Газетіміздің өткен санында Талас ауылында бой көтерген жаңа ескерткіштің құрылыс барысын баяндаған едік. Аталмыш ескерткіштің құрылыс жұмыстары өз мәресіне жетіп, 9 мамыр күні — Ұлы Жеңіс күні арнайы ашылу салтанаты болып өтті.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ескерткіш тақтасы, бұл — ерлікке тағзым, өткенге құрмет, болашаққа аманат. Ардагерлер ұрпақтарының ұйымдасуымен жаңартылып, қайта бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлы, аудандық мәслихат төрағасы Мүсірбаев Самат Сартаубайұлы, «АMANAT» париясының Райымбек аудандық филиалының төрағасы Арипова Гүлнара Рауанқызы мен тыл ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Ескерткіш тақтасының салтанатты лента қию рәсіміне Жанарбек Жантөреұлы, Самат Сартаубайұлы мен ауыл ақсақалдары қатысып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, батырлар әруағына тағзым жасады. Сондай-ақ, ескерткіштің құрылыс жұмыстарына ерекше атсалысқан ұйымдастырушыларға аудан әкімінің арнайы алғыс хаттары табыс етілді. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әкімбайұлы Нұрлан атамыз да сөз кезегін алып, болашақ ұрпаққа өнегелі өсиетін жолдады. Егемендік үшін от кешіп, қан майданда жаумен алысқандарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, батырлар рухына құрмет көрсетілді. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, келушілер тарихтың терең қойнауына бойлап, сол суық күндердің тарихи естеліктеріне шолу жасады.
Ақерке БИЖАН,
Талас ауылы