Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАқпарат айдынында- Қарасаз ауылы

Ақпарат айдынында- Қарасаз ауылы

Жуырда, қасиетті қараөлеңнің қара шаңырағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған ауыл, ауданымыздағы әр салалық дамуы өзіндік ерекшеліктерге толы Қарасаз ауылына ақпараттық саяхатқа шықтық. Мұны заманауи тілде «пресс-тур» деп  арнайы  терминмен ерекшелеу қабылданған. Олай болса, қасиетті Қарасаз ауылының бүгінгі ахуалымен таныстыру мақсатында жасалған пресс-тур нәтижесінде қордаланған ақпараттарды назарларыңызға ұсынамын.

Қазақ халқы қонақжай халық десек, Қарасаз халқы, мұның дәлелі. Ауылға кіргеннен-ақ, қасиетті қара судан әрі ассаң болғаны, ауыл тіршілігінің жылы лебі жанды жылытады. Халқы сырттан келген қонақты жылы қабылдауға дағдыланған. Мақсатымыз – халықтың әл-ауқатымен, ауылдық экономикалық ахуалымен, туризм саласының дамуы мен кәсіпкерлік саласының даму деңгейінен хабардар болу.

Қарасаз ауылы өз кезегінде Райымбек ауданының ерекше ауылдарының бірі. Қонағы да көп, игі жаңалықтары да үзілмейді.

Ауылшаруашылығы саласы

Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі — ауылшаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Тұрғындар өз шаруа қожалықтарын кеңейтіп, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдалануда. Мәселен, Ауыл аманаты бағдарламасы аясында  Жұмашов Алмат жылыжай кешенін ашу, Аяшев Еркебұлан, Манкеев Еркебұлан сүтті бағыттағы  сиырлар алу үшін барлығы  24 млн 200 мың теңге 2,5 пайызбен несие алған. Несие сомасы шағын емес, үлкен жұмысты талап етеді. Осынау үлкен шаруаға бел шеше кірісіп жатқан азаматтардың баршылығы қуантады. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары Алиева Жанагул және Романов Ерланның құжаттары  жинақталып облыстық комиссияда мақұлданғандығы жайлы ақпарат алдық, аталмыш екі тұрғын сүтті бағытта сиырлар алу мақсатында мемлекеттен 16 млн қаражат көлемінде несие алмақшы. 

Баршаңызға белгілі, бүгінгі күні Қарасаз ауылының экономикалық дамуына ерекше үлес қосып отырған «Қарасаз фуд» ЖШС жаңа деңгейге көтеріліп, өнімдері аудан көлемімен шектелмей, үлкен қалалардағы дүкен сөрелерінен орын алуда. «Қарасаз фуд» ЖШС-нің өндірістік қуаты тәулігіне 40 тонна шикізат қабылдап дайын өнім жасай алады. Осы басымдықты ауыл тұрғындарының игілігне пайдалануына және тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету мақсатында: «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша сүтті бағыттағы сиырлар алу үшін несие алу туралы ұсыныс берілуде.

Ауылшаруашылығын ілгерілету үшін  арнайы  техникалардың қажет-тілігі маңызды. Осы орайда, Қарасаз ауылында Көктемгі дала жұмыстарына 74 техника қатысады деп жоспарлануда, техникалардың дайындық жұмыстары қарқынды көрінеді.  Қазіргі уақытта ауыл шаруашылық техникалары округ бойынша 65-70 пайызға жаңарған. Жыл басынан жеңілдетілген лизинг бағдарламасы 2 трактор 4 агрегатымен алынды. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша «Алинур» және «Бауыржан» шаруа қожалықтары кезекке қойылып, өтінімдері мақұладанды, кезегін күтуде деген ақпарат алдық.

Ауылшаруашылығы тұқымы мәсе лесіне келер болсақ, округ бойынша 65 тонна тұқым (арпа) шаруа қожалықтарда бар, өнімділігін тексеру үшін зертханаға тапсырылып оң нәтижесін алды жалпы Округ бойынша 65 тонна тұқым (арпа) шаруа қожалықтарда бар, өнімділігін тексеру үшін зертханаға тапсырылып оң нәтижесін алған. 

Өткен жылдың егіс құрылымы да көз қуантады, ауылда 465 га жерге арпа, 1227 га жерге көпжылдық шөп, ал 21 га жерге картоп егілген.

Мал отарларына келер болсақ, Округте 71 мал отары бар оның ішінде Қарасаз ауылында — 57, Тұзкөл ауылында 14. Мал отарларында ірі қара – 2997 бас, қойлар –15093 бас, жылқы – 1209 бас қыстатылуда. Мал отарлары жартылай жайылым, жартылай қолда, мал азығы жеткілікті, шаруалармен тұрақты байланыстамыз. Шаруаларға қажеттілік туындаған жағдайда округте сатылатын жем-шөп қоры бар.

Жайылымдарды тиімді пайдалану және үй шаруашылығындағы малдарды бағу ережесіне сәйкес есепкі аптада үй шаруашылықтарын аралап, мал отарына немесе ауыл бадасына қосылатын мал бастарының санын нақтылау жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Ауыл тұрғындарының ішінде үй шаруашылықтардың ірі қара мал басы — 5 бада, ұсақ малдардың – 11 бадасы ұйымдастырылған. 

Туризм саласы

Қарасаз ауылында туризм саласы айтарлықтай ілгерілеп келеді.  Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, Наурыз айының 28-29 күндері Қарасаз ауылында «Экосайт Қарасаз» жобасы аясында  ашық семинар өткен. Осы Жобаға сәйкес, Қарасаз ауылынан 15 азамат(ша) туристерге арналған қонақ үй дайындауға қызығушылық білдіріп, арнайы сабақтар алған.

Бүгінгі күні Қарасаз ауылында “AVALON” (Авалон тарихи-географиялық қоғамы — 2004 жылдың 22 шілдесінде құрылған коммерциялық емес ұйым, оның мақсаты география мен тарих саласындағы  білімді насихаттау,  сондай-ақ, Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени мұрасын сақтау. Оның негізгі қызметі саяхат пен туризмге қатысты баспа жұмыстарын, сондай-ақ экотуризмді дамыту мен қоршаған ортаны қорғауды қамтиды) тарихи-географиялық қоғамдастығының мүшелерімен бірге ауыл тұрғындары ауылда туристер тоқтайтын бірқатар қонақ үйлерді жабдықтаған. Тарихи-географиялық қоғамдастық мүшелері туристердің сұранысына орай, олардың жатын орнын жабдықтау мәселесінде кәсіби көмек көрсетеді, сонымен қатар, аталмыш орталық мүшелері өлкеміздегі түрлі тарихи орындардың тарихы мен орналасу нүктесін білетін болып шықты. Қоғамдастық мүшесі Виталий Шуптар, туризмнің тек туристер үшін емес, жергілікті тұрғындар үшін де пайдалы екенін алға тартып, туристер арқылы жергілікті тұрғындарға да табыс келуіне жұмыс жасайтындарын атап өтті. Бұл расымен де тиімді. Ауылдағы қонақ үйге тоқталған туристер тек табиғат пен туристік нысандарды тамашалаумен шектелмей, жергілікті халықтың мәдениетімен, өмір салтымен танысады. Ақпараттық сапар барысында “Айтұмар”, “Ай-наз” қонақүйлеріне бас сұғып, туристердің жатын орнының жайлылығымен, ұсынылатын қызмет түрлерімен таныстық.

Туристердің ат басын бұратын тағы бір жері — “Қарасаз Агро” балықшаруашылығы.  Бұл туристік нысанда журналист ретінде тосын жаңалыққа тап болдым. Қарасаз ауылында арнайы балық шаруа-шылығын дамытып, туристерге таптырмас табиғат сыйын ұсынып отырған Нұрболат Абайұлы, бірнеше жыл еліміздің журналистика саласында елеулі еңбек еткен, қаламы қарымды, сөзі өткір журналист. Әріптесіміздің осынау кәсіппен туған елге туын тігіп отырғаны бір жағынан таңқалдырса, бір жағынан жанды сүйсінтті. Бүгінгі күні Нұрболат ағамыз Қарасаз ауылының шет жағында форель шаруашылығын дамытып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың музейі мен Тұзкөл көліне келетін туристерге қызмет көрсетуді шебер ұйымдастырып отыр. Осылайша, өңірлік туризмнің дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Балық аулап, табиғат аясында демалғысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік осында. Туристерге арнайы жабдықталған киіз үйлер де бар. Нұрболат ағамыздың балықшаруашылығына орай, алдағы жоспарларын да тыңдап қайттық, алдағы уақытта бассейінге арнайы бағасы қолжетімді өзге де балық түрлерін әкеліп, бассейінді кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлік саласы

Пресс — турдың  келесі   нүктесі- “Заңғар асханасы”. Толқын Жұмағалиқызының кәсібін дөңгелету мақсатында ашқан асханасына барып, жұмыс барысымен танысып қайттық. Толқын ханымның өзі Ащысай ауылының тумасы, біздің жақтың келіні. Өз өмірлік серігін Қарасаз ауылынан тауып, отбасын құрып, бүгінгі күні 5 баланың анасы. Жолдасы – Әли Нүсіпов. Толқын ханымның негізгі мамандығы- заңгер. Дегенмен, кәсіп жолын таңдаған нәзік жанды жуырда, аудандық әкімдіктің қолдауымен, Қытай Халық Республикасы Құлжа қаласында “Куа-Ю-Жинь” ресторанында арнайы аспаздық курсын оқып қайтты. Оқу бір айға созылды. Ауданнан бес адам  күншығыс елінің аспаздық өнерін меңгеріп, өз кәсіптерін ашуға шабыт алып қайтты. Асханадан қонақ үзілмейді. Ұлттық нақышта жабдықталған қазақ үйде отырып тамақтанудың өзіндік бір жанға жайлылығы бар. Қытай еліндегі оқу барысында жерлесіміз 250-ге жуық тағам түрін меңгеріп келген көрінеді. Бүгінгі күні  тіл үйірер тағамдарымен ауыл тұрғындарын, аудан тұрғындарын, кейде аудан қонақтары мен туристерді де тамақтандырып, сапалы қызмет көрсетеді. Асханадан тыс арнайы азық-түлік дүкендері де бар. Тағамдар баға қолжетімділігімен де ерекшеленеді.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар