Әрине, аузына алкоголь тамған әр адам міндетті түрде араққа байланып қалмайды. Бір жанның ішімдіктен бас көтере алмай қалуының, екінші біреудің мұндай азаптан азат болуының себебі көп-ақ. Негізінен бұған түрлі фактордың тоғысуы алып келеді.
Дегенмен, мына симптомдар байқалса, алаңдап, шара қолдану керек-ақ:
Жалғыз отырып, «жақсылап» ішу жиілеп кетсе.
Дос-туыстан жасырып ішу пайда болса.
Қанша ішкеніңді бақылауда ұстау қиынға соқса.
Ішімдікті тығып қою, «керек болар» деп жасырып жүру әдеті пайда болса.
Ішу үшін «себеп» табу керек болса.
Сүйікті іспен айналысуға деген қызығушылық жоғалса.
«Керемет» отырыс болған күннің ертесіне бас жазғың келіп тұрса.
Тәуелді екеніңді мойындамасаң.
Ерте білінетін белгілердің бірі: спиртті сусын ішу әлдебір ғұрыпқа айналады. Мәселен, тәбет ашу үшін түскі ас кезінде «тартып» жіберу, демалыс сайын тойлату, теледидар алдында «босаңсу» үшін шараптан көру. Және бұл ғұрып орындалмай қалса немесе біреу жайлап ескертсе, адам ашуланып шыға келеді.
Ішімдік құйылса, адам одан бас тарта алмаса.
Алкоголь тұтыну және басқа бір іспен айналысу екеуі қатар келсе, алғашқысын қаншалық жиі таңдайсыз – осыны бақылап көріңіз.
Көп адам мән бере бермейтін, ертең байқалатын тағы бір симптом бар: адам әдетте ызақор немесе мұңайып жүруі мүмкін, алайда аздап «ұрттап» алса, көңіл-күйі бірден өзгеріп шыға келеді.
Ал алкогольмен бірге басқа есірткі тұтынылса, тәуелдік әлдеқайда жылдам қалыптасады. Сол себепті шылымқорлар қатерлі топқа кіреді.
Дастан ЖАНАСІЛ

