2.4 C
Нарынкол
spot_img
ДомойБас тақырып | О главномАТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ТИІМДІ ӘРІ ҚАУІПТІ ТҰСТАРЫН ДҰРЫС ТҰЖЫРЫМДАП ЖҮРМІЗ  БЕ?

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ТИІМДІ ӘРІ ҚАУІПТІ ТҰСТАРЫН ДҰРЫС ТҰЖЫРЫМДАП ЖҮРМІЗ  БЕ?

Атом электр станциясын Қазақстанда салу мәселесі көтерілгелі ел арасында үлкен талқылау басталып кетті. Қолдау мен қарсылық тең көрініс тауып жатқан АЭС салу мәселесі төңірегінде қалам тартпаққа бекініп, азды-көпті зерттеу жүргізіп көрдім. Атом энергиясының тарихын, әлем елдері тәжірибесін, дене түршіктірер қасіретті апаттарды, атом электр станциясының қажеттілігін, сарапшылар пікірін, зиянды тұстарын зерделеп көрдім. Бұл тұрғыда ел журналистері жарыса қалам тартуда. Дегенмен, бүгінгі күні, АЭС ті салу немесе салмау мәселесіне қарағанда, қайда және қалай салу жиі талқылануда.

Жалпы атом электр станциясы, атом энергиясы дегеніміз не? Атом электр станцияларының пайда болу тарихы.

Арнайы ғылыми анықтамаға сәйкес, атом энергиясы-ядролық реакциялардан және радиоактивті ыдырау кезінде босатылатын энергия. Ал атом электр станциясы — сол ядролық энергияны (атомдық энергия) пайдаланып электр энергиясын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорын. Жалпы ядролық реакцияларды электр энергиясын өндіру үшін қолданудың алғашқы әрекеттері дүниежүзінде 1940 жылдардан бастау алған. Тарихтан белгілі, 1940 жылдары еліміз КСРО құрамында болды.

Жалпы радиоактивтілік ұғымын ашқан француз физигі Анри Беккерель еді.  Әлемдегі алғашқы атом электр станциясы 1948 жылы академик Игорь Васильевич Курчатовтың бастамасымен басталған бейбіт атомдарды дамыту бағдарламасы аясында Кеңес Одағында құрылды. Сол себептен де, И.Курчатовты “КСРО атом бомбасының атасы” деп атау қалыптасып кеткен.  Бұл құрылымның басты бағыты — электр энергиясын алу болды. Кеңес Одағы ғалымдары атом электр станциясын бейбіт пайдалану мақсатта жоспарларын құра бастады. Мұндағы “бейбіт“ сөзіне мән берген абзал. Осылайша, 1948 жылы И.В.Курчатовтың ұсынысымен және Бүкілодақтық коммунистік партия мен үкіметтің нұсқауына сәйкес, электр энергиясын өндіру үшін атом энергиясын іс жүзінде пайдалану бойынша алғашқы жұмыстар басталып кетті. 1948 жылдың 3 қыркүйегінде Америка Құрама Штаттарында алғаш рет X-10 графит реакторынан алынған электр энергиясын пайдалана отырып, электр құрылғыларын қуаттандыру мүмкін болды. 1950 жылы мамырда Калуга облысында орналасқан Обнинск қаласында Обнинск атом электр станциясының құрылысы басталды. Дәл осылайша, тәжірибеден өткен атом электр станциясының тиімділігін әлем елдері болашақ жоспарларына қоса бастады. КСРО-дан тыс жерде 1956 жылы Калдер Холлда (Ұлыбритания) қуаттылығы 49 МВт бірінші өнеркәсіптік атом электр станциясы іске қосылды. Бір жылдан кейін АҚШ-та қуаты 60 МВт Шипингпорт атом электр станциясы іске қосылды. Франция 1959 жылы, Германия 1961 жылы, Канада 1962 жылы, Швеция 1964 жылы, Жапония 1966 жылы алғашқы атом электр станциясын іске қосты. 1979 жылы Three Mile Island атом электр станциясында ауыр апат болды, содан кейін АҚШ біртіндеп ядролық    реакторлар салуды тоқтатты.

ӘЛЕМДЕГІ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫНДА БОЛҒАН ІРІ АПАТТАР ЖӘНЕ ОНЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Таяқтың екі ұшы болатындай, атом электр станциясының ұшан-теңіз пайдасына татитын қауіпті тұсы-апаттылығы. Апат жайлы сөз қозғау- тарих талабы, себебі, тарихта мұндай ірі залалды апаттардың біразы орын алған.

    Мәселен, 1979 жылы 28 наурызда АҚШ-тың Three Mile Island атом электр станциясында жойқын апат болды. Апат МАГАТЭ шкаласы бойынша 5 балл алды. (МАГАТЭ-қауіпсіз және бейбіт ядролық технологияларды ілгерілететін ядролық ынтымақтастықтың жаһандық орталығы). Ақау себебі анық, Станцияның 2 энергетикалық блогында судың уақытылы ағып кетпеуінен және реактор ядросының жартысының еріп кетуі әсерінен апат болған. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ, дегенмен, жарылыстан хабардар болған ел халқының психологиялық зардаптарға ұшырауы жиі тіркелді. Халық атом электр станциясының құрылысына қарсылық таныта бастады. Бұл қарсылық орынды да еді, мемлекет үшін басты құндылық- адам өмірі емес пе?!

Келесі бір қайғылы апат 1986 жылы Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында орын алды. Бұл апат АҚШ тағыдай адам шығынынсыз болмады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Чернобыльдегі апат әсеріннен 4 мың адам қаза болып, атом электр станциясы аумағы радиоактивтік ластануға ұшырады. Апат салдарын жоюға біздің елімізден де 35 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Радиоактивті түтін апат аймағынан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 шақырымын зақымдаған.

МАГАТЭ шкаласы бойынша 7 балдық жойқындыққа ие болған апат 2011 жылы Жапонияда болды. Апаттың қауіптілігі 7 балдық көрсеткіштен ақ белгілі. Апат 9 балдық  жер сілкінісінің әсерінен болған.

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Атом электр станциясын салу негізінен қажеттіліктен туындап отырған дүние. Энергия мәселесі қазіргі ғаламдық маңызды мәселе. Қарапайым халық түсіне бермеуі мүмкін, дегенмен, арнайы мамандар энергия мәселесінде жиі дабыл қағуда. Ядролық технологияны жаулап алу және дамыту – өркениетіміздің табысты алға жылжуына мүмкіндік беретін, оның ішінде басқа планеталар мен жұлдыздарды зерттеу және отарлау мүмкіндігін қамтитын ең озық ғылыми, инженерлік, ұйымдастырушылық, мәдени және экологиялық жетістіктерді толық қамтитын күрделі жол. Бүгінгі күні адамның ақыл-ой жемісінің нәтижесінде күрделілігіне қарамастан, ядролық технология дамудың даңғыл жолында.

Қауіптілігі бары бар, дегенмен қажеттілігі де салмақты.  АЭС құрылысы экономиканың өсуін және жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді – АЭС құрылысы кезінде 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын ашады. Атом энергетикасының дамуы ғылыми зерттеулер мен жоғары технологиялық өнімдердің экспорт көлемінің өсуіне де ықпал етіп, адам қызметінің басқа да көптеген салаларын дамытады. Сонымен қатар, Атом электр станциялары ауа райы жағдайына қарамастан тәулік бойы сенімді түрде электр энергиясын өндіреді.

Атом электр станцияларында электр, жылу және басқа да өнімдерді өндіру шағын аумақты алып жатыр, бұл көптеген аумақтар мен экожүйелерді олардың одан әрі адам әсерінен өзгертуінен сақтауға мүмкіндік береді. Ядролық отынға қолданылатын 4%-ға дейін байытылған 1 килограмм уран толық жанған кезде шамамен 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай жағуға тең энергия бөледі.

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНА ҚАНДАЙ МАМАНДАР ҚАЖЕТ? БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ДАЙЫНДАУДА ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА?

Атом электр станциясы арқылы энергия өндіру үшін елімізге білікті мамандар қажет. Атап айтсақ, атом саласы мамандары, электриктер, механиктер, дозиметршілер, радиоэкология, адамдарға радиациялық әсер ету мамандары. Соңғы екі мамандық иелері нысанның радиациялық қауіптілігіне байланысты. Бұл мәселе тұрғысында, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Бөргековтың елордалық журналистерге берген сұхбатына сүйенсек, Қазіргі таңда Ядролық физика институтында инженерлік-техникалық персоналды оқытатын Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ядролық және қызметке жәрдемдесу орталықтарының халықаралық желісіне кіреді.

Ядролық физика институты осы саланың мамандарын дайындайтын еліміздің төрт оқу орнымен тығыз байланыста. Олар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Бұл университеттердің студенттері институтта ғылыми-практикалық тағылымдамадан өтуге, өздерінің ғылыми жұмыстарын жасауға, оқудан бос уақытында қондырғыларда жұмыс істеп, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасалған. Биыл білім алушылар саны 253 адамды құрайды, ал соңғы 12 жылда 1600-ден астам маман даярланды. Ал ұстаздар қауымына келер болсақ, Институт қызметкерлері бүкіл әлемге танымал MIT, CERN сияқты ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өтіп, бірлескен зерттеулер жүргізеді. Тек соңғы 5 жылда Ядролық физика институты 30-дан астам PhD докторын дайындаса, жалпы алғанда, ғылым докторы, кандидаты және PhD ғылыми дәрежелері бар 300-ден астам ғалымды дайындады.

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ ЖАЙЫНДА АРНАЙЫ САРАПШЫЛАР МЕН МАМАНДАР ПІКІРІ

Әрине, біздер жалпылама ақпараттар ұсына алғанымызбен, осы саланың арнайы мамандары секілді нақты әрі тың ақпараттарды ұсына алмасымыз анық, олай болса, арнайы сарапшылар пікірлеріне тоқталсақ

Бір қызығы, жекелеген энергетик мамандар Қазақстанда АЭС салу тиімсіз екенін айтуда. Бірақ, атом энергетикасының әлемде қымбаттап бара жатқаны да бар. Бұл, атом электр станциясының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалған ресурсқа байланысты. Демек, АЭС тұрақты энергия көздерін беріп отыратын бірден-бір жоба екені шүбәсіз. Сонымен қатар, мамандар, елімізде 2035 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы 30 пайызға артатынын болжауда. Мамандардың пікірінше, АЭС электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмектеседі. 2028 жылға қарай тек оңтүстік аймақта тапшылық 1000 Мегаваттан асады. Еліміздің ядролық-отын кешені жеткілікті дамыған, ал мамандарда тапшылық жоқ, дейді сарапшы, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас менеджері Әсет Махамбетов. Ядролық-энергетикалық технологиялардың ағымдағы нарығына көз жүгіртсек, реакторларды жеткізушілер өз реакторларын жобалау кезінде станцияда қандай да бір апат болмау жағына қатты назар аударады. Осыған байланысты қазіргі реакторлар 50-80 жыл бұрын салынған реакторларға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз саналады. Қазақстандық тарап жоспарланып отырған АЭС құрылысы аясында  әлеуетті жобаны салу үшін келіссөздерді жалғастырып жатыр. Бірқатар шетелдік компаниялардан тиісті ұсыныстар түскен.

“Атом электр станциясын салмаса не болады? деген сұрақ бүгінгі күні көптің көкейінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз АЭС салу жобасын жүзеге асырмаса, еліміз экономикалық жағынан зардап шегіп, республикаға келетін инвестиция кемиді және аймақтағы көшбасшылық қабілетінен айырылады. Дегенмен, қарапайым халық мұны түсіне бермейді, оған әлемді дүрліктірген себептер де жоқ емес. Барлығы адами факторларға байланысты. Сол себептен, білікті мамандар ауадай қажет. Атом электр станциясын салу біраз уақытты қажет етеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек атом өнеркәсібі үшін емес, онымен байланысты бірқатар саланың дамуына, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіруге осы энергетика көзінің септігі тиеді.

АЭС салу-ел ертеңі үшін маңызды әрі жауапты шешім болмақ. Өз мақсатында, қауіпсіздікті баса ескере отырып, салынып, пайдаланылатын болса, бұдан асқан игілік жоқ. Жоғарыда, атом электр станциясының пайдасы мен зиянын қатар сипаттадық. Нақты әрі дәлелді дәйектерді ұсындық. Ендігі шешімді халық өзі тұжырымдап, референдум барысында өз қалауын білдіретін болады.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Жаңалықтар