Алматы облысында АИТВ инфекциясының таралуына қарсы күрес өз нәтижесін беріп келеді. Облыстағы жүйелі жұмыстар мен заманауи емдеу әдістерінің арқасында анадан балаға АИТВ-ның берілу тетігі толығымен тоқтатылды. Бұл туралы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Алмас Масалимов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында АИТВ-мен өмір сүретін 24 әйелден 24 сау нәресте дүниеге келген. Барлық жүкті әйелдер толық антиретровирустық (АРВ) профилактика курсынан өткен. Сонымен қатар, туылған сәбилерге де АРВ-профилактика толық көлемде жүргізілген. Бұл көрсеткіш – профилактикалық шаралармен қамтылудың 100% жеткенін көрсетеді.
Алмас Масалимовтың айтуынша, соңғы екі жылда жаңа туған балалар арасында АИТВ жұқтыру жағдайлары мүлде тіркелмеген. Бұл – аймақта жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының тиімділігін нақты дәлелдейтін көрсеткіш.
Бүгінгі таңда Алматы облысында 2 782 адам АИТВ-мен өмір сүруде, олардың 2 700 тұрақты түрде антиретровирустық ем қабылдап отыр. Заманауи антиретровирустық терапияның (АРТ) арқасында АИТВ жұқтырған адамдарда вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейге дейін төмендейді. Бұл дегеніміз – олардың өз жыныстық серіктестеріне инфекцияны жұқтыру қаупі болмайды.
«Бұл — тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан да үлкен жетістік», — дейді орталық директоры.
Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесінде емдеуге қамтудың артуы, анадан балаға АИТВ берілу жолының жойылуы, сондай-ақ вирустық гепатитті емдеуге кең қолжетімділік – жүйенің тиімділігін көрсетеді.
Алда тұрған басты міндет – эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап, АИТВ-ның таралуына жол бермеу. Бұл үшін алдын алу әдістері кеңінен қолданылып, жоғары тәуекел топтарын толық қамту жұмыстары жалғасатын болады.
АИТВ-мен күрес саласындағы жүйелі жұмыс пен мемлекеттік саясаттың үйлесімділігі қоғамдық денсаулықты нығайтуға зор үлес қосып отыр.
АИТВ-ның анадан балаға берілуі – медициналық және әлеуметтік серпіліс
