13.4 C
Нарынкол
Воскресенье, 21 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

    ҚАСИЕТТІ  ҚҰРБАН АЙТ – ЕҢ ҰЛЫ МЕРЕКЕ!

         Мұсылман халқының ұлық мерекесі — қасиетті Құрбан айтқа да санаулы күндер қалды. Әрбір мұсылман бұл қасиетті күндерді асыға күтіп, жағдайы келген адам құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады.

Құрбан айт – елді қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке үндеп, араздасқандарды татулыққа шақыратын, елді біріктіретін рухани мереке.

Ата-бабаларымыз бұл  ұлық мерекені құрмет тұтып, ерекше киімдерін киіп, жақын-туыстарын аралап: «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деген сөздермен ізгі ниеттерін білдіріп, балаларға айттық сыйлықтар беріп, қорым басына барып әруақтарға құран бағыштайтын болған. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – тақуалықтың белгісі.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» деген мағыналарды білдіреді. Демек, Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне (сауап істері арқылы) жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады.

Ислам дінінің басты мерекесінің шежіресі сонау ерте заманнан бастау алады.

Ибраһим пайғамбар көп уақыт Аллаға жалбарынып, ізгі ұрпақ тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмайл атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Басында күмәнданғанымен, ол түс артынша үш мәрте қайталанып кіреді. Бұл күн қажылық маусымының тәруиә, арафа және айттың бірінші күндері еді.

Пайғамбарлардың түсі уахи болғандықтан, не де болса бұл бұйрықты орындауға бел байлайды.  Баласына көрген түсі жайында хабар берген уақытта ұлы да еш ойланбастан: «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз», – деп, мынадай бірнеше тілегін айтады: «Уа, әкетайым! Қолдарым мен аяқтарымды мықтап байлаңыз, тепкіленіп ыңғайсыздық қылмайын. Пышағыңыз өткір болсын. Өзіңізге бұйырылған әмірді орындағанда менің жүзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың әмірін кешіктіруіңіз мүмкін. Жейдемді анама апарып беріңіз. Оны қолына алып, жұбаныш табар», – дейді. Бұл сөздерді естігенде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алып, Алла Тағалаға жалбарынып, өзіне бұйырылған әмірді орындауда бекемдік сұрайды. Ұлын екпетінен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып жібергенде пышақ өтпейді. Өйткені сол сәтте Алла Тағала Жәбірейіл періштеге: «Пышақтың жүзін аудар», – деп бұйрық беріп, Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) өзіне тапсырылған бұйрықты әп-сәтте орындаған болатын. Ибраһим болған жайды түсінбей, қолындағы пышақпен тағы қайталап тартып көріп еді, бұл жолы да пышақ өтпейді. Сол кезде:

 «Уа, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі («Саффат» сүресі, 104-аят). Осылайша әкелі-балалы екеуі өздеріне берілген сынақтан еш мүдірмей өтіп, шүкірлік айтып, үйлеріне қайтады.

Ендеше, құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не өзі?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. Содан соң: «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрақ қойылады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – дейді (имам Ахмад).

            Мұсылман адамның бұл ұлық күндерді тиісті түрде ұлықтауы үшін мына амалдарға ерекше мән бергені жөн:

            Бірінші, Арапа күні ораза тұту.

           «Арапа» сөзі тілдік тұрғыда «ға-ра-фа» делінген етістіктен туындап, «білу», «түсіну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зұлхижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін ол жәй түс екен деп ойлайды. Алайда, ертесінде әлгі түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күн «арапа» деп аталды деген пікір бар.

Арапа күнінің уақыты – зұлхижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер Арафат тауына бір мезет тұрақтайды. Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі – сауапты іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін», – деген (имам Муслим) .

               Екінші, айт күндері құрбандық шалу

       Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында:

 «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.

«Амалдар ниеттерге байланысты» демекші, әрбір істі бастарда алдымен ниет ету керек. Құрбандық малын шалғанда да ниеттің тазалығы, шынайылығы маңызды. Себебі, құрбандығымыз тек Аллаға арналып сойылуы керек. Қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 162-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған.

                 Үшінші, мұқтаж жандарға жәрдемдесу

         Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.  Осы себепті де шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында:

 «Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.

Құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалу – мұстахаб амал.

            Төртінші, қуаныш пен шаттық көрініс табуы

            Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін сезінуі тиіс. Адамдар өзара қуаныш сезімдерін білдіріп, жақындарын құттықтап, сыйлықтар бергені жөн. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады», – деуі тегін емес.  Халқымызда ертеден келе жатқан «айттық сұрау» атты әдемі дәстүріміз бар. Ата-бабаларымыз айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін қайтармай, қолда бар сыйлығын беріп, ақ дастарханнан дәм татқызып, риза болып кететіндей дәрежеде шығарып салатын болған.  

Алла елшісі мен сахабалар, ол кісілердің ізімен жүрген ғұламаларымыз айт күндерін ерекше құрмет тұтып, бұл күні таңертең ғұсыл құйынып, әтір себініп, көшеге ең жақсы киімдерін киіп шығатын болғандықтары жөнінде хабарлар өте көп келген. Мысалы, Факиһ бин Сағд (Алла оған разы болсын!): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын», – десе, Хасан ибн Әли (Алла оған разы болсын): «Бізге Алла елшісі айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», – деп айтқан. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл мерекеде мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.

                Бесінші, тәкбір-ташриқ айту

          Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде,
намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп айтқанындай,  құрбан айт кезінде айтылатын тәкбірдің арнайы бекітілген уақыттары бар. Оны – ташриқ күндерінің тәкбірі дейді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 203-аятында Алла Тағала:

 «Санаулы ташриқ күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған. Бұл тәкбір зұлхижжа айының 9-ы күнгі таңғы намазынан бастап айтылып, әр парыз намазының соңында зұлхижжаның 13-күнгі екінті намазының соңына дейін жалғасады. Тәкбір ташриқты намазын жеке оқыған адам да, жамағатпен оқыған адам да айтады. Бір мәрте айту – уәжіп, одан көбірек айту мустахаб амал саналады. Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет.

           Тәкбір ташриқтың оқиғасы былай: «Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаилды құрбан ету үшін алқымына пышақ тартқанда пышақ өтпеді. Сонда Алла Тағала Жәбірейіл періштеге підияға қой алып келуге бұйырды. Жәбірейіл періште Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаилды бауыздап қоюынан қорқып, «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар» деп тәкбір айтты. Ибраһим пайғамбар бұны естіп, «Лә илааһа иллаллаһу, уаллаһу акбар» деді. Ұлы Исмаил орнына құрбандық берілгенін біліп, «Аллаһу акбар, уә лиллаһил хамд» деп, Алла Тағала шүкір етті».    

            Құрбан шалу уәжіп болу үшін мынадай шарттар қажет.

1. Мұсылман болу;

2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;

3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Шариғатымызда нисап мөлшері дегеніміз – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға зекеттегідей бір жыл толу шарт емес.  

Нисап мөлшеріндей артық қаражаты болмаған адамға құрбан шалу міндет емес. Алайда, құрбан шалуды қаласа, оның құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.

Құрбандық барша мұсылман жұртшылығына ортақ мереке. Оның мынадай рухани және қоғамдық пайдалары бар:

    Бірінші: Құрбандық шалу арқылы пенде Жаратушысына жақындайды.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Бұл мереке құрбандық шалып, Алла Тағаланың бұйрығын орындау арқылы Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Сол себепті бұл бұйрықты шынайы ықыласпен орындауды көздеуі керек.

Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған.

Жаратушы Жаппар Иемізге шалынған құрбандықтың етінің де, қанының да еш қажеті жоқ. Бірақ бұл шариғи амалды орындау арқылы пенденің Жаратушысына деген махаббаты, Оның бұйрықтарына бағынуы көрініс табады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 37-аятында мүминдерге:

«Аллаға құрбанның еттері, қандары әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді», – деп ескерткен.

Міне, осылайша шынайы ықылас, кемел тақуалықпен шалынған құрбандық пендені Жаратушысының разылығына, мол сауапқа кенелтеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да абзал басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деген.

        Екінші: Құрбандық шалу адам нәпсісін тазартады.

Дініміздің бұйрықтарын орындау пендені сауапқа кенелтумен қатар, оның жеке басының тәрбиесіне де әсері мол. Адам малдарының ішінде ең жақсысын Алланың жолында құрбандық етіп, оны мұқтаждарға тарату арқылы өзіне уәжіп болған істі орындап, бойындағы сараңдық атаулыдан арылып, өзге мұсылманның қуануына себепші болады.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-ші аятта:

«Олардың дүние-мүлкінен (малдары көбейіп, берекет табуы үшін) зекет, садақа ал. Сол арқылы тазартып, күнәларынан арылт», – деп айтқан.

Сондықтан да құрбандық етін тарату әуелі оны алушыға емес, үлестіріп берушіге пайда келтіреді.

           Үшінші: Құрбандық етін садақа ету арқылы адамдар арасында сүйіспеншілік орнайды.

   Қасиетті Құрбан айт күні мұсылмандар таң сәріден тұрып, ең жақсы киімдерін киіп, мешітке жиналып, жамағатпен айт намазын оқиды. Намаздан кейін бір-бірін ұлық мерекемен құттықтап, құрбандық малдарын сойып, жақындары мен мұқтаж жандарға таратып, олардың көңіліне қуаныш сыйлайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында:

          «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан.

Бұдан түсінетініміз қасиетті құрбан айт пендені Жаратушысына жақындатып, мұсылмандардың өзара бірлігіне, олардың арасында сүйіспеншіліктің орнауына ықпал ететін мереке. Сондай-ақ құрбандық шалып, оны тарату арқылы пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында:

«Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.

Жалпы құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату  – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын», – деген.

   Құрбандық шалушы оның етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына да болады. Сондай-ақ түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

           Көп адамдар: «Құрбан айт күні ауыз бекіту қажет пе?» деп сұрап жатады. Шариғат бойынша айт күні ораза ұстауға рұқсат етілмейді. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» деп айтылған (имам Бұхари). Тағы бір хадисте:

          «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ораза айт күні тамақ ішпей шықпайтын еді және Құрбан айт күні намаз оқығанша тамақ ішпейтін еді», – деп айтылған (имам Тирмизи). 

Бұл жерде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінің таңында сол күнгі ең алғашқы дәм ретінде құрбандық малының дәмін тату үшін айт намазға ешнәрсе жемей баратындығы айтылған.

     Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл күні адамдарға:

 «Уа, адамдар, бұл күні сәлемді жайыңдар, (мұқтаждарды) тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер», – деп айтатын болған. Біз де Пайғамбар өсиетіне құлақ асып, осы күндерді барынша ізгі амалдармен өткізуге тырысайық!

Алла Тағала келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбарак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!

      БҰХАРБЕКОВ Азамат Бексұлтанұлы,

Райымбек ауданының бас имамы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысы «JASYL EL» жастар еңбек жасағыныңХХ жұмыс маусымының ашылу салтанатының БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

Алматы облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XX маусымы ашылды.Еліміз бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бері жүзеге асып...

Осыған ұқсас мақалалар