-11.9 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ...

ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ…

Осылай деген дана қазақ қай заманда болмасын жастарға зор үміт артып, игі істің бастауы ретінде қараған. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарға сенім артқан Мағжан Жұмабаев та жаңашылдық пен адалдықтың негізіжастар екендігін айтқан. Үш жүздің басын қосып, күллі қазақ халқын біріктірген Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» – деген сөзінің өзі қазіргі заман жастарын білімге жетелеп тұрғандай.

Батыр бабамыздың атымен аталатын ауданымызда білімді жастар жетерлік. Олар қазіргі таңда ауданымыздың даму жолында алған білімдерін жұмыс барысымен ұштастырып табысты да абыройлы еңбек етуде. Сондай жастардың қатарында Аманбек Ел-Аман Түменбайұлы да бар. Ел-Аман 1999 жылы наурыз айының 26-жұлдызында Қаратоған ауылында дүниеге келген. 2017 жылы – Қазақ Америкалық университетінің жанындағы Алматы байланыс колледжін «Оптикалық және электронды жабдық» мамандығы бойынша, 2021 жылы – Академик Ә. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Еңбек жолын 2019 жылдың сәуір айында Райымбек ауданының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінде үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің кеңесші маманы болып бастаған. 2024 жылдың соңында Ел-Аман Түменбайұлы Райымбек ауданы «Отбасын қолдау» орталығының директоры болып тағайындалды.

Е. Түменбайұлы басқаратын орталық отбасыларға өз алдына ақпараттық және ұйымдастырушылық қызметтерді ұсынады. Атап айтсақ, психологиялық қолдау, заңгерлік көмек, жұмысқа орналастыру, алимент алуға көмектесу, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша кеңестер береді. Аталған мекемеде қазіргі таңда 13 адам жұмыс жасайды. Өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдар, заңгерлік және психологиялық көмекке мұқтаж адамдар, аз қамтылған отбасылар және мүгедектігі бар азаматтар мен буллингке тап болған жасөспірімдер осы мекемеден қажетті қолдау таба алады. 2024 жылдың 24 желтоқсанында ашылған орталық бүгінгі күні аудан көлемінде 40 қа жуық отбасымен тиісті жұмыстар жүргізуде. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек қолын созуды өткен жылдың соңынан-ақ бастап кеткен. Жас та болса бас болып отырған Ел-Аманның алдыға қойған жоспарлары да аз емес. «Басты мақсатым — өзіме тиісті жұмысты үлкен жауапкершілікпен және абыроймен атқарғым келеді,» дейді жас басшы.  

Қысқасы, жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы. Сондықтан, олардың білімді, білікті, адал әрі жауапты болуы – бүгінгі қазақ елі үшін аса маңызды.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Жаңалықтар