Соғыс жылдары қаншама отбасы ер-азаматынан қол үзді, қаншама бала әке мейірімінен айырылып, көңілдеріне айықпас қаяу түсті. Отбасы мен қалыпты тіршілігінен қол үзіп ойланбастан, елге, жерге деген сүйіспеншілік күшімен қан майданға аттанған боздақтардың ішінде, менің әкем — Уалибаев Қайық та Отан үшін от кешті.
Уалибаев Қайық 1924 жылы Нарынқол ауылында дүниеге келген. Балғын балалық шағы Қостөбе ауылында өтті. Қарпайым тіршілік кешіп жүрген қамсыз күндердің бірінде, соғыс басталғандығы туралы хабар келіп, 1941 жылы бар болғаны 17 жасында өз еркімен соғыс даласына аттанып, Украина майданында барлау әскері қатарында болды. Соғыс жылдары атамыз неміс офицерін тұтқынға алып келе жатқан уақытында, снаряд жарылып, сәтсіз оқиға орын алып, атамыз соған қарамастан, неміс тұтқынын штабқа жеткізіп, әскери міндетін жарақатына қарамастан абыроймен орындады. Екінші жарақатын барлау кезінде алды. Бұл кезде жақ тұсынан оқ тиген. Дегенмен, қасындағы жолдастарының арқасында дереу әскери ауруханаға жеткізіліп, жаны тағы бір мәрте аман қалған. 1947 жылы туған ауылына оралды. Соғыс атты қан майдан аяқталды. Отан алдындағы парызы абыроймен өтелген әкем ары қарай тіршілік жасау қамына кірісті, қиын күндер өткен күннің еншісінде деп, Нарынқолда колхозда мал фермасының меңгерушісі, бұрыңғы 40 жылдық аталған мектепте біршама жыл шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарды. Су шаруашылығы саласында шаруашылық меңгерушісі болып бірнеше жыл еңбек етті. Дегенмен, сұм соғыстың зардабы әкемнің өмірінде мәңгілік таңбасын қалдырды. Алған жарақаттарына байланысты 2 топ мүгедектігіне байланысты арнайы жәрдемақы тағайындалды.
Анамыз Сүттібаева Жаңылхан соғыстың зардабын майданнан тыс шеккен тыл ардагері. Отбасында екі қызбыз, екеуміз де осы Нарынқол ауылында тұрақтап, отбасын құрып, туған жерде тіршілік кешудеміз.
Сондай-ақ, Дігәрбек Көзімбеков, Мұқат Көмекбаев, Күмісбек Тастанбаев, Молдрах Жұмабаев, Шоғанбай Мұсаев, Асауов Қуандық есімді ардагерлер әкеммен бірге майданда Отан қорғап, есімдері ел есінде қалды.
Осылайша, саналы ғұмырын түгелдей туған ел мен туған жердың жарқын болашағына арнаған әкем 1984 жылы 12 маусымда дүниеден өтті. Көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлік», «Қызыл ту» ордендерімен және тағы басқа көптеген медальдармен марапатталды. Әкемнің Ұлы Отан соғысына қатысып, көрсеткен ерлігі — менің өмірлік мақтанышым!
УАЛИБАЕВА Сабира,
Нарынқол ауылы