24.2 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҚАРАСАЗДА ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ҚАРАСАЗДА ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Жылдағы дәстүр бойынша ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері қасиетті Қарасаз ауылында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында Республикалық «Мұқағали оқулары» байқауы өтті. Шараны Алматы облысының білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп жоғары деңгейде ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты жас ұрпақты поэзияға баулу, шығармашылығын шыңдау және Мұқағали мұрасын ұлықтау. Биылғы жылғы байқауға мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен іріктеліп келген сен тұр мен атайын деген 60-тан астам оқушы қатысты. Қатысушылар ақынның кем дегенде 100 өлеңін жатқа біледі. Сонымен қатар, ақынның поэмаларын да мүдірмей оқиды. Жыр дүлділінің өмірі мен шығармашылығынан да хабардар.

Аталған Мұқағали оқулары үш бағыт бойынша өткізілді.

1. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» – қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқиды.

2. «Жыр эстафетасы» – поэмалардан үзінділерді мәнерлеп жеткізеді.

3. «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» – жас ақындар өз авторлық өлеңдерін ұсынады.

Ақиық ақынның поэзиясымен сырласуды жөн көрген сайысқа қатысушы оқушылар да ақындықтан құралақан емес. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай қара өлеңнің құдіретін біліп тамашасын танитын оқушылардың саны жыл санап артып келеді.

Мұқағали Мақатаев атындағы мемориалды мұражаймен қатар орналасқан Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінде өткен қара өлеңнің байқауы тартысқа толы. Поэзия десе, Мұқағали десе ішкен асын жерге қоятын Қарасаз ауылының тұрғындары да көрермендер залынан табылды. Жүректері дірілдеп Мұқағалидың ауылы деп қара өлеңнің ошағы деп мысы басылып келген оқушыларға демеу білдіріп, қошемет көрсетті.

Сайыста әділқазылар алқасы үш бағыт бойынша үздіктерді анықтап, әр номинация бойынша 7 жеңімпазды анықтауы керек болды. Қатысушылардың бірінен-бірі өтіп тұрғандары да болады. Тіпті кейбірі бүйірі қамшы салдыртпайды. Мұндай сәтте кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау оңайға соқпасы анық. Жоғарыда аталған үш бағыт бойынша қатысушылар барын салып өнерлерін көрсетті. Мүйізі қарағайдай тұлғалардың алдына шыққанда сасқалақтап біліп тұрған нәрсесін жеткізе алмай қалатын балалар да болады. Жалпы айтқанда, қатысушылардың жан-жақты дарындары зерттеліп, зерделеніп әділқазы алқалары өз шешімдерін хабарлады.

Байқау өз мәресіне жеткен кезде қатысушылар мен байқаудың жеңімпаздары марапатталып, естелік суретке түсті. Шараның құрметті қонақтары өз тілектерін айта отырып байқаудың жүлдесін алған оқушыларды арнайы марапаттады. Жүлделі орыннан көрінген оқушыларға ақшалай сый-сияпаттар жасалды. Сондай-ақ, аудан әкімінің арнайы жүлдесі табысталды.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Жаңалықтар