Өмірде көп жасап кеткен көненің көздері мен одан кейінгі көштің басындағы аға буындар: «Жаз айының беташары – жақсылықтың бастауы» деп тегін айтпаса керек. Расында да күнтізбеден маусым айының алғашқы парақтары ашылғаннан-ақ, қуанышты сәттер құшағын жая түседі. Мұны халықтың қалыптасып кеткен дәстүрге балап, көңілдері көкке жетіп жүргені де үлкен қуаныш.
Осынау халықтық игілікті іс-шараны негізсіз айтып отырғанымыз жоқ. Бұған көптің алдына көлденең тартар мысалдар баршылық. Соның бірін ғана тілімізге тиек етіп алайық. Ол мектеп бітірушілердің араға жылдар салып, өзара сынып болып жүздесуі мен кездесуі. Бұл дәстүр ешқашан да ұмыт қалған емес. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген аталы сөзге сүйенер болсақ, біраз құлақ асатындай жайларға қаныға түсеміз.
Зырлаған уақыттың ағыны уысқа тұрмайтыны анық. Күні кеше ғана мектеп оқушысы атанып жүрген азаматтың, мектеп бітірген шағы бір салтанатты сәт болса, одан арғысы тіптен бөлек. Оны мектеп бітірушілердің 20, 30, 40, 50, 55 жылдық кездесулерінен жыл сайын көріп жүрміз. Мұның өзі уақыттың оңай өлшемі емес. Мектеп бітірген түлектердің осыншама жылдардан кейін сартап болған сағынышпен бас қосулары қандай ғанибет десеңізші. Өмірде бір келетін осынау қуаныштарды көзбен көріп, бастан кешсеңіз, тіптен тіл жетпейтін ғаламат күйге түсесіз.
Таяуда 1970 жылы (бұрынғы Нарынқол) қазіргі Райымбек ауданының «Нарынқол» орта мектебін бітірген 10-шы «Г» сыныбы түлектерінің мектеп бітіргендерінің 55 жылдық кездесуіне қайран қалмасқа әбдің жоқ. Олардың осыншама уақытты араға салып, бір-бірлерімен бетпе-бет, жүзбе-жүз қауышуларынан адам баласының арасындағы бастан кешетін өзара қимастықты, сыйластықты, бауырмалдықты, сағынышты анық аңғаруға болады. Әрине, мұндай жан сүйсінтер жақсы іске қызыға қарайсыз.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері өмір өріне өшпес өнеге жолы ретінде берік қалыптасып, жақсы жалғасып келе жатқан айнымас дәстүрдің, тамаша сәттердің тағлы аларлық жәйттердің тағы да куәсі болдық. Сол кезеңде «Нарынқол» орта мектебі атауына ие болған бұл білім ордасы кейіндеп Абай атындағы орта мектеп атанды, ал, біраз жылдардан бері мектеп атауы түкпілікті түрде марқұм, жерлесіміз, журналист-жазушы Тельман Жанұзақовтың есімімен аталып келеді.
Бұл кездесуді ұйымдастырып отырған түлектер бүгінгі күні 73 жастың белесіне шыққандар. Шеттерінен халық алдындағы парыздары мен қарыздарын мүлтіксіз орындаған әлі де орындап келе жатқан ардақты аталар мен апалар. Құрметті ардагерлер сапындағы олардың әрқайсысы бір-бір үйдің бәйтерегі десе де болады. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты апалардан жапырақ жайған ұл-қыздары да бір-бір әулеттің иегерлері ғана емес, халықтың қамы үшін табан ет, маңдай терімен еңбек етіп жүрген жайсаң жандар. Оның өзі ұзын-сонар әңгімеге татырлық.
Кездесу барысындағы жиналғандардың әңгімесі осы күнге дейін осы күнге дейінгі өткерген өмірлеріндегі бастан кешкендерін баяндаудан басталды. Ең алдымен олар өмірден бақилық болып кеткен парталастарының және отау құрғаннан кейінгі өмір барысында о дүниеге аттанып кеткен әруақтарға арнап құран бағыштады. Осы орайда оқушы кезінде белсенді болған Тұрдыш Иембердиева, Әбілқасым Смағұлов, Бақыт Тағыбеков, Нұрқасым Бағашаров, Дәріжан Ермекбаев, әлия Кенжебаева, Сарқыт Алмабекова, Аманкелді Малаев, Амантай Сейлібаев, Күлсара Алдабекова, Жәнет Бүйенбаев, Нұрмұхамед Есімбеков, Нағима Мәдиева, Төлепьерген Шарғынбаев, Бүбіш Мұрапбаева, Қарлыға Сәрсекова, Бүбина Көккөзова, Дүйсенбай Сламжановтар сол бір адамдық асыл қасиеттерін сары алтындай сақтап қалған.
Олардың осындай пәктігі мен тазалығына қуанбай тұра алмайсың. Осынау тәлім-тәрбиенің, тектілік тегінің, иман-ибадаттың сан қыры олардың бүгінгі ұрпақтарына да жұғысты болған. Әрқайсысы адалдықпен атқарған еңбектерінің арқасында абырой атаулыдан кенде қалмаған. Әркім өз мамандығының иегерлері болып, еліне еңбектерін сіңірген елеулі азаматтар қатарынан табылған. Ол ұзақ әңгіме. Ал, кезінде сыныптастары суретші болады деп үлкен үміт күтіп жүрген Нұрмұхамбед Есімбеков жазушы болып кеткен. Оның білім беру ісінің білгірі атануымен қатар, жақында ғана «Нарынқол әңгімелері» деген жаңа кітабы жарық көріпті. Сыныптастары оны осы кітабымен қуана құттықтап жатты. Біз де сәттілік тіледік.
Сөйтіп, мектеп бітірушілердің бұл басқосу кеші есте қаларлықтай ерекше күн болды. Олардың жүздерінен сол күні қарттықтың, қартайғандықтың ешқандай да белгісін көре алмадық. Қайта армансыз шер тарқатып, бір жасарып қалғандықтың жақсы нышанын байқадық. Кездесудің кереметтігі осы да…
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы