“Ауылым — алтын бесігім” атты аудан, қала мәдениет күндері ауданымыздан бастау алды. Аталған шараның басты мақсаты — Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен аудан қалалардың өзіне тән мәдениетін өркендету, таныту, мәдени өрлеу мен жаңаша өмір жетістіктерін таныстыру, ұлттық өнерді, ұлы тұлғаларды дәріптеу.
Игі шара ауданымыздың табиғат көркі ерекше көз тартар Жамбыл ауылындағы Шоқпарбай сайында өтті. Күзгі табиғат келбеті тіптен көз тартады, күз мезгілі өзінің келгенін салқын самал желмен, сарғайған тау сілемдерімен білдіргендей, ғажап салқын, таза ауа. Ашық аспан астында мерекелік көңіл-күймен жиналған халық біршама. Таза қазақилықтың, ұлы даланың ұлттық құндылықтарының иісі аңқыған шараға сырттан келген қонақтар да ризашылық білдірді.
Мерейлі мерекелік шараға арнайы келген қонақтар — Ғұмаров Төлеужан Нүсіпжанұлы — комиссия төрағасы, Ақын-композитор, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, Ержан Тоқтар — ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облыстық филалының төрағасы, Такежанова Гүлшат Ақатқызы — әнші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Абдиева Ғазиза Мәкешқызы — ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері, Шарипова Базаркүл Құлмұхамбетқызы — Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының әртісі.
Арнайы қонақтарды күтіп алу рәсімінің өзі қазақи дәстүрмен көрініс берді. Алыстан ат терлетіп келген ат үстіндегі қонақтарды аудан өнерпаздары ұлттық аспаптарды арқалай жүріп әсем әнмен, жақұтты жырмен қарсы алды. Аудан белсенділері жақсыны көрмекке келген құдайы қонақтар сапын шара мақсатына сай ұйымдастырылған көрмеге бастады. Ауданымыздағы қолөнер шеберлерінің жұлдызды сәті туып, көздің жауын алар қолөнер бұйымдары келушілер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Шын мәнінде, шеберлік — әрбір адамға беріле бермейтін қасиет. Шеберліктерін ұлттық құндылықтармен ұштастырған жандардың көрмелері шараның сәні болды.
Қазақтың ұлттық тағамдары қандай ерекше десеңізші, ақ кимешек киген ардақты әжелердің ыстық таба нанға сары майды жағып ұсынуы тым керемет көрініс болды. Қазақтың сайын даласында сары май жағылған ыстық таба нанның дәмі аузыңнан кетпесі анық. Әжелер қауымы, тіптен есімі ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарды бабымен дайындап, қайта жаңғыртты. Жөргем, шыртылдақ сынды тағамдар дайындалды. Жаңа қайнаған самаурыннан шай құйылып, келіге тары түйілді.
Мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Үмбеталиев Ануа Мұхтарханұлы. Көңілі дархан аудан тұрғындарына жылы лебізін білдіруге асыққан тағы бір қонақ — ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ғұмаров Төлеужан Нүсіпжанұлы.
Шараның ресми бөлімі аяқталып, сахна төрінде аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетті.
Мұндай байқауда ұлттық ойындардың көрініс бермеуі мүмкін емес. Ауыл тойына жиналған бозбалалардың дәл осы ұлттық ойындар үшін келгені айтпаса да белгілі. Көкпар, садақ ату, асық ату, қазақша күрес, аударыспақ сынды ұлттық ойындар ойналды. Алтыбақан басына жиналған қыз-бозбалалар әсем ән шырқап, бұратыла би биледі.
Салиқалы жиынға қатысушылардың бәрі тегіс ұлттық киім киіп, қыз балалар ұлттық әшекейлер тағынған. Тарихтан тек оң өзгерістерге ие болып, кең насихатталып жүрген ұлттық киімдеріміздің көркемдігіне осындай жиындар барысында көзіміз жетіп, қадірін түсініп жататынымыз бар.
Аталған байқау өз кезегінде ұлттық құндылықты дәріптеп, ұлт руханиятын көтеру жолында үлкен маңызға ие. Қым-қуыт тіршілікке басқа қырынан қарап, ауыл атты асыл мекеннің қасиетін ұғынатын, табиғатпен тілдесіп, ұлтыңның қазақ екеніне, ұлттық дәстүр мен сананың биіктігіне көз жеткізіп қайтатын жиын болғаны сөзсіз.
Перизат ІЗТЕЛЕУ