Елінің ерке ақыны атанған Еркін Ібітановтың 90 жылдығы жарасымды жалғасын тауып өз дәрежесінде тойлануда. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ақынның туған жері Қарасаз ауылында Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінде ақын Еркін Ібітановтың 90 жылдығына арналған «Еркін — жырдың аспаны» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ақынның тоқсан жылдық тойына алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар Еркін Ібітановтың ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қойды. Кештің басы аудандық Хантәңірі халық театрының Мұқағали мен Еркін ақынның арасындағы естеліктерді көрініс арқылы көрсетуден басталды. Жиынның тізгінін ақын Бақыт Жағыпар ұстады. Тоқсан жылдық тойдың алғашқы құттықтау сөзі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Әшімбаев Мәулен Сағатханұлының жолдаған құттықтау хатын оқу үшін Алматы облысы мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаевқа берілді. Келесі кезекте Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлының құттықтау хатын Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алиев Данияр Абзалиденұлы оқыды. Сонымен қатар ақынның жары Алтынгүл апамызға сый-құрметін көрсетті. Келесі құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлына берілді. Аудан басшысы уақытпен үндесіп заманмен сырласқан ақынның тоқсан жылдық торқалы тойымен барша жұртшылықты құттықтады. Аудан халқының атынан Алтынгүл апамызға сый-сияпат жасады. Ерекеңнің мерейтойына арнайы келген құрметті қонақтар Алматы облысының Құрметті азаматы Тоққожа Естенов және Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбаевтар сахна төріне шақырылды. Сөз кезегін алған қонақтар ақынның ақындығына тапқырлығына адамгершілігіне тоқталды. Еркін ақынмен бірге жүріп әзіл қалжыңы жарасқан Естенов Тоққожа ағамыз ақын туралы естеліктер айтып, Алтынгүл апамызға ат мінгізді. Жазушы Б. Сарыбаев Қазақстан жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтың қолымен Қазақстанның барша жазушылары атынан жазылған құттықтау хатын оқып, апамыздың иығына комзол жапты. Сондай-ақ, ақын Нұрлан Оразалиннің Еркін ағамызға арнаған аманат өлеңін көпшіліктің алдында оқыды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ұзақ жыл Советтік шекара газетінде Еркін ақынмен бір бөлмеде бірге қызмет істеген Батық Мәжитұлы әріптесі туралы толыққанды баяндады. Жаңа шыққан жас ақынның қабырғалы қаламгерлермен қалай иық тірестіргені туралы айтылды. Ерекеңнің ойлы өлеңдеріне жеке-жеке тоқталып, талдау жасады. Ақынның шығармашылығы, тапқырлығы, адамгершілігі және журналистік қыры туралы кең көлемде айтты.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Е. Ібітановтың жаңа жыр жинағы жарық көрді. Су жаңа кітаптың тұсауын ақынның жары Алтынгүл Ысқақова, Алматы облысының Құрметті азаматы Тоққожа Естенов, Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алиев Данияр Абзалиденұлы, ақын Кәдірбек Құныпияев, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын Бақытжан Алдияр, ақын Қожан Мұстафа, ақынның інісі Мұхтархан Қалиұлы, ақын Биғайша Медеуова, ақын Жарас Сәрсектер кесті. Еркін ақынның сөзіне жазылған «Бұлттар», «Жаңбыр» тағы басқа әндер сахна төрінде алғаш рет орындалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсыновалардың Еркін ақын туралы естеліктері таспа арқылы көпшілікке тыңдатылды.
Осыдан біраз уақыт бұрын облыс көлемінде Еркін Ібітановтың тоқсан жылдығына орай Алматы облысының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында «Тау тұлғалы ақын» атты жыр мүшайрасы өткен болатын. Сол мүшайрада оза шауып орын алған оқушылар бүгінгі әдеби кешке арнайы шақыртылған. Жас ақындар арасындағы жыр мүшайрасының жүлдегерлері Қарасай ауданынан Асылым Кәдірбек, Кеген ауданынан Бахарбек Дәулетжан, Еңбекшіқазақ ауданынан Қойбақ Ерасылды ақын Жарас Сәрсек марапаттап жүз мың теңге ақшалай сыйлық және диплом табыс етті. Үшінші орын иегерлері Алатау қаласынан Мәметай Ербосын, Қарасай ауданынан Серік Алан, Іле ауданынан Нұрмұханбет Айзерені ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмат Исаділ марапаттап, екі жүз мың теңгенің сертификаты мен арнайы дилом табыстады. Екінші орынды жеңіп алған Райымбек ауданынан Отан Ерасыл, Талғар ауданынан Айтбай Нұрымгелдіні ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар марапаттап, үш жүз мың теңге ақшалай сыйлық және арнайы диплом табыстады. Жыр мүшайрасында жүлделі бірінші орынды жеңіп алған Ұйғыр ауданының жас ақыны Мұқағали Нұрсұлтанды Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алиев Данияр Абзалиденұлы марапаттап, бес жүз мың теңге сертификат, арнайы диплом табыс етті. Сахна төрінде мүшайраның бірінші орын иегері атанған Мұқағали Нұрсұлтан Еркін ақынға арнаған өлеңін оқыды.
Айбек Мұхаметәлі, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Қанат Ибрагимов сынды күміс көмей әншілер әуелете ән салып әдеби-сазды кештің көркін кіргізді.
Кештің қортынды кезеңінде Ерлан Ібітанов пен ақын Батық Мәжитұлы Еркін ақынның шығармашылығын насихаттау жолында тер төгіп жүрген бірқатар ақын, жазушы, сазгерлерге Еркін Ібітанов атындағы төсбелгілерді табыстады. Тоқсан жылдық тойдың соңы Еркін Ібітановтың өз дауысымен оқыған өлеңімен қортындыланды.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
Қарасаз ауылы