1.2 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратӘЙЕЛДІҢ БАҚЫТЫ - ОНЫҢ ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТЫ

ӘЙЕЛДІҢ БАҚЫТЫ — ОНЫҢ ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТЫ

Әйел заты қандай мықты жаратылыс иесі десеңіздерші, жан дүниесі нәзік болғанымен, ерлерге бергісіз еңбегімен, батылдығымен өмірден ұтқаны көп нәзік жандылар қаншама. “Ердің асылы күшінен білінеді, Әйелдің асылы ісінен білінеді”, демекші, отбасы құрып, үлкен өмірге аяқ басқан соң, әйелдер қауымы өзін түгелдей отбасына, дүниеге әкелген перзенттеріне арнайды. Бақытын отбасымен байланыстырады. Осылайша, отбасының қамымен, ұлқыздарының болашағы үшін еңбек етуден жалықпайтын мейірімді жан Заманбекова  Тұрсынгүл  Нұрәбділдақызы.

Тұрсынгүл Нұрәбділдақызы  Нарынқол ауылының тұрғыны. Дөңгелетіп отырған жеке кәсібі бар. Тұрсынгүл апайымыздың пісірген тәтті тоқаштары мен нан өнімдері де ерекше тәтті болса керек-ті, ауыл тұрғындарының көпшілігінің мақтауын естіп жүрміз.

Тұрсынгүл апайымыз 1970 жылы 3 маусымда Жамбыл ауылында дүниеге келген.  Балалық шағы ата-анасының, бауырларының қасында ерекше тәтті естеліктерге толы, алаңсыз өтті. Қарапайым қазақ ауылының ойын баласы, бүгінгідей ақпарат қолжетімділігі жоқ, ғаламтор жоқ, мүмкіндіктер шектеулі заманда да тым қызықты балалық шақты бастан өткерген. Мейірімділік пен бауырмалдылық сезімдеріне бөленіп, бүгінгі күні өзі де аса мейірімді ана ретінде ұрпақ тәрбиелеп отыр.

1995 жылы 24 жасында ауылдасы Әтейбеков Мұрат мырзаға тұрмысқа шығады. Жұбайы Мұрат сол кезде Текес ауылына, электр станциясында инженер  болып жұмыс жасайтын.  Жұмыс барысымен  Текес ауылында тұрған, кейіннен жұмыс барысымен   Нарынқолға қоныс аударған. Бұл ауылда Мұрат мырза электр станциясының басшысы қызметінде болған. Бақытты отбасылық сәттерге шаттанып,  тіршіліктің қамымен қамсыз күн кешіп жатқанда,  2007 жылы  отағасы Мұрат мырза дүниеден озады. Тағдырдың жазуына көнгеннен басқа шара бар ма, Тұрсынгүл ханым тірі адам ретінде тіршілігін жалғастырып, бала-шағаның қамы үшін тынымсыз еңбек етті.  Перзенттерінің бар қажеттілігін өтеп, 3 баласына  жоғарғы оқу орнын бітіртіп, кенже қызын жоғарғы оқу орнының  соңғы курстарында  оқытып  жатыр. Екі қызын ұядан ұшырып, немере сүйіп отыр.

Тұрсынгүл ханым негізінен тігінші мамандығы бойынша оқу бітірген, аталмыш мамандық бойынша біраз уақыт жұмыс та істеген. Тек тұрмысқа шыққан соң, бала тәрбиесімен бұл кәсіпте уақытша үзіліс жасаған. Демек, Тұрсынгүл ханымның  қолдары тек дәмді тағам пісірумен шектелмей, тігін шеберлігіне де икемді болғаны.

Еңбеққор жанның бүгінгі күнгі кәсібі — дүкені. Бұл дүкенді ерлі-зайыптылар Мұрат мырзаның дүниеден өтерінен бір апта бұрын ғана ашқан екен. Өлшеулі өмірінің қалғанын сезгендей, жары Мұрат дүкенді ашып, барлық шаруаларын реттеп беріпті.

Дүкеннің атауының «Мұрат» аталуы да марқұм отағасының құрметіне еді.  Уақыт шіркінде тоқтау барма, содан бері міне, 18 жыл өткен. Тұрсынгүл ханым дүкенмен қоса, нан, бауырсақ, тәтті тоқаш, күлше нандар секілді өнімдерді пісіруді қолға алған.  Өнімдері көптің көңілінен шығып та жүр, тұтынушылар да аз емес.

Тұрсынгүл ханымның кәсібіне қатысты болашақ жоспарлары да бар. Кәсібін кеңейтіп, нан өнімдерін тек өз дүкенінде ғана емес, өзге де сауда орындарында сатуды мақсат етеді.  Мақсаты биік, ұмтылысы күшті жанның өмірлік ұстанымын сұраған едік, Тұрсынгүл ханым: “Өмірлік ұстанымым – адалдық, еңбексүйгіштік және адамгершілік. Мен қай істе болсын адалдықты бірінші орынға қоямын, себебі шыншылдық пен әділдік адамның абыройын сақтайды, мәртебесін өсіреді. Сонымен қатар, еңбексіз жетістікке жету мүмкін емес деп есептеймін. Өмірде өз орныңды табу үшін үнемі ізденіп, талмай еңбек ету қажет. Ауылда өскендіктен, кішкентайымнан еңбекке араласып, кез келген істі жауапкершілікпен орындауға үйрендім. Адамгершілік – мен үшін ең басты құндылықтардың бірі. Қай кезде де үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, айналаңа жанашыр болу – өмірдің мәні деп білемін. Сондықтан өмірде мейірімді болып, жақсылық жасауға ұмтыламын” деп жауап берді.

Отағасынан мезгілсіз айырылған ана перзенттеріне әке орнына әке болып, қолынан келгенше озық тәрбие беруге ұмтылды. Ұмтылысы нәтижесін берді де. Бүгінде ұл-қыздары оң-солын танып, бағыт-бағдарларын айқындай алатын саналы жандар.

Аяулы ананың Бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымы  – үлгі болу, еңбексүйгіштікке баулу, адамның бойындағы жаман қасиеттерден ада болу, өтірік айтпау, адамның ала жібін аттамау, кешірімді болу сынды ар мәселесі, адамдық мәселелерін бойларына сіңіру, аулақ болу керектігін ұғындыру. Балаларға қандай тәрбие берсең, болашақта соның жемісін көресің деп санайтын ана  «Ата-ана – баланың айнасы“деген тұжырымды қолдайды, демек, балаға  ең алдымен, ата-ана дұрыс үлгі көрсетуі керек. Себебі бала айтқан ақылыңды емес, жасаған ісіңді қайталайды.

Мінекей, біз танитын кәсіпкер Тұрсынгүл Нұрәбділдақызының көркем келбеті, өзіндік үлгісі бар сара жолы осындай. Әр әйел бақытты болуға лайықты,  Тұрсынгүл ханым, өзіңізді келіп жеткен 8 наурыз — халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Сіз — батыр, батыл, еңбекқор,  ең керемет анасыз!

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар