Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «2024 жылғы 15 наурыз: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», -деген болатын. Осы орайда Тұзкөл ауылы Т. Мұсақұлов атындағы орта мектепте Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Оқырманға жол тарту, әдебиетке сапар шегу» керуенінің шығармашылық сапары өтті. Керуеннің басты мақсаты — ауыл оқырмандарына рухани азық беру, кітапқа қызығушылық ояту, жас таланттарды қолдау.
Аталған игі шараға белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, кітапханашылар, БАҚ өкілдері қатысты. Рухани азыққа толы кештің қадірлі қонағы жазушы, ғалым, философия ғылымдарының докторы – Нұрдәулет Ақыш, ақын, әдебиеттанушы – Мұхтархан Қалиұлы, «Кітаптар әлемі» жобасының авторы – Салтанат Әбдіғали, жазушы, драматург – Жақсылық Мұратбек болды.
Шараның басы аудандық кітапхананың «Өңірі – нұрлы, өмірі – сырлы, құт мекен» атты кітап көрмесімен танысудан басталды. Алғашқы құттықтау сөз кезегі Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директорының орынбасары Гуля Абдикероваға берілді. Г. Абдикерова «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық ойлы ұлт болу – кітап оқудан басталады» деп атап өткен еді. Бүгінгі “Әдеби керуен” сапары – осы асыл мұрат жолындағы маңызды қадам. Әдебиет – елдің рухани тірегі, ал қаламгерлер – сол тіректі берік ұстанған тұлғалар.
Бұл кездесу – тек әдебиет туралы әңгіме өрбітетін алаң ғана емес, жас ұрпақтың рухани азық алып, жаңа идеялармен сусындайтын маңызды басқосу. Бүгінгі жүздесу жас оқырмандарға шабыт сыйлап, кітапқа деген құштарлығын арттырады деп сенемін», -деп әдеби керуен сапары туралы айтты.
Мектеп оқушылары ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш қонақтары мен қатысушылар арасында сұрақ-жауапқа кезек беріліп, еркін сұхбат болды.
Еліміздің шалғай жерлерде орналасқан елдімекендерінде өтетін әдебиет керуенінің сапары алдағы уақытта тағы да өз жалғасын табатын болады.
Өз тілшіміз