Жылыту маусымы басталғалы бері Алматы облысында 181 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға аз. Бұл туралы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Арман Макенов мәлімдеді.
2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында өрттердің алдын алу және адам өлімін болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап облыс аумағында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Негізгі назар тұрғын үй секторына, әсіресе әлеуметтік осал топтар тұратын үйлердегі өрт қауіпсіздігін нығайтуға аударылды. Облыс аумағында 299 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар, олардың басым бөлігі пешпен және газбен жылытылады. Осыған байланысты өрт қаупінің алдын алу өзекті мәселе болып отыр.
«Алдын алу жұмыстары ең алдымен әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрғын үйлерін қамтыды. Аулааралық аралау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталып, олардың көпшілігі жедел түрде жойылды.»- дейді спикер.
Әлеуметтік тапсырыс аясында улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып, пештер мен электр желілерін жөндеуге көмек көрсетілді. Ескі және апатты жағдайдағы үйлерге ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бұқаралық ақпарат құралдары, брифингтер, SMS-хабарламалар және түрлі профилактикалық акциялар арқылы жылыту пештерін, газ және электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптары кеңінен түсіндірілуде.
Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарылып, тұрақты бақылауда тұр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Алматы облысында жылыту маусымы басталғалы өрт оқиғалары 10 пайызға азайды

