Жуырда, қазақ күресінен қоғам және мемлекет қайраткері, Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған Қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында Райымбек ауданының ашық турнирі өтті.
Ашық турнир Сарыжаз ауылында Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы орта мектепте өтті. Жарысқа Алматы қаласынан, Іле, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарынан, сондай-ақ ауданымыздың Көмірші, Текес, Сарыжаз, Нарынқол, Сарыбастау, Тегістік, Қайнар ауылдарынан жалпы саны 200-ге жуық жасөспірімдер қатысты. Жарыс талабына сәйкес, 2009-2011 жылғы қыз балалар мен 2011-2014 жылғы кіші жасөспірім ұл балалар қатысты. Сайысқа төрешілік ету ауданның Қазақ күресі бөлімі мен төрешілер алқасына жүктелді. Жарыс 25 түрлі салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды. Турнир қорытындысы бойынша, жүлдегерлер «Райымбек ауданының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы» КММ-нің дипломдары және медальдарымен, сонымен қатар, «Saryjaz-Qareket» қоғамдық бірлестігінің қаржылай сый-сияпаттарымен марапатталды.
Жас ұрпақты ел мен жерді сүюге, елім деген өр тұлғалы азаматтар өмірін үлгі етіп, салауатты өмір салтын сақтауға тәрбиелеу үшін аталмыш сипаттағы жарыстарды жиі өткізудің пайдасы ұшан-теңіз. Жарысты жүлдемен аяқтаған жасөспірімдерді жемісті жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз.
Жанерке АЙДОСҚЫЗЫ,
Сарыжаз ауылы