Алматы облысында 2025 жылғы бітірушілер науқанының қорытындысы шығарылды. Биыл өңір мектептерін 17 мың 940 оқушы тамамдады. Соның ішінде 7 681 түлек мемлекеттік білім грантының иегері атанды.Грант иегерлерінің ең көп бөлігі Талғар ауданында тіркелді — бұл аудан жоғары оқу орындарына түскендер саны бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласының көрсеткіштері де жоғары.Мамандықтар бойынша ең көп грант педагогикалық бағытқа — 1 440 адамға, медициналық салаға — 770 адамға, ал аграрлық мамандықтарға — 543 түлекке берілді. Қалған 4 928 түлек инженерлік, IT және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды таңдаған.Бұдан бөлек, облыстың 27 түлегі Қытай Халық Республикасындағы Синьцзян университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды. Оның ішінде Талғар ауданынан — 6, Іле ауданынан — 7, Еңбекшіқазақ пен Қарасай аудандарынан — 3, Жамбыл ауданынан — 2, Алатау қаласы — 2 және Қонаев қаласынан — 4 түлек бар.Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен 30 грант бөлінді: оның 17-сі — медициналық бағытқа (соның ішінде 12-сі интерндерге), 7-сі — аграрлық, ал 6 грант — педагогикалық мамандықтарға арналған.