8.3 C
Нарынкол
Четверг, 19 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕТІН ҒИМАРАТ БОЛСА ДЕЙМІЗ

       Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жүгінетініміз- аурухана. Аудандық аурухана ғимаратының едәуір ескіргені баршаға мәлім. Ескірген дүниені жаңарту немесе қайта салу қажеттігі айтпаса да белгілі. Осы қағидамен, аудан орталығында көптен күткен жаңа аурухана ғимараты салынуда. Халықтың қуанышында шек жоқ. Жаңа аурухана ғимаратын күллі аудан тұрғындары асыға күтуде. Халық игілігі үшін салынып жатқан жаңа аурухана ғимаратының құрылысына аяқ басып, құрылыс барысымен танысып қайттық.

      Құрылыс барысынан хабар беретін бригадир Ерік Каниев мырзаға жолықтық. Ақпарат беруге қуана келіскен Ерік мырзамен құрылыс нысанының ішіне ендік. Қызу жұмыс жүріп жатқаны бірден көзге түсті. 2022  жылдың маусым айында  басталған құрылыста бүгінде 40 адам жұмыс атқаруда. Құрылысшылардың басым бөлігі осы аудан тұрғындары болып шықты. “Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар” демекші, өз игіліктеріне арналған ғимарат құрылысын өзіміздің ауданның құрылысшы жігіттері сапалы жасайды деген үміттеміз.  40 адам қыруар жұмыс атқарып жатқан аурухана сыйымдылығы-250 адамға есептелген. Жоба құны 4 млрд. 105 млн теңгені құрайды. Көлемді құрылыс үшін жеткілікті деп пайымдалған сомма құны осындай. Құрылысқа жауапты- “Умирзак” ЖШС. Ғимараттың құрылыс жұмыстары едәуір кешеуілдеп жатыр. Оған себеп, құрылыс материалдарының қымбаттап, нәтижесінде жобаның қайта түзеуден өтуі. Бригадирдің айтуынша, құрылыста барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Құрылыс барлық санитарлық ережелер мен талаптарға сай екендігін де айта өтті. Құрылысшылардың өмір қауіпсіздігінің бәрінен маңызды екенін ерекшелеп айта кеткен жөн.  Құрылыс нысаны “AMANAT” партиясының бақылауында. Құрылысқа байланысты қандай да бір сауалдар немесе құқық бұзушылықтар байқалған сәтте, “AMANAT” партиясының аудандық филиалына қабылдауға баруға болады.  Ғимарат тиісінше сапалы құрылыс материалдарымен салынған. Қызыл кірпіштен бой көтерген ғимарат 4 қабатты, ішінде 3 лифт жұмыс жасайды. Заманауи үлгіде салынып жатқан ғимараттың ішіндегі сылақ жұмыстары өз мәресіне жетіп қалыпты. Сонымен қатар, аурухана құрылысы әр кабинетінің ерекшеліктеріне орай жасалып жатқандығына көз жеткіздік. Ерік мырзаның айтуынша, рентген кабинеті рентген сәулелерінің сыртқа шықпауы мақсатында арнайы сыланған.

    Ғимарат маңында арнайы екі үлкен су қоймасының да құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл су қоймалары апатты жағдайда қосымша қосылатын су қоймалары болып табылады.  Бұл су қоймалары өз кезегінде аса маңызды емес пе?! Қандай да бір апатты жағдайлармен су тоқтап қалған жағдайда жұмысы қауырт аурухана ғимаратының суға мұқтаждығы ерекше болатыны анық.

   Жаңа ғимарат аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлеріне жайлы әрі заманауи қызмет ететініне үміттіміз. Баршамызға белгілі, аудандық ауруханада көптеген заманауи құрылғылардың болмауы салдарынан, емделушілердің көпшілігі Алматы қаласына ағылып жатады. Жаңа аурухана аяқталған соң, жаңа ауруханаға жаңа әрі заманауи апараттар келсе нұр үстіне нұр болмақ. Қазіргі заман-тынымсыз жаңару мен өзгеруді талап ететін заман. Сондықтан, жаңа технологиялардан қалыс қалудың еш реті жоқ. Әсіресе денсаулық саласының тіптен тынымсыз ізденіс пен жаңаруды енгізетін шағы.

    Ауданның көркеюінің бір көрінісі- жаңа ғимараттардың еңселі бой көтеруі. Жаңа аурухана ғимаратының құрылысында тосыннан кедергілер пайда болмаса, қазіргі қарқынмен жалғасса, алдағы күз мезгілінде пайдалануға берілетіні жоспарланып отыр.

    Ғимарат маңынан көлік тұрағы да қарастырылған.

    Құрылыстың беріктігі- тікелей адами факторларға байланысты екендігі шүбәсіз. Себебі барлығы-адам қолынан жасалатын дүниелер. Соңғы уақыттарда, Жер сілкінісі сынды табиғи апаттар көптеп тіркелуде, осы мәселе тұрғысында алаңдаушылық білдірген едік, бригадир Ерік мырза, құрылыстың мейлінше сапалы әрі мығым салынғанын алға тартты.

Ақерке БИЖАН,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Халықтық штаб: Талғар ауданының тұрғындары АЭС салу жобасына қолдау көрсетті

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Талғар ауданының тұрғындарымен кездесті. Шара барысында атом энергетикасының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі...

Осыған ұқсас мақалалар