
«Өткен өмірдің өшпес іздері болады» деп бұрынғы көне көздер мен қазіргі алдыңғы буындағы аталар мен апалар тегін айтпаса керек. Расында да бұл жарық дүниеден жарқ етіп өте шыққан жайсаңдардың артында қалған өмірінен алдыңа көлденең тартар айғақтар жетіп артылады. Біз тілімізге тиек еткелі отырған, кешегі қан майдан мен бертінгі бейбіт өмірдің бел ортасында болып, 85 жасында өмірден өткен, соғыс және еңбек ардагері Қуандық Асауов.
Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ауқымындағы кезеңдер еді. Онда Нарынқол ауылындағы, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы сегіз жылдық мектептің оқушысымыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайынғы Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында мектепте дүркіреген іс-шаралар өтіп жататын. Оқушылар сонда Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен болатын кездесуге ерекше мән беретін. Бір күні сынып жетекшіміз Рая Иманбекова сабақтың соңына таман:
— Оқушылар, сендерге алдын-ала ескертіп қояйын деп тұрмын. Ертең сабақтан кейін мектептің акт залында Ұлы Отан соғысының ардагері Қуандық Асауов аталарыңмен кездесу болады. Ол кісі сендерге сабақ беріп жүрген Кеңескүл Қуандықова тәтелеріңнің әкесі. Сол салтанатқа қалмай қатынасасыңдар, — деп бізге мән-жайды тәптіштеп тұрып айтып берді.
Сынып жетекшіміз кластан шығып кеткеннен кейін менің қасымда отыратын Кәдіржан Адамзатов оқушылардың бәрінің назарын өзіне аудартып:
— Қуандық атаны мен жақсы білемін. Біздің үйге жақын жолдың үстінде тұрады. Омырауында ордендері мен медальдары көп. Біздің үйге жиі келіп, атаммен әңгімелесіп кетеді. Талай әңгімесін тыңдадым да. Өте жақсы адам, — деп ол кісі туралы біраз әңгіменің тиегін ағытып тастады. Сол сәтте парталасымыз Тоғанбай Станбеков те қарап тұрмай:
— Ой, Қуандық атаны мен де жақсы білемін. Астында атырылып тұрған арғымақ ақ боз аты бар. Атының екі бауырындағы қоржындары қомпиып, газет-журналдарға толып жүреді. Біздің таудағы, қойдағы үйге екі күннің бірінде газет-журналдар әкеліп, одан арғы малшыларға кетеді, — деп біз білмейтін жәйден да хабардар етіп жіберді. Бұдан кейін де атамызды біраз балалар білетін болып шықты.
Мерекелік кездесу салтанаты басталып та кетті. Мектебіміздің директоры Шоғанбай Мұсаев та Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Сахна төрінде ол кісі майдангер замандасы Қуандық Асауовпен өтетін жиналысты ашық деп жариялап, ол туралы біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Бұдан кейін мектептің бірнеше мұғалімдері сөйлеп, ол кісі жайлы құлақтың құрышын қандырар жақсы әңгімелер айтты.
Әсіресе, олар өздерімен бірге ұстаздық қызметте жүрген Кеңескүл сияқты үлгілі, инабатты да ибалы ұстазды тәрбиелеген Қуандық ақсақалдың әкелік қасиетін айырықша атап айтты. Сол кезде біздің ұстазымыз, Кеңескүл тәтеміз «Қазақ ССР-інің халық ағарту ісінің озық қызметкері», алты баласы бар ардақты ана екен. Бұл жағын мектеп оқушылары сонда естідік. Одан соң сөз кезегі қадірлі қонағымызға тиді.
Қуандық атамыздың сондай сабырлы да салмақты адам екені әу бастан-ақ байқалып тұрды. Сахна төрінде отырғанда оның жан-жағына байыппен бағдарлай көз тастап, ойлы көзқараспен отырғанынан-ақ ол кісінің парасат пайымын анық аңғарған едік. Айтар сөзі де адам назарын аудармай қоймайды. Кезінде нар тұлғалы, палуан денелі қайратты жігіт болғаны оның осы тұрпатынан-ақ айқын сезіліп тұрды. Үлкендерге тән байсалдылықпен сөйлер сөзін бабына келтіріп, өзіндік мақамымен бастауы еріксізден баурап әкетті. Сонда оқушылар терең ой құшағында қалды. Үлкен әсерге бөленді. Қуандық атамыздың артында қалған өмірі айтуға оңай болғанмен, түсінген адамға арғы жағында ауыр салмақ жатты.. Енді өзі айтқан сол бір бастан кешкен тағдырының тарауларын сабақтап көрейік.
Басты кейіпкеріміз болып отырған Қуандық Асауовтың өмір жолы тар жол, тайғақ кешулерден тұратынына көз жеткіздік. Ол 1907 жылы Ұйғыр ауданының, Шарын ауылында дүниеге келіпті. Анық-қанығына жеткізіп айтар болсақ, белі бекімей жатып бейнетпен алысып өскен. Балалық шақтың қызығына да кенелмеген. Оған оның таяныш таппаған тағдыры кедергі келтірген. Жазмыштың жазуы солай болған шығар. Тоғыз жасында әкесінен айырылып қалған. Бұл қайғының қара бұлты сейілмей жатып, 12 жасында жазмыш анасын да жалмап кеткен. Сөйтіп, ол ата-ананың мейірім шуағынан ерте айырылып, қиындықтың қыспағында қалған.
Алайда, «жалғыздың жары құдай» демекші, Қуандықты жетімдіктің құлашы ұзын құрығынан әкесінің бірге туған інісі Бекберді құтқарып қалады. Оның оған өзінің бауырмалдық бүйрегі бұрып, шынайы жанашырлығымен қолының ұшын береді. Бары мен жанын салып тәрбиелейді. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» оған қалқан бола біледі. Соның арқасында көштен қалмай, аштан өлмей, алдыңғы қатарлы азаматтардың қатарына қосылады. 1928-1930 жылдары Сартоғай ауылдық советінің төрағасы болған. Сол сияқты осы жерден колхоз құрылғанда, оның төрағасы етіп Қуандық Асауовты сайлаған. Осының қалай болғанының жайын тағы бір талғам таразысынан өткізіп көрейік.
Өмір өріне ұмтылған ол 1922-1925 жылдары сол туған ауылы Сартайда, Қарағаш мектебінде 4-ші сыныпты арабша бітіріп шығады. Өмірде кездесіп жатқан өзгеріске ешкім де тосқауыл бола алмайды ғой. 1932 жылы «басқа түскен баспақшыл» дегендей, Нарынқол жаққа қоныс аударады. Өз кеудесін өзі сүйреп жүреді. 1937 жылы Еңбекшіқазақ ауданынан жетіжылдық мектепті аяқтап шығуға қол жеткізеді. Мұндай деңгейде білім алуының пайдасы оған көп тиеді. Алдынан даңғыл жол ашылады.
Сол білімін жетілдіріп алуының арқасында Нарынқол ауылдық Советінің төрағасы қызметін атқарады. Қоғамдық өмірге кеңінен араласа түскен сайын көзі ашылып, көкірегі де ояна түседі. Арада көп уақыт өтпей Нарынқолмен іргелес жатқан Каганович колхозының төрағасы болып 1933-1935 жылдары еңбек етеді. Сондай-ақ, 1938 жылы Нарынқол орта мектебінің директоры болып сайланады. Мұның өзі Қуандықтың жас ұрпақтың, кемелді келешек иелерінің алдындағы міндеті мен сенімін, жауапкершілігі мен адалдығын одан әрі арттыра түседі. Ол осы мақсатты мүдде жолында тындырымдылық пен тиянақтылықтың үлгісі мен өнегесін көрсетеді. Оның осы қадамына халық та қанағаттанып, риза болып жүрген еді.
Сол бір жылдары халық арасында «пәле қайдан, жала қайдан?» деген сұрапылдың оты лаулап тұрған кезі болатын. Ондай қуғын-сүргіннен (репрессиядан) зиялы қауым өкілдері ғана емес, қатардағы қарапайым адамдар да шет қалмайтын. Мектеп директоры болып жүргенде Қуандық Асауов та НКВД-ның арнайы нұсқауымен әрі бұйрығымен соның құрығына ілінеді. Сол жалған жабылған жала мен жақтым күйе оны әбден сарсаңға салып, әптер-тәптерін шығарады. Екі жыл қолдан келер шарасы жоқ, бостан-босқа сұрақтан-сұраққа алынып, түрмеде отырады. Ақыры «аққа қара жұқпайды» деген рас екен. 1940 жылы ешқандай кінәсі болмағандықтан босап шығады.
Елімізде екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол 37 жаста екен. Осынау аласапыран шақта ер азаматтар Отан қорғауға шеттерінен аттанып жатты. Ол да қарап қалмады. Көппен бірге қолына қару алып, майданның алғы шебінен көрінуге бекем бел буды. Оның құжаттарындағы деректер мен дәйектерге сүйеніп айтар болсақ, 1942 жылдың 8 сәуірінде Кеген аудандық әскери комиссариатынан №405 команда бойынша әскер қатарына алынады. Майдан шебіндегі алғашқы айқасы Сталинград қаласын қорғау үшін №120 атқыштар полкында атқыш болып басталады.
Соғыстың аты соғыс. Шеті мен шегі көрінбейтін қаладағы алуан түрлі қару-жарақтардың дүмпулері адам айтқысыз. Жер мен көктің астаң-кестеңін шығарып, қаптаған қара тұманға айналдырып жіберген. Қуандық та жауды нысанаға алудан аянып қалған жоқ. Жаңбырдай жауған оқтардың, снарядтардың тасқыны оның полктастарының талайын жер жастандырып кетті. Осы жағы оның қанын қайнатып жіберді. Ол да қаруластары сияқты «қанға қан, жанға жан» деген ұранмен толассыз оқ жаудырады. Қуандықтың майдан шебіндегі ұрыстардың ішінен Мамаев қорғанын азат ету жолындағы қанды шайқас ерекше есінде қалды. 1942 жылдың аяғына таман өзі де оқтан сау қалмады. Атқыласқан ауыр шайқастың салдарынан оң қолынан жанға батар жарақат алып, Горький қаласындағы госпиталға түседі. Мұнда 7 айдай ем қабылдайды. Ал, 1943 жылдың сәуір айында НКО-ның №386 ұйғарымымен әскер қатарынан босатылады. Содан елге оралады.
Осы жерде атқыштар полкінің жауынгері Асауовтың айырықша ерліктерін көрсеткенде алған марапаттарын алдымен айтқанымыз дұрыс сияқты. Оның Ұлы Отан соғысының І-ші дәрежелі және ІІ-ші дәрежелі ордендерінің иегері болуы оның ерлікпен күрескенінің нақты дәлелі. Мұндай марапатты алғандар аудан көлемінде өте сирек. Сонымен қатар, Германияны жеңгені үшін, Ерлігі үшін, ұлы Жеңістің мерекелік медалдарын қосатын болсаңыз ол кісінің тұлғасы оданәрі зорая түседі. Бейбіт күннің берекесін арттырудағы сіңірген еңбектері де жоғары бағаланды. Еңбектегі ерлігі үшін және Еңбек ардагері медалдарының өзі оның қандай адам болғанын асқақтата паш етіп тұр. Екінші топтағы мүгедектігімен дербес зейнеткер болған атамыздың абыройы тым биікте қалды. Оның 61 жыл коммунист болып өткен өмірінің өзі бір ғажап емес пе?! Ол кісіні арманы жоқ адам деп айтсақ та жақсы жарасымын тауып тұр.
Жарақаты жазылып, беті бері қарай бастағаннан кейін ауданға қайтып, 1943-1946 жылдары Ақбейіт колхозында төраға болып қызмет атқарады. Бұрын істеп көрмеген осы жұмысқа келердің алдында тиісті оқу орындардан қысқа мерзімді курстардан өтеді. Атап айтқанда, колхоз, совхоз басшылығына қажетті ветеринарлық, зоотехникалық, аграномдық, бухгалтериялық, тағы басқадай қатысы бар жұмыстардың бүге-шігесіне дейін қалдырмай қаныға біліп алады. Осы салалар бойынша алынған сынақтардан да жоғары баға алады. Оны 1946-1947 жылдары Энгельс атындағы колхозға төрағалыққа жібереді. Шаруашылық басқарудағы тәлімді тәжірибесінің молдығынан болар, Қуандық Асауов бұдан кейін 1948 жылы Еңбекші колхозын да басқарады. Мұның бәрі де оның кәнігі бесаспаптай маманданып алғандығының ықпалы еді.
Оның шаруашылық жұмыстарына әбден төселіп алғандығы, оған қоса бұл саланы иін қандырып еркін меңгерген білгірлігі мен іскерлігі оны жерге қаратып көрген емес. Сондықтан болар аудан көлеміндегі іргелі шаруашылық саналатын Киров атындағы колхозды да Қуандық басқарып, басқа колхоздардай шаруашылығын шалқытып, берекесін арттырып тастады. Жоғары жақтағылардың артқан сенімін ақтап, ауданның мәртебесі мен абыройын асыра көтерді. Бұл оның жұмыс атаулыға жеңіл-желпі, немқұрайлы қарай алмайтындығын, бәрінен де ар мен ұятты жоғары қоятындығын көрсетсе керек. Сондықтан да оның елінің алдындағы еңсесі де биік болды. Оны сол жылдардағы атқарған адал еңбегінің шегі жоқ өлшемін ақпарат көздерінен анық көруге болады.
Қашан болсын халықтың қамын ойлаған азаматтың қол қусырып қарап отырған жері жоқ. 1955-1963 жылдары ауданның мал дайындау мекемесінде жұмыс істейді. Бұл жұмыстың қыры мен сыры да оған бес саусағындай белгілі. Оны да ол өз мәнінде жүргізіп, абырой арқалаумен болды. Бұдан кейінгі жерде зейнеткерлікке шықса да Октябрьдің 40 жылдығы атындағы совхоздағы жұмыстарға белсене араласты. Оның жұмыс таңдау дегенді суқаны сүймеді. Шаруашылық басшылары қандай жұмыс тапсырса да талғамай істей берді. Қайта сан-салалы еңбек көрігі қызып жатқан жерлерде жастар жағына бас-көз болып, оларға ағалық ақыл-кеңесін айтып отырды. Жалпақ жұртшылық Қуандық Асауовты көш бастаушымыз, ақылгөй ақсақалымыз, қажуды білмейтін қариямыз деп қадірледі.
Ардақты ардагердің отбасылық жағдайына да сәл шегініс жасап кеткен артық бола қоймас. Бұл жағын білгісі келетін оқырман да жоқ емес. Ең алғашында өзінің жүрек қалауымен Нұрғайша Нүсіпқызын өмірлік қосағы етіп алған. Бұл ақ жаулықты қосағы тегін адам болмаған. Нарынқол ауылындағы алғаш трактор айдаған қыз-келіншектердің сапында болған. Нұрғайшадан екі қызды болған. Тағдырдың жазуына не дерсің. Нұрғайшадан ағамыз ерте айырылып қалады. Содан «құдай жалғыздықтан сақтай көр» деп Мәсімқан Игісіноваға үйленеді. Ол кісі балалар бақшасында тәрбиеші болып істейтін. Екеуі өмірлерінің соңына дейін Нарынқолдан тұрақ тауып тұрды. Қуандық атамыз қарттығына қарамастан астындағы ақ боз атымен ауылдың айналасындағы, сырттағы малшылар қауымына қос қоржынын газет-журналдарға толтырып алып тарататын. Сонда Мәсімқан кемпірі оның әр күнгі ертеңгілік сайын ақ боз атын ерттеп беріп, жолға шығарып салатын. Сол кезде оны «ақ боз ат мінген ардагер», «ақ боз ат мінген хат тасушы» деп ауылдастары атап кеткен еді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас сөз екен. Ол соғыстан кейінгі бейбіт күнде де азаматтық арына шаң жуытпады.
Әңгімеміздің басында ұлағатты ұстаздық жолдағы үлкен қызы Кеңескүл Қуандықова жайлы аздап сыр ағытып едік. Ол сүйікті жары Әбітай Сүттібаев екеуі өмірден ертерек өтіп кетті. Бірақ арттарында қалған 3 қыз, 3 ұлдары ол екеуінің заңды жалғасы болып қуантты. Осы балалары бүгінгі күні жоғары білімді ұстаздар, инжинерлер, энергетиктер болып жемісті еңбек етіп жүр. Шеттерінен бала-шағалы. Ал, Гүлназат Сүттібаева болса нағашы атасы Қуандық Асауовтың нағыз жоқтаушысы болып жүр. Атасының артында қалған төл құжаттарының деректері мен дәйектерін ұқыптылықпен жинақтап, баспасөзде жарыққа шығарып келеді. Атамыздың кіші қызы Сараның мамандығы есепші. Ол төрт ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Талғар қаласындағы қолөнерінің бетке ұстар беделді шебері саналады. Ол да Қуандық әкесін емірене еске алып тұрады. Әкесін мақтан тұтады.
Қадірлі оқырман! Мына топтасып тұрған ардагерлердің осы суретке қай уақытта түскені әзірше белгісіз болып отыр. Осындағы 22 соғыс ардагерінің арасында 6 еңбек ардагері де бар. Біздің болжамымыз бойынша Ұлы Жеңістің 40 жылдығы немесе 50 жылдығында түскен сияқты. Бүгінгі күні бұлардың бәрі де жоқ. Біз осы адамдардың аты-жөндерінің анық-қанығына жеттік деп ойлаймыз. Қате кетіп қалуы да мүмкін. Газетті оқығаннан кейін ескертпе жасайтындар да болып қалар. Біз ондай ескертпені түзетеміз. Осы суретте біздің кейіпкеріміз Қуандық Асауов та бар. Сонымен суреттің бірінші қатарынан (солға қарай): 1. Иманбек Өскенбаев. 2. Алмабек Бекетаев. 3. Байбала Тағыбеков. 4. Рамазан Бұғыбаев. 5. Төкен Келекеев. 6. Нәби Бүйенбаев. 7. Аты-жөні белгісіз. 8. Нүсіпбек Бөлекбаев. Екінші қатардан (оңнан солға қарай): 1. Әлғожа Тәкебаев, 2. Дегенбай фамилиясы белгісіз. 3. Жүнісбек Жарылқапов. 4. Әлікен Мышбаев. 5. Күмісбек Тастанбаев. 6. Қуандық Асауов. Үшінші қатардан (солдан оңға қарай) 1. Сейдін Сатаев. 2. Мұхамәди Шойбеков. 3. Саттар Жұмағұлов. 4. Құрманжан Жолдасов. 5. Құдайберген Өтебаев. 6. Нұрлыбек Сәркеев. 7. Сартымбет Алмабаев. 8. Әбдіқожа Оспанбеков.
Осы жерде мына бір жайды еске сала кетпесе болмайды. 1995 жылы 21 қаңтарда Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында аудандық «Хантәңірі» газетінің қос бетіне әріптесім Дүйсен Досымбаев екеуміз «Майдангерлер, ерлік еңбек еткендер – жеңісті жеделдеткендер!» деген айдармен газеттің айқара бетттерін арнап шығарып едік. Сонда ардагер Алмабек Байтуовтың «Тілек. Пікір. Ұсыныс» атты айдармен «Есімі есте қалса екен?» деген тақырыпта Қуандық Асауов жайлы материалы жарияланған еді. Онда ол кісінің соғыстағы және бейбіт күндегі ерліктері мен жемісті жетістіктері баяндалады. Түйіндеп келе ол кісінің қайтыс болып кеткеніне 3 жыл болып отырғандығы, сондықтан да Қуандық Асауовты мәңгілік есте қалдыру мақсатында ауылдың бір көшесінің атын беруді көптің атынан ортаға салып еді. Міне, содан бері 30 жыл да өте шығыпты. Бірақ, бұл жағынан тиісті орындар тарапынан ешқандай да қозғалыс бола қойған жоқ. Әрине, ол кездегі аудандағы аласапыран жағдайды да түсінуге болады. Ауданның таратылып, елдің ес таппай жатқанын да білеміз. Бұл мәселенің себептері солай болды. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» демей ме? Әлі де кеш емес. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыс және еңбек ардагері Қуандық Асауовқа ауылдан бір көшенің аты берілсе, ол кісінің әруағы мен рухы аунап түсіп, жақсылық жасағандарға сауабы тимей ме. Осы жағын ойдан шығармайықшы, ағайын!…
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Райымбек ауданы және Алматы облысының
Құрметті азаматы, Қазақ Журналистикасының
Қайраткері, ҚР Мәлениет саласының үздігі