Білесіздер, Тоқаев қазір Мәскеуде жүр. Кеше біздің президентті ресейліктер «Жоғары мәртебелі» деп құрақ ұшып қарсы алды. Бүгін Кремльде Путинмен келіссөз өткізді. Жаңа ғана Оралда өткен өңіраралық форумға онлайн режимде қатысты. Бұл форумның тақырыбы «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» деп аталыпты. Мұның өзі еңбек адамдарына көңіл бөлу арта түскенін көрсетеді. Мысалы, Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға басымдық беріліп отырғанын тілге тиек етті. Олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алынғанын жеткізді. Бұл – өсер елдің баласы айтар сөз. Өйткені мұндай салаға инвестиция салған елдер мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп берген. Айтпақшы, осы сапар аясында мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылды. Тоқаев мұны екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанының дәлелі деп есептейді. Сондай-ақ құжаттың тарихи мәні зор деп мәлімдеді. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсететінін атап өтті. Бұл пікірмен толықтай келісемін. Көршінің бақуатты болғаны, тату болғаны кез келген мемлекет үшін джекпот тәрізді. Сондықтан Ресейдің дамығаны Қазақстанға, Қазақстанның дамығаны Ресейге керек. Сол себепті өзара қарым-қатынасымыз нығая бергені жөн.

