгеде Балқаш ауданынан келген «Асу» атты шын жүйрік ауыздыққа бойбермей аламанның алдында келді. Ат иесі Сапарғали Сәтбаевқа «Haval» автокөлігінің кілті табысталды. Түркістан облысынан келген «Ботагөз» атты тұлпар 2-орынға тұрақтады. Ат иесі Нұрбол Айдарұлына 1 500 000 теңге табысталды. Алматы қаласының тұлпары «Айсуат» атты сәйгүлік мәреден үшінші болып өтіп, ат иесі Бақытбек Мыңбаевқа 1000000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Барлық жеңімпаздар «Бердібек Соқпақбаев атындағы» медальдар мен кубоктарға ие болды.

Барлық жеңімпаздарды сахна төрінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Максим Рожин және аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы марапаттап, сыйлықтарын табыс етті.

Осылайша екі күнге созылған қабырғалы қаламгердің дүбірлі тойы көпшіліктің көңілінде көп уақытқа дейін сақталатындай дәрежеде өтті. Күллі қазақ даласына дақпырты жеткен ұлы тойдан ұлағатты із қалары сөзсіз. Тойға келген көпшіліктің көңіл кеудесінде Бердібек Соқпақбаевтың есімі келешек ұрпақтың санасында да жаңғырады деген сенім қалды. 

«ХАНТӘҢІРІ»

Жаңалықтар