Биыл Еркін Ібітановтың туғанына 90 жыл! Тәңіртау тұрғындары ардақты ақынын ұлықтап, 90 жылдықты ақын абыройына лайықты тойлауды мақсат етіп, түрлі іс-шараларды бастап та кетті.
Жамбыл ауылдық мәдениет үйінде алғаш рет Еркін Ібітанов оқулары байқауы өтті. 50-ге жуық оқушы қатысқан байқаудың негізгі мақсаты- оқушылар арасында, жас ұрпақ арасында Еркін Ібітанов шығармашылығын ұлықтап, ақынның төл туындыларымен таныстыру. Игі шараны ұйымдастырушылар-аудандық мәдениет бөлімі. Сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлы құттықтау сөзін сөйлеп, жарысқа қатысушы оқушыларға сәттілік тілеп, мұндай сипаттағы байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрудың маңыздылығы мен қажеттілігін ерекше атап өтті.
Сайысқа қатысушыларға әділ бағасын беретін қазылар алқасы да бір-бір саланың білікті мамандары, Еркін Ібітанов шығармашылығына ерекше қанық жандар. Атап айтсақ, «Еркін Ібітанов бірлестігінің» жетекшісі, ұстаз Құлбаева Роза, аудандық мәдениет үйінің директоры Байжұма Медет, жыршы, термеші, дәстүрлі әнші Құрметжанұлы Ербақ мырза.
Үш бағыттан тұратын байқаудың алғашқы бөлімі “Нағыз ақын” бағыты. Бұл бағыт бойынша, оқушылар ақынның кем дегенде 20 өлеңін жатқа біліп, мәнерлеп оқуға тиіс. Екінші бағыт “Жыр эстафетасы” бойынша, сайысқа қатысушылар ақынның поэмаларын оқудан сайысқа түссе, үшінші бағыт “Мен Еркінмін” бағыты бойынша, сайысқа қатысушы оқушылар арнайы көрсетілген тақырыптар бойынша өздері шығарған өлең жолдарын оқитын болады.
Жарыс қорытындысы да үш бағыт бойынша, жеке-жеке анықталды. Сынақтан сүрінбей, топты оза жарып шыққан оқушылар мен олардың жүлделі орындарына назар салсақ, Нағыз ақын бағыты бойынша Бас жүлде -Әбдібек Інжуге бұйырса, 1 орын- Мәлік Айтолқын, 2 орын -Еренсіз Ұланай, 3 орын- Құрманғазы Махамбет, 3 орын — Әбелхан Нұрай есімді оқушылар еншіледі. Жыр Эстафетасы бағыты нәтижесінде 1 орын — Әділқызы Іңкәрдің қанжығасына бұйырса, 2 орын — Қожан Еңлікке бұйырды, 3 орынға — Орнықбай Қарлығаш ие болды. «Мен Еркінмін» бағыты бойынша, Бас жүлде — Абылайхан Ералының олжасы болса, 1 орын — Абай Мерейге бұйырды, 2 орынға — Өмірғали Ақжол лайық деп табылса, 3 орын — Дәметхан Кәусардың қанжығасына байланды.
«ХАНТӘҢІРІ»