14.2 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиАуыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңінің аяқталуына санаулы күн қалды

Ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңінің аяқталуына санаулы күн қалды

Ауыл шаруашылық саласы – еліміздегі экономикалық дамудың маңызды тірегі. Аграрлық саясаттың дамуы нақты әрі дәйекті статистикалық мәліметтерге негізделеді. Осы мақсатта 1 тамыздан бастап елімізде, оның ішінде біздің Алматы облысында Ұлттық ауыл шаруашылық санағы жүргізілуде. Санақ екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – 1-31 тамыз аралығында онлайн форматта sanaq.gov.kz сайты арқылы, екінші кезең – онлайн өтпеген жеке қосалқы шаруашылықтары бар үй шаруашылықтарына интервьюерлердің сауалнамамен баруы. Облыс бойынша санақтың онлайн кезеңінен 30 777 ауыл шаруашылық құрылымдарын өткізу жоспарда тұр. Оның ішінде 1 814-і – заңды тұлғалар, ал қалған 28 963-і – шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер. Бүгінгі күнге жоспарлы меженің 80,3 пайызы орындалды. Облыс бойынша көш бастап келе жатқан аудандар: Ұйғыр ауданы-91,1%, Балқаш ауданы-89,3%, Кеген ауданы-87,9%, ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласына жақын орналасқан Талғар ауданында – 53,9%. Алда келе жатқан аудандар арасында тіпті санақтың онлайн кезеңіне берілген жүктеменің 100% аяқтаған ауыл округтері де бар. Атап айтсақ Ұйғыр ауданындағы – Ақтам, Қалжат, Қырғызсай, Балқаш ауданындағы – Береке, Құйған, Ақдала, Кеген ауданындағы – Саты ауыл округтерінде ауыл шаруашылығы санағы 100% аяқталды. Санақтың сапалы әрі уақытылы өтуі әр ауданның, оның ішінде сол жерде тұратын халықтың белсенділігіне тікелей байланысты. 31 тамызға дейін әлі де 6057 ауыл шаруашылық құрылымдарын санақтан өткізу мақсаты тұрғанын ескере отырып, барлық агросаладағы отындастарымызды санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Онлайн санақтан өту үшін sanaq.gov.kz сайтына тіркеліп, сауалнамадан өту жеткілікті. Санақ парақшаларын толтыру бойынша сайтта барлық керекті бейненұсқаулықтар мен «Sanaq мырза» чат-боты қарастырылған. Сонымен қатар онлайн кезеңнен өту бойынша барлық ауыл округтереріндегі әкімдіктер мен аудандық статистика басқармаларында жалпы саны 151 өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары қарастырылған. Бұл жерде қажетті барлық техника мен арнайы даярланған мамандар санақ парақшаларын толтыруға көмектеседі. Сауалнамада берілген барлық ақпарат құпия сақталады және тек статистикалық мақсатта жиынтық түрде пайдаланылады. Тамыздың 31-ші жұлдызына дейін 1446 колл орталығы тәулік бойы жұмыс атқарады және респондент тарапынан туындаған барлық сұрақтарға уақытылы жауап береді.Санақтың нәтижесі Еліміздегі әр өңіріндегі агросаясатты дұрыс жоспарлауға орасан септігін тигізбек. Сол себепті агросаланың дамуы бүгінгі таңда өткізіліп жатқан ауыл шаруашылық санағынан бастау алмақ. Ол үшін әр Қазақстандық осынау үлкен науқанға барынша атсалысуы тиіс.Ауыл шаруашылығы – ел дәулеті! Санаққа қатыс, үлес қос!

Жаңалықтар