2021 жылы Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінің жанынан К. Байшығанұлы атындағы айтыс және жыр-терме мектебі ашылған болатын. Жуырда жоғарыда аталған мектепке Алматы облыстық Айтыс және жыр, терме бөлімінің жетекшісі Әбіш Әділбеков ағамыз келіп қайтты. Ә. Әділбеков іс-сапар барысында оқушылармен кездесіп, жетекші мамандардың жұмысын қадағалады. Сонымен қатар, жыршы Сүйіндік Серік ағамыздың құрастырған «Жыр-терме үйренушілерге арналған әдістемелік құрал» кітабынан «Бала Көдек, Қарлығаштың ұясы, Жайлауда, Алпамыс батыр» жырларын мектеп шәкірттерінің орындауында тыңдады. Әңгіме барысында Әбіш ағамыз жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын тілге тиек етіп, оқушылардың өнері мен ұстаздардың еңбегіне оң бағасын берді. Сондай-ақ, жыр класына жаңадан қабылданған шәкірттерге шабыт беріп, жыршылық өнер туралы, оның мәнін, маңызын ашып көрсетті. Облыстық шығармашылық орталықтың аймақтардағы әр бір айтыс және жыр-терме орталықтарына көңіл бөліп, жұмыс барысын қатаң қадағалайтынын, жүйелі жұмыс жасап, жыр-терме өнерін бұдан да жоғары белеске шығаруды қолға алғанынан хабар берді. Жалпы жыр-терме өнері төңірегінде кең көлемде әңгіме қозғалып, пікір алмастық. Біз де өз тарапымыздан жыр класын дамыту туралы ұсыныс, пікірілерімізді айтып ой бөлістік.
Бұл жолғы арнайы кездесу жыр класындағы шәкірттер мен жетекшілерге шабыт беріп, шығармашылық ізденіске жол аша білді.
Жалпы Көдек Байшығанұлы атындағы аудандық айтыс сыныбының ашылғалы бері көрсеткен көрсеткіші көңіл толарлықтай. Бұған дәлел, төмендегі шәкірттердің жетістіктері десек те болады:
2021 жылдың соңында оқушылар арасында ұйымдастырылған «Жыр жауһар» атты 200-ге жуық бала қатысқан облыстық жас жыршылар бәйгесінде жыршы Сүйіндік Серіктің шәкірттері Нарынқолдық Мүсілім Ақжол бірінші орын, Мүсілім Ерасыл екінші орын, Айтбай Ақжарқын арнайы сыйлықтың иегері атанған болатын.
2023 жылдың мамыр айында Қазақстанның халық әртісі, әнші Рамазан Стамғазиевтың ұйымдастыруымен Кеген ауданында мектеп оқушылары арасында «Ғалымжан Досанұлы мен Ерлан Стамғазиевті еске алу» мақсатында өткен аймақтық дәстүрлі әншілер байқауында К. Байшығанұлы атындағы жыр класының оқушылары Амантұр Салтанат бас жүлдені жеңіп алса, Сайрабек Қарақат 2 орын иегері атанды. Осы жылы Амантұр Салтанат Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға қабылданды.
Ал, айтыс сыныбы бойынша Республикалық Көдек Байшығанұлына арналған оқушылар айтысына қатысып жүлделі үшінші орынмен Ахмет Болат марапатталды. «Жыр алыбы Жамбыл» атты дәстүрлі Республикалық айтыста Ахмет Болат 1-орын, Абылай Ералы жүлделі 3-орын, «Бабалар ізімен» атты облыстық оқушылар айтысында Кәмілжан Ершат 3-орын, 2024 жылғы Республикалық жыл қорытындысы «Алтын домбыра» айтысына Алматы облысы атынан Кәмілжан Ершат арнау айтты. Аты аталған — аталмаған ірілі-ұсақты бұдан да басқа жетістіктер баршылық.
Қорыта айтқанда, шәкірттердің алдағы уақытта алар асулары мен бағындырар белестері көп. Сол күннің куәсі болып, жайдарман жаңалықты бірге сүйіншілеуге жетейік!
Перизат ІЗТЕЛЕУ