Қаратоған ауылында ауыл азаматтарының демеушілігімен зама-науи спорт алаңының салтанатты ашылуы өтті. Бұл игі іс-шара ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына бағытталған маңыз-ды қадамдардың бірі.
Ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары, жастар мен ардагерлер, сондай-ақ демеуші азаматтар қатысты. Шара барысында сөз алған ауыл ақсақалдары Қаптағаев Айыпжан, Бесіров Бауыржан, аналарымыз Әуезбекова Қатипа, Мошанова Кәдірхан демеушілік танытқан азаматтарға алғыс айтып, жаңа спорт алаңының ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
«Қаратоған қырандары» қорының қаржысына жауапты Мәмесейітов Азамат Әбілұлы атқарылған жұмыстар туралы өз есебін беріп, жиналған қаражаттың мақсатты және ашық түрде жұмсалғанын атап өтті. Спорт алаңының барлық құрылыс жұмыстарын басынан аяғына дейін ұйымдастырып, жүргізген Ақылов Талғат Жұмақанұлына елдің атынан зор алғысын білдірді.
Бұл игілікті істің ерекше тұсы, ауыл азаматтарының 1963 жылғы ағаларымыздан 2002 жылғы бауырларымызға дейін әр жылғы ауыл азаматтары ай сайын мың теңгеден жинап, сол қаржыға ауыл жастарына арналған спорт алаңын үш жыл көлемінде өз күштерімен тұрғызуы.
Спорт алаңының жалпы құны жиырма үш миллион теңгені құрады.
Азаматтармен қатар ауылдан шалғайда жүрген әкпе-қарындастарымызда ауыл үшін өз көмектерін аямады. Атап айтсақ Смадилова Гүлнәз, Досымбекова Эльмира ханымдарға айтар алғысымыз шексіз.
Мұндай бірлік пен ұйымшылдық-туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген жанашырлықтың айқын көрінісі.
Жаңа спорт алаңы барлық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кіші футбол, волейбол және өзге де спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Көрермендер Шара соңында ауыл жастары арасында кіші футболдан жарыс ұйымдастырылып, үздік командалар марапатталды. Жарыстың қаржылай жүлдесі мен кубок медальдарына ауылдың 1983 жылғы азаматтары өз аттарынан демеушілік жасады.
Қаратоғандықтардың бірлескен еңбегімен салынған бұл спорт алаңы- ауыл өмірін жандандырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған тамаша үлгі. Ауыл азаматтарының бірлігі мен ынтымағының арқа-сында бой көтерген спорт алаңы Қаратоған жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақта көптеген жарыстардың өткізілуіне себеп болары сөзсіз.
Біздің күшіміз — бірлікте!
АҚЫЛОВ Талғат Жұмақанұлы,
аудандық маслихат депутаты,
аудан бойынша мансап орталығының директоры


