



Алматы облысында Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әрқайсысына 5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Яғни әр ардагер шамамен 10 мың АҚШ долларын алады. Қазіргі уақытта өңірде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 4 ардагер тұрады.
Олардың ең жасы үлкені — 103 жастағы Танірберген Толғанбаев. Ол 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград шайқасы қатысқан. Ал Ұйғыр ауданында тұратын 102 жастағы Әлім Кебиров Белоруссия операциясы барысында Белгород қаласын азат етуге қатысып, жараланған. Соған қарамастан, 1943 жылы қайтадан майданға оралып, Украина аумағында соғысқан.
Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Солтанбай Жарықбасовтың жасы — 101-де. Ал облыстағы ең жас ардагер — 98 жастағы Фёдор Ковалев Жамбыл ауданында тұрады. Ол 1945 жылы Жапонияға қарсы соғысқа да қатысқан.
Соғыстың ауыр кезеңдерін бастан өткерген ардагерлерге Алматы облысы әкімдігі тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, олардың тұрмыстық және әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған көмек жүйелі түрде беріледі. Биыл ардагерлердің денсаулығын нығайту және шипажайларда ем алуын қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1,2 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар, облыстағы 2 038 тыл еңбеккеріне әрқайсысына 64 875 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.
Сондай-ақ, Ленинград қоршауы кезінде еңбек еткен және тиісті марапаттары бар екі азаматқа 86 500 теңгеден төлем қарастырылған.
Соғыс жылдары фашистік концлагерьлерде, геттоларда және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарында болған кәмелетке толмаған тұтқындарға да 64 875 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

