Үлкен зауыттар, өндіріс ошақтарын ашқысы келеді. Бірақ жарық жетіспейді. Тоқтың тапшылығы нағыз бас ауруға айналып барады дейді білетіндер. Бұл проблема бүгін-ертең шешілмейді. Сондықтан АЭС салынып біткенше свечка жағып отырмасақ болғаны. АЭС – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық жоба. «Росатом» бастаған халықаралық консорциум еліміздегі алғашқы АЭС құрылысын қолға алды. Технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл нысан – жоғары деңгейлі кәсіби мамандардың еңбегін қажет ететін үлкен сын. Құрылыста алты мыңға жуық жұмысшы мен үш мыңнан астам орта буын маманы еңбек етпек. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің кадрлық әлеуетін арттыруға жол ашады.Атом энергетикасы саласында білікті маман дайындау бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта өзім оқыған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Ресейдің «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылып, жаңа буын ядро мамандарын даярлауға кірісті.Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» өтіп жатыр. Бұл бастама да кездейсоқ емес. Өйткені елдің өсіп-өркендеуі тек идеямен емес, нақты еңбектің арқасында жүзеге асады. Ал нағыз еңбектің иесі – жұмысшы. Бұл бастама Орал қаласында өткен XXI Қазақстан–Ресей өңіраралық форумында да жалғасын тауып, форумның биылғы тақырыбы «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» деп аталған.Форумның пленарлық сессиясына екі елдің басшылары бейнебайланыс арқылы қатысып, еңбек адамының қоғамдағы рөлін күшейту жөнінде маңызды бастамаларды талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте кәсіби білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту керектігін атап өтті.Бүгінде елімізде колледждер тек теория үйрететін орын емес, нақты өндіріс орталығына айналып келеді. Дуальды оқыту жүйесі – соның айғағы.«Қазір 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. 4 мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің тәжірибе жинақтауына, оқу жабдықтарын жаңартуға тікелей атсалысуда», – деді Президент.Расымен қуатты ел боламын десең энергетиканы арттыру қажет, ал маман – сол қуатты іске қосатын басты күш. Екеуінің де түпкі мәні – елдің болашағын жарық ету, ертеңгі күнге қуат беру. Күніміз жарық болсын!

