Кейде адамның жүрегінде жылдар бойы сақталып, уақыт өте келе сөзге, өзінше бір әдеби жауһарға айналатын ойлар болады. Ол ойлар туған жердің топырағынан, әке өнегесінен, елдің шежіресінен, көңілге түйген өмір сабақтарынан нәр алады. Ал сол сезім мен толғаныс қағазға түсіп, кітап болып жарық көрсе, жеке адамның шығармашылық ізденісі елдің рухани қазынасына қосылған үлеске айналады. Осындай тағылымды сәттің куәсі болған Қаратоған ауылында елжанды азамат Азамат Мәмесейтовтің «Көш» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.
Азамат Әбілұлы Қаратоған ауылының тумасы. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Осыған дейін аудандық газет беттерінде әсерлі әңгімелері жаряланып, оқырмандардың көңілінен шығып, халық ықыласына бөленіп келеді. Азамат Әбілұлының алғашқы кітабының жарық көруі – автордың ғана емес, туған жері мен жақындарының, әдебиетке жанашыр барша қауымның қуанышы. Өйткені кітап – адамның өмірден түйгенін кейінгіге жеткізетін, уақыт өткен сайын құнын жоғалтпайтын рухани мұра. Ал «Көш» атауының өзінде ұрпақ сабақтастығы, өмір қозғалысы, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды жолдың мәні жатқандай.
Салтанатты жиында ауыл тұрғындары, ақсақалдар, әдебиетсүйер қауым мен арнайы келген қонақтар бас қосып, автордың шығармашылық қадамына ақ тілектерін арнады.
Азамат ағамызға деген Алғашқы құттықтау сөз ауыл әкімі Берікбаев Жанат Нұрбекұлына беріліп, ол игі бастаманың маңызын атап, авторға ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Ақылов Талғат Жұмақанұлы да құттықтау лебізін жеткізіп, ел ішіндегі осындай рухани шаралардың маңызын айқындай түсті. Мектеп директоры Усенов Жақсылық Бүтінбайұлы да сөз сөйлеп, кітаптың жарық көруіне орай авторға ақжарма тілегін арнады.
Кештің басты кейіпкері Азамат Мәмесейтов кітаптың жазылу тарихы мен мақсаты жөнінде әңгімелеп, шығармашылық жолындағы ой-толғаныстарымен бөлісті. Жазу өнері – шабытпен ғана шектелмейтін, табандылықты, ізденісті, төзімділікті қажет ететін еңбек. Әрбір шығарма автордың ішкі әлемінен бастау алып, оқырман жүрегіне жол тартқанда ғана өз мақсатына жетеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Көш» – қаламгердің алғашқы шығармашылық белесі, алдағы ізденістеріне жол ашатын маңызды қадам.
Азамат ағамыздың қуанышына ортақтасып, ізгі лебізін білдіргендердің қатарында Азамат ағамыздың әпкесі, жазушы Қаншайым Мәмесейіт, ұстаздық жолында өнегесімен танылған Қайырбекова Күләй апайымыз да болып, ақ батасын беріп, ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ Алматы қаласынан арнайы келген достары авторды шығармашылық жетістігімен құттықтап, жаңа кітабының оқырман жүрегінен орын алуына тілектестік білдірді.
Кітаптың жарық көруіне орай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен-Бек Мүсірәліұлы да жүрекжарды лебізін жолдаған. Дүйсен Мағлұмов Азамат ағамыздың өзге мамандықты меңгеріп жүрсе де, жазу өнеріне деген ықыласын жоғалтпай, тұңғыш туындысын өмірге әкелгенін ерекше бағалаған.
«Жазушылық – қиындығы мен қызығы мол ой еңбегі. Ойыңа алғаныңды жазып біткенше мазаңды алып бітетін азапты жұмыс», – деген аға қаламгер шығармашылықтың оңай жол еместігін айта отырып, жас қалам иесінің еңбегіне сүйсініс білдірген.
Дүйсен-Бек Мүсірәліұлы өз лебізінде Азаматтың әулетінде сөз өнеріне деген қабілеттің бұрыннан бар екенін де атап өткен. Әсіресе қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырған жазушы, сыншы, ғалым Тұрлыбек ағамыздың шығармашылық жолын тілге тиек етіп, кейінгі буынның сол өнегелі жолды жалғастыруын жақсылыққа балаған.
«Кітабың оқырман қолында тозсын!» деген ақжарма тілегі де қаламгер еңбегінің бағасын айқындай түседі. Бұл – кітаптың көп оқылып, ел игілігіне жарауын тілеген аға буынның шынайы ықыласы.
Кештің тағы бір әсерлі сәті ақын Биғайша Медеудің Азамат інісіне арнаған жырынан көрініс тапты. Ақын өлеңінде туған ауылдың сөз өнеріне қосқан үлесін, атадан балаға жалғасқан дарын мен өнегені жырға қосты.
«Тоғыз бірдей қаламгер шыққан ауыл!» деген жолдар арқылы ол әдебиетке жақын ортаның қадірін танытып, ауылдан шыққан таланттардың ел руханиятына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ақын Азаматтың тегінде бар қуат пен дарынды тілге тиек етіп, қалам ұстаған жас буынға деген қуанышын жеткізді.
Жырдың соңында Биғайша Медеу:
Жырымменен кесейін тұсауыңды,
Даналыққа бет бұрған күнің болсын!
Көп ішінде өзгеше үнің болсын!
Сөз өнері – үкілі үнің болсын! –
деп, інісіне шығармашылық жолының сәтті болуын тіледі.
Салтанатты шара барысында ауылдың қадірлі ақсақалы Есенәлі Әсет ақ батасын беріп, игі бастаманың жалғасын табуына тілектестік білдірді. Қазақтың үлкеннен бата алу дәстүрі осындай сәттерде ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың беріктігін танытады.
Расында, кітап жазу – жеке адамның еңбегі болғанымен, оның жарыққа шығуына отбасының қолдауы, ортаның ықыласы, ұстаздардың өнегесі мен елдің тілегі де әсер етеді. Азамат Мәмесейтовтің «Көш» кітабының тұсаукесері осының айқын көрінісіндей болды. Бірі ақылын айтып, бірі батасын беріп, енді бірі жырымен қолдау білдірген қауымның әрбір тілегі автор үшін үлкен демеу екені сөзсіз.
Туған жер – адамның тамыры, ал сол жердің тарихы мен тағылымын ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Ауылдан түлеп ұшқан азаматтың қалам алып, кітап жазуы ел ішіндегі рухани өмірдің жандануына да өзіндік үлес қосады. Өйткені әрбір кітаптың артында жеке тағдырмен бірге тұтас бір ортаның тынысы, замандастардың болмысы мен ұрпаққа қалдырылған ой жатады.
Азамат Мәмесейтовтің тұңғыш кітабы «Көш» те оқырманын ойға жетелеп, әдеби ізденісінің алғашқы баспалдағына айналсын. Қаламы қарымды болып, шығармашылық сапары сәтті жалғасын тапсын! Кітаптың оқырманы көбейіп, автордың жаңа туындылары жарық көре берсін.
Кітаптың тұсауы кесілді. Ендігі көш – оқырманға қарай бет алған сөз көшi.

