Жуырда Шәлкөде ауылдық округінде ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындарының демеушілігімен «Қазына тұнған құт мекен» жобасының аясында, жастарға ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында Сабан той өтті.
Жалпы сабан тойдың өзіндік ерекше сипаты бар. Мұны егінші ел жасайды. Егін бітік шығып, қырманын қызылдап, оны төкпей-шашпай, суыққа ұрындырмай мезгілінде жинап алған ел күзде «Сабан той» өткізеді. Әрине мұнда да кең дастархан жайылып, ақсақалдар бата береді. Палуан күрес, ойын-сауық түрлері өткізіледі. Не керек, жұрт қауырт жұмыстан кейін кең тыныс алып бір жасап қалады. «Сабан той» мереке әрі егіншілердің еңбек қорытындысы десе де болады.
Сабан тойдың басы ауыл ақсақалының ақ батасымен бастау алды. Келесі кезекте тойға арнайы келген құрметті қонақтарға ауылшаруашылық техникалары және өнімдері, қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдардан дайындалған көрмелер таныстырылды. Сабан той – ұлттық салт-дәстүрдің ішіндегі жомарттық пен қайырымдылықтың, еңбексүйгіш елдің тағы бір қырын көрсететін еңбек мерекесі, әрі той. Шәлкөде және Талас ауылдарының ұйымдастырған көрмесінен кейін, той қонақтарына әннен шашу шашылып, өнерпаздар өз өнерімен көпшілікті таңдай қақтырды. Атап айтсақ, «Ару ана» әжелер тобы, Мамытханов Нұрбақыт, Иманбаев Талғат, Нұрақын Абзал, Құрманғазы Дастан, Құрманғазы Рүстем, Тоқсанбаева Раушангүл, Еркінбайқызы Айша, Құрманғазы әулеті ансамблі, Байжұма Кәмшат, балабақша бүлдіршіндері сабан тойға арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасын ұсынып шаршы топтың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, мереке күні арқан тартыс, тоғызқұмалақ, аударыспақ, қошқар көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтті. Ізгі тілек арнауды жақсылық нышанына балайтын көпшілік дүбірлі тойдың соңында мерекенің құрметті қонақтарының құттықтау сөзі мен ақжарма тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, Шәлкөде ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлы сөз кезегін алып, осындай думанды тойда ауылдың бірлігін көрсетіп, айтарлықтай ат салысып жүрген ауыл тұрғындарына алғысын білдірді. Өзі басшылық ететін қастерлі ауылда дәл осындай жұмыстар атқарып, сенім артқан халықты жақсылыққа жұмылдыра білген Олжас мырзаның да еңбегін ескермеске болмас. Сөз соңында ауыл еңбеккерлерін және ұлттық ойыннан жарыс жеңімпаздарын марапаттады. Сабан тойдың салтанатты бөлімі аяқталысымен той қонақтары төрге шығып, дастархан басынан орын алды.
Айтып-айтпай не керек, жұрт қауырт жұмыстан кейін кең тыныс алып бір жасап қалды. Ауыл — қаймағы бұзылмаған қазақылықтың айнымас көрінісі. Ел экономикасының басты күші ауылшаруашылығында екенін ескерсек, ауыл адамдарының еткен еңбегіне тәу етпеске болмас. Ауылдағы еңбек- оңай емес. Таза қара күш пен төзімге, адал еңбекке негізделген, ауызбіршілігі жарасқан ауыл тұрғындары арқа-жарқа болып, жоғары көңіл-күймен мәре-сәре болып тарқасты. Сабан тойда шырайлы Шәлкөде халқының бірлігіне куә болып, аядай ауылдың қыруар шаруа атқаруға қабілеттілігіне тәнті болып қайттық.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
Шәлкөде ауылы