-10.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпарат“БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫ” ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

“БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫ” ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Қарттық — адам өмірінің биік белесі. Өткенді саралап, болашақты болжайтын шағы. Адам баласының әр жас шағы өзіндік ерекшелігімен өмірдің мәнін ұғындырады. Балалық шақ  — ең керемет шақ, жалынды  жастық шақта өз сара жолыңды қалыптастырып, бойыңда тасыған күш-қайраттың нәтижесінде алдағы өміріңді қамтамасыз етуге мүмкіндік аласың. Жастық шақта тынымсыз еткен еңбегің мен жеткен жетістігің — бүкіл өміріңнің сәтті болуына кепіл. Келесі – қарттық жас. Өкінішке орай, адамдар қарттық шақты — адам өмірінің сұрықсыз кезеңі деген ұғым қалыптастырып алған. Бойында күш-қуаты азайып, денсаулығы кері ылдилайтын кәрілікті де қуанышпен қарсы ала білу керек. Шын мәнінде, өмір адам баласы үшін қай кезеңде де қымбат.

Жуырда,  Райымбек ауданында қазыналы қарттарымыздың мәнді де ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында, “Белсенді ұзақ өмір орталығы” ашылып, өз жұмысын бастады. Зейнеткер жандар үшін шарапаты мол орталықтың ашылуы жүрекке ерекше қуаныш сыйлады. Себебі, жасы егде тартқан ата-әжелеріміздің уақытын тиімді өткізуі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Ал аталмыш орталық қарттарға ерекше мүмкіндіктер сыйлап, өмірге деген құштарлықтарын арттырады. Орталықта, салауатты өмір салтына негізделген дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылған, сондай-ақ, тоғызқұмалақ, шахмат ойындарын ойнауға мүмкіндік бар. Қарттар еңбек терапиясына негізделген қолөнер бұйымдарын жасап, жадты нығайтып, алжудың алдын алу мақсатында арнайы жаттығуларды орындайды.

Дене шынықтырудың бір түрі, түрлендірілген жұп шаңғы тіректерімен таза ауада жаяу жүруге негізделген – скандинавиялық серуен. Орталыққа келуші қарттар үшін дәл осы скандинавиялық серуеннің де пайдасы зор. Цигун жаттығулар жиынтығы да энергиямен жұмыс істеу, энергия өндіру мақсатында аса пайдалы. Бұл Қытай емшілерінің сан ғасырлық тәжірибесінен өткен, сауықтыруға арналған кешенді жаттығулар жиынтығы болып табылады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аталмыш жаттығуларды егде жастағы кісілер сүйсіне орындайды.

Ата-әжелерімізге арнайы психолог кеңесі де қарастырылған. Орталықта мейірбике әрдайым қарттардың жанында жүріп, денсаулықтарын тұрақты түрде қадағалап отырады. Сонымен қатар, бүгінгі күні гаджеттің қажеттілігін ескере отырып, қарт кісілерге IT сабақтары өткізіледі.

Психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын – йогамен айналысудың да өзіндік пайдалы тұстары жетерлік. Белсенді ұзақ өмір орталығының келушілері йогамен де айналыса алады.

Бүгінгі таңда орталыққа 20-ға жуық қарт кісілер келеді. Олардың көбісі-әжелер, өкінішке орай, әзірге егде жастағы ер адамдардың келу белсенділігі төмен көрінеді. Дегенмен, орталықтың жуырда ғана ашылғанын ескерер болсақ, келушілер белсенділігінің әлі де артарына сенім білдіреміз.

Орталықтың мекен-жайы — Нарынқол ауылы, Райымбек батыр №29, мемлекеттік спорт кешені ғимараты.

Ақерке БИЖАН

Предыдущая статья
Следующая статья

Жаңалықтар