13.4 C
Нарынкол
Воскресенье, 21 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЖАҢА ТУРИСТІК НЫСАН БОЙ КӨТЕРДІ

      Ауданымызда сәулеті мен сымбаты келіскен жаңа туристік нысан бой көтерді. Демалыс орны Шоғансай сайында орналасқан, атауы “Шоғансай-Алишер”. Негізін қалаушылар- Тузельбаев  Алдан мырза мен жары Берікбаева Сәрсемхан ханым  және отбасы кәсібін дөңгелетуші  үлкен ұлдары Тузельбаев  Руслан. Күні кеше тамаша табиғат аясында бой көтерген туристік нысанның ашылу салтанаты болып өтті. Мерейлі ашылу салтанатына арнайы шақырту алып, көзайым болып қайттық.

      Райымбек ауданының табиғаты туризм саласын дамытуға аса қолайлы екені баршаға мәлім. Көкпен бой таластырған заңғар таулар, жүзжылдық алып қарағайлар мен шыршалар, таза ауа, тамаша табиғат аясында демалу кез келген адамды еріксіз тартатыны сөзсіз.

     Ғажайып табиғатымызды пайдалана отырып, кәсіп ашу аса ұтымды шешім болары анық. Осы тұрғыда туризм саласын ұтымды кәсіпке айналдыруды мақсат еткен  “Шоғансай — Алишер” демалыс орнының құрылысы осыдан бірнеше уақыт бұрын басталған еді. Біздің журналистер демалыс орнының құрылыс жұмыстары барысынан да хабардар болып, арнайы барып қайтқан. Енді міне, дәл сол нысанның ашылу салтанатына арнайы шақырту алдық.

    Демалыс орынының құрылыс жұмыстары толықтай дерлік аяқталған. Қонақ күтуге толықтай дайын. Туристік нысан 80 адамға есептелген және 200 адамдық мейрамханасы да бар. Нысанның жалпы құрылысына 300 млн-ға жуық қаражат жұмсалған. Демалыс орнында ағаш үй мен киіз үйде демалу құны 1 адамға  16000 теңге, бұл қаражатқа бір күн ішіндегі жатын орны 3 мезгіл тамақ және 4 мезгіл саумал кіреді. Бұл ересектерге арналған сомма көрсеткіші, ал балаларға 4 жасқа дейін тегін, 5-10 жас аралығындағы балаларға 50%, 11-14 жас аралығындағы балаларға 30% жеңілдіктер болады. Жаңа салынған қонақүйдің өз ерекшеліктері болғандықтан, мұндағы демалыс құны сәл өзгеше. Мұнда 1 адамға 1 күнге 20000 теңге болса, оның ішіне, жатын орны және 3 мезгіл тамақ пен 4 мезгіл саумал кіреді. Демалыс орнына орналасу уақыты әлемдік стандарт бойынша сағат 14:00. Демалыс уақыты аяқталған күні қонақ үйдегі нөмір сағат 12:00 ге дейін босатылуы қадағаланады. Сондай-ақ, демалушылар нөмірлерді алдын ала брондап қоюы қажеттігін есте сақтаған жөн.

   Ашық аспан астындағы ашылу салтанатына біршама халық жиналды. Шара тізгінін еліміздегі белгілі тележүргізуші Аман Тасыған ұстап, ашылу салтанатының жоғары дәржеде өтуіне жүргізуші ретінде зор үлесін қосты. “Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер” демекші, сөз басын батамен бастауды құп көретін ауыл халқы ашылу салтанатының басын Дәулеткелді ақсақалдың ақ батасымен бастады. Бастамаға оң батасын берген ақсақалдың сөзін, Жамбыл ауылының әкімі Роман Бекзадаұлы жалғап, нысанның тарихынан сыр шертті. Иә, туристік нысанның негізін қалаушылар үшін бұл алғашқы демалыс орны емес. Алдан мырза мен Сәрсемхан ханым туризм саласындағы алғашқы қадамдарын осыдан бірнеше уақыт ілгеріде бастаған еді, бүгінгі күні ашылып отырған нысан, кеңейтілген әрі заманауи нұсқадағы жаңа ғимарат.  Тағы бір ерекшелігі, бұл ауданымыздағы арнайы лицензиясы бар жалғыз туристік демалу орны.

    Аудандық ақсақалдар алқасы Бірбаев Бекболат мырза да арнайы сөз кезегін алып, су жаңа демалыс орнының алдағы күндеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Алдан мырза мен Сәрсемхан ханымның отбасылық достары, замандастары ретінде Қаптағаев Айыпжан және Мұхамеджанов Бейбітжан  есімді кісілер сөз кезегін алып отбасылық тәтті естеліктерді сөз етті.

    Ашылу салтанатының жұлдызды қонағы- жерлесіміз, Отандық эстраданың жарық жұлдызы Жігер Аупбаев өз әнімен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйласа, “Үшқоңыр” ансамблі әуезді үнімен келушілердің құлақ құрышын қандырды. Мерейлі шарадан аудан өнерпаздары да қалыс қалмай, әдеттегідей көркем өнердің керемет көрінісін көрсетті.

    Шара соңындағы қорытынды сөз, осынау игі бастаманың бастаушыларына, жаңа қонақ үй иелері- Сәрсемхан ханым мен ұлы Руслан мырзаға берілді. Тың идеяларды жүзеге асыруға қабілетті Руслан мырза өзіне берілген сөз кезегінде біраз адамды таңғалдырып, біраз адамды ерекше сүйсіндірді. Сүйсіндірерлігі, ата-ананың ерекше еңбекқорлық қасиеті дарып, өмірде үлкен істер тындыруға қабілетті етіп тәрбиеленгеніне ата-анасына алғысын жолдап, бала қамымен тынбай тер төккен ата-ананың еңбегінің ақталғандығының бір көрінісін көрсеткендей болды.

     Жаңа қонақ үй ғимаратының құрылысы, заманауи жабдықталуы расымен де ерекше. Көргеннің көңілінен шығары анық.  Ауданымыздағы мұндай туристік нысандардың бой көтеруі ерекше қуантарлық жағдай. Экотуризм саласын дамыту бағытында осындай кәсіпкерлердің көп болуы, аудан басшылығының оларды қолдауы аса маңызды мәселе.

Перизат ІЗТЕЛЕУ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысы «JASYL EL» жастар еңбек жасағыныңХХ жұмыс маусымының ашылу салтанатының БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

Алматы облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XX маусымы ашылды.Еліміз бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бері жүзеге асып...

Осыған ұқсас мақалалар