Домойhantengrigazeti.kz ақпаратӘлеуметтік кепілдік – адам өміріндегі нақты игілік

Әлеуметтік кепілдік – адам өміріндегі нақты игілік


Конституцияның басты құндылығы – онда бекітілген құқықтар мен бостандықтардың қағаз жүзінде ғана қалмай, әрбір азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табуында. Әсіресе әлеуметтік кепілдіктердің мәні терең. Өйткені мемлекеттің әлеуметтік сипаты қабылданған заңдар мен белгіленген міндеттемелердің санымен емес, сол мүмкіндіктердің қарапайым адамның өміріне қаншалықты әсер ете алғанымен өлшенеді.
Әлеуметтік мемлекет ұғымы ең алдымен адамға лайықты өмір сүруге жағдай жасауды білдіреді. Бұл – азаматтың сапалы білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне, еңбек етуіне, әлеуметтік қолдауға ие болуына және болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік беру. Аталған бағыттардың әрқайсысы Конституцияда айқындалған әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі болуы тиіс.
Алайда әлеуметтік кепілдіктерді тек жәрдемақы, зейнетақы немесе материалдық көмекпен шектеу дұрыс емес. Оның ауқымы әлдеқайда кең. Мәселен, шалғай ауылдағы баланың сапалы білім алуы, ауыл тұрғынының медициналық қызмет үшін жүздеген шақырым жол жүрмеуі, еңбекке қабілетті азаматтың тұрақты жұмыс табуы, мүмкіндігі шектеулі жанның қоғам өміріне кедергісіз араласуы – мұның барлығы әлеуметтік әділеттіліктің өлшемі.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда бекітілген әлеуметтік кепілдіктерді жүзеге асыруда мемлекеттің міндеті ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі де айрықша маңызға ие. Себебі заңмен берілген құқықтың нақты игілікке айналуы оны іске асыратын тетіктерге байланысты. Әлеуметтік бағдарламалардың қолжетімділігі, мемлекеттік қызметтердің сапасы, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы және халықтың өтініштеріне дер кезінде жауап берілуі – осы жүйенің нәтижелілігін айқындайтын негізгі көрсеткіштер.

Жаңалықтар