Жуырда ауданымызда тағы бір сүйінші жаңалық орын алды. Нарынқол ауылының тумасы, Ораз Жандосов атындағы орта мектептің 8”б” сыныбының оқушысы Оңғарбек Айару Қуанышқызы Иордания елінде өткен Азия чемпионатында ақтық мәреге шығып, күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, күллі аудан жұртын шексіз қуанышқа бөлеп, Тәңіртау өлкесінің абыройын асқақтатып тастады.
Айару Қуанышқызы 2011 жылы 28 маусымда Нарынқол ауылында дүниеге келген. Спортпен 3 жыл көлемінде тұрақты айналысып келеді. Отбасында 6 ағайынды. Жеңімпаз жеткіншектің бабын келістіріп, осынау жеңіске жетелеген бапкерлері Ізбасар Қалқаман мен Қожан Аиданың еңбектерін ерекше атап өткен абзал. Себебі, спортышының әрбір жетістігі-бапкер еңбегі.
Айару Қуанышқызын дүбірлі додадағы жүлделі жеңісімен құттықтаймыз. Бұл спорттағы Ұлы жеңістерінің бастауы болсын демекпіз! Жалынды жеңіспен оралған спортшы қызды ауылдастары ыстық ықыласпен күтіп алып, сый-сияпаттарын жасады.
Ақерке БИЖАН