23.5 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАҚЫН-ЖУРНАЛИСТ – АЙТАҚЫН АҒА

АҚЫН-ЖУРНАЛИСТ – АЙТАҚЫН АҒА

Көз алдымыздан кетсе  де, көңіл түкпірінен кетпейтін адамдар болады, оның халқына жасаған қажырлы еңбегі, ізденімпаздығы, жоғары мәдениеттілігі, мейірімділігі, табандылығы, қандай жағдайда да, халқының,  әріптестерінің жанынан табылған. Сенімді дос, жанашыр әріптес, қамқор әке, өзінің мәртебесінен де жоғары, әріптестерінің еңбегін бағалап, құрметтейтін ақын аға жайлы  әңгіме қозғамақпын.

Әр адамның еңбек жолы әртүрлі, оның бірі дәрігер, мұғалім, малшы, құрылысшы,  сәулетші болар, әркімнің  өз үйренген кәсібі бар, қайсысы артық, кем екенін таразылай алмайсың.  Қандай жерде жүрсе де оның адал атқарған жұмыстары айқындалып, байқалып тұратын, халқы құрметтеп  еске алып ұмытпайтын адамдар болады, солардың бірегейі — Айтақын аға еді.

Жерлесіміз, ақын – журналист Айтақын Әбдіқалов 1947 жылы Нарынқол ауданында Қайнар ауылында  туған. Туған   ауылында 8-жылдық мектепті бітірген соң, аудан орталығы Нарынқолдағы орта мектепті 1966 жылы бітіріп шыққан. 1966 жылдан бастап, Нарынқол ауданындағы «Советтік шекара» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызметтер атқарды. Ақын ағаның тұңғыш жыр жинақтары 1978 жылы жарық көрді. Содан бері ақынның «Балауса», «Бастау», «Ұшырайын құсымды», «Өмір кеме» атты жыр жинақтары оқырмандар қолына тиді. Өлеңдері орыс тіліне де аударылған, «Разбег» атты ұжымдық кітапқа бір топ өлеңдері  енген. Көпшілік оқырманның қолына тиген, «Мұқағали» атты ІІ томдық естелік зерттеулері, «Хантәңірінің мұзбалағы»,  «Мұқағали дастан» атты  зерттеу кітабын құрастырған бұл кітап, тікелей  ақын ағаның жинақтап құрастыру нәтижесінде жарық көрді. Бұл үлкен еңбек.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтарының авторы Айтақын Әбдіқалов  1980 жылдарда бірнеше мәрте облыстық ақындар айтысында жүлделі орынды иеленген, айтыскер ақын. Ол белгілі айтыс ақыны Надежда Лушниковамен атақты Әлімқұл Жамбыловпен, біздің жерлесіміз ақын Мұса Жанаділовпен, басқа да ақындармен айтысып, жүлделі орындар иеленді. 1984 арман жетегімен өзінің шығармашылық қызметін облыстық «Жетісу» газетінің әдебиет және өнер бөлімінде    жалғастырады. Осында бірнеше жыл жемісті қызмет атқарып, облыстық кәсіподақта «Алатау» газетінде редактор, облыстық «Қазақ тілі» қоғамында төраға, облыстық әкімшілікте Тіл және онамастика секторының меңгерушісі болды.  2004 жылдан ақын аға теледидарда еңбек етіп, бірнеше жыл Алматы теледидарының саяси шолушысы,  Республикалық теледидардың Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Алматы облысының экономикасы мен ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет салаларындағы, жақсы жаңалықтар болса, Республика көрермендеріне жеткізуге бар күшін салған журналист әрі ақын Айтақынның көптеген еңбектері жарық көрді. Өмірінің соңына дейін, Райымбек ауданынан шығатын «Хантәңірі» газетіне көптеген өлеңдерін, толғауларын, көңілге түйген ойларын жариялап отырды. Алматы  облысының  және  Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, М.Мақатаев  атындағы сыйлықтың  лауреаты, Мұқағалитанушы. Ақынның жыр жинақтарында адам мен заман, уақыт пен қоғам жайлы адалдық пен сатқындықты, күштінің әлсізге өктемдігін арқау еткен, оның азамат ақын  ретіндегі дауысы өз оқырмандарына анық танытатын ойлы-сырлы  өлеңдерден тұрады. Мұқағали ақын ағамыз айтпақшы ….

Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы,

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей  кеткен бір ер-тұрманы.

 Жазылар, естеліктер нешелеген,

 Көрерміз бәрі оның пешенеден.

Әйтеуір білетінім бір-ақ нәрсе

Көшеді өлең, немесе өшеді  өлең   —     дегендей, өркениетті  мәдениетті елдің азаматтарына ұқсап еске алу өткізіп,  естелік жазу осы оянудың жақсы белгілері. Осындай игілікті  істердің барлығы өлілерді еске алу үшін ғана емес, тірілерге де қажет. Ұят, сенім, борыш, парыз-қарыз дегендердің салмағын, жауапкершілігін сезініп, ұғынуымыз үшін, артта қалған ұрпаққа  осы биік  ұғымдарды аманат қылып қалдыру үшін керек. Біртуар  азаматтарымыздың қадір-қасиетін оларды көрмеген ұрпақтарға айтып кету – қай-қайсымызға да парыз. Естеліктер дегендерді  саралап отырсақ, мақтау үшін дегендер, бекер ойлайды. Естелік жазу  мақсат емес, бірақ  айтар басқа да ой бар, мәселен кейде біз пендеміз, жаныңда жүрген жақсы адамдардың қадірін білмей, өмірден озған соң, шарқ ұрып іздейтін кездеріміз бар. Қанша еңбектенсе де еңбегі бағаланбаса, әріптестер арасындағы кейбір пендешілік, өмірдегі қиындықтар, күйзелістер, кез-келген адамды тығырыққа тірейтін кездері бар. Ақын аға жайлы айтқандарын  еске түсіріп, естеліктер жазу үшін еңбек жолын, шығармашылық  жұмыстарын, отбасы, араласатын  жақындары, достары жайлы зерттей бастағанда ұққаным, Ақын ағамыз 77 жасқа келгенше, талай   иірімі бар, әр түрлі жолдардан жүріп өткен екен. Алғаш еңбек жолын  туған жерінен бастап, «Советтік шекара» газетінде тілші болып, баспалдақпен көтерілсе, «Жетісу», «Алатау» газеттерінде  редактор, бөлім меңгерушісі, айтыскер ақын, «Қазақ  тілі» қоғамында  төраға, теледидарда саяси шолушы болып қызметтер  атқарған еді. Әрине  жауапкершілікпен атқарған тынымсыз еңбектері нәтижесінде, еліне, атамекеніне  қызмет етті, халқына танымал  бола жүріп, зерттеу жұмыстарын жалғастыра жүріп, көңіл, толқығанда, қуанышты, ренішті  сәттеріндегі толғаныстарын жыр жолдарына  түсіретін еді.  Ақын жолы қиын жол екенін, өлеңде қиындықта, қуанышта туатынын Мұқағали ақын ағамыздың жырларын зерттей жүріп жан сырын  ұққандай. Ақынның үлкен еңбегінің бірі — дауылпаз ақын Мұқағалидың бүкіл жүріп өткен жолын, еңбектерін, поэзиясын  жан-жақты зерттеп, ақынның халқынан бұрынғыдан да танымал болуына көп еңбек сіңірді. Мұқағали ақын жырларын, поэзиясын зерттеуі, ол кісінің  еңбегі  бағаланған, сонда да  ақынға құрмет, оның артықшылығы халқына танымал бола түссін деген ой болған шығар, дауылпаз ақын жайлы жазылған естеліктер қаншама, бірақ жан-жақты зерттегендер аз-ау. Сонымен қатар,  бір елдің ұрпақтары болғаннан соң болар, Мұқағали, Айтақын ақын ағалардың, туған жерлері Күн тауы-Тянь-Шаньның  көк тіреген шоқысына іргелес бірі Елшенбүйректің, бірі Іле-басы(Лабасы) баурайында өмірге келсе, Қарасаз, Қайнар  ауылдарында  екі ауылдың ортасын тек бір ғана Қаратау бөліп тұр. Бұл мекенде табиғатқа  тән табиғи сұлулықтың, барша байлықтың бәрі бар, Шалкөде, Көккемер жайлауындағы қапталдар толған қарағай, қайың, қарақатқа толы, таудан аққан бұлақтары, асыр салып жүзетін құстар, балықтар мекені болып, Қарасу, Текес өзендеріне қосылып, қуатты өзендер болды. Аспанында қыран қалықтап, тастарында тауешкі, арқар, барыс ойнақтаса, екі ауылдың  таулары да жалғасып жатса, осындай  әсем табиғатта, қасиетті мекенде туған қос ақынның, Айтақын ағамыздың  поэзиясында кейбір өлеңдеріндегі үндестік ерекше байқалып тұрады. Екеуі де Сырымбет баба ұрпағы болса, жырлаған, пір тұтқандары Райымбек батыр бабамыз. Мұқағали ақын ағаның  атақты «Райымбек, Райымбек!!» поэмасы, Айтақын ағаның  «Батыр  баба — Райымбек»  атты толғауы да батырлық, ерлікке тағзым  етіледі.

Батыр баба-Райымбек

Елін, жерін ерлігімен қорғаған,

Дария-дастан  Райымбек — нар бабам!

Міне, Батыр тау тұлға боп орнаған!

Қос бүйірден қалың жау  кеп қысқанда,

Жетісуын таптатпаған дұшпанға!

Осы қырға бұрды мекен ат басын,

Көкойнақпен құстай  самғап  ұшқанда.

Бабалар ғой бастап берген жол басын,

Ұлылықты ұға білу ол да-сын.

Өз тарихын ардақ тұтқан ұрпақты,

Райымбектің ұлы әруағы қолдасын!

Қыдыр болсын, бауырларым  жолдасың!

Ақын  ағаның  отбасы, ата-анасы, бауырларына тоқтала кетсем. Ақын аға әкесі Әбдіхал қария алғашқы колхоздастыру кезеңінен бастап-ақ,  алғашқы жер жырту, масақ теру, өзінің замандастарымен бірге мал шарушылығына араласып қой да, жылқы да баққан. Соғысқа жаппай жастар аттанғанда ауылда жасы ұлғайған азаматтар, денсаулығы жоқ адамдар, жастар, қыз-келіншектер балалар қалған еді. Тылда қалған азаматтар майданға, кеткен бауырларының орнын жоқтатпай ауылда қарбалас тіршілікте болған. Әр атқарылған жұмыс, майдан үшін деп басталатын. Таңның атысы, кештің батысы еңбекке араласқан азаматтардың, арасында Әбдіхал қария мен жары Жамал да бар еді. Әбдіхал ата өлең айтып жиын — тойда көптің ортасында жүрген халық адамы болған екен. Ұрпақтарының ақындық қасиеттері әкеден қалған қасиеттің бірі шығар. Бауыры Тоқтасын аға  бала кезінен  поэзияға  жақын   болған өлеңдері, «Жетісу», «Хантәңірі» газеттерінде жарияланып отыратын, жеке өлеңдері жинағы шыққан, інісі Ерлан Тоқтасынұлының жыр жинақтары, оқырмандарының жүрегінен орын тапқан. Айтақын аға  үнемі анасын сағынышпен  еске алатын, «Маған ақындық қабілет, қасиет әкемнен дарыған-ау деймін, ал анам тіпті ерекше адам еді, сөйлеген сөзі, мәдениеттілігі, кісілігі, жібектей  мінезі, балаға деген махаббаты, Жамал десе, шынында жамалын шашып  тұратын деп, осы Күлшархан тәтелерің тура енесі сияқты деп жарында құрметтеп отыратын.» Ақынның жары Күлшархан тәте мінезге бай, парасатты жар бола білді, ақын жолы қиын жол екенін біліп қандай жағдайда жарының жанынан табылған еді. Ақын аға өмірде туған-туысқа  қарым-қатынаста өте байыппен, кешірімділікпен қарайтын, кез-келген көмек сұраған адамға қол ұшын беріп, қашанда қуанышта, қайғыда ортақтасып, қандай жағдайда да бірге болатын.

«Айтарым бар, адамдар» атты жинағында  мынадай жыр шумақтары бар.

Адам-орман.

Адам-орман,біз жүрміз  арасында,

Көресің аласын да,қарасында.

Шіркін-ай рентгенмен көрерме едім,

Кімдердің не бар екен санасында.

Уақыт-керуен, қашанда сапарда адам,

Өмір соқпақ, қай жаққа  ол апармаған.

Біз білмеген  қаншама  құпия бар,

Танып-біліп, әліде аша алмаған.

Ойлар теңіз,үңілгін тереңіне,

Өткен күн, келер таңның берері не?

Өмір үшін, жаныңды сыздатпасаң,

Айтшы онда, қапақ бастың керегі не?! -деп жырлаған еді  ақын аға.

Бірнеше  өлеңдеріне әндер  жазылып көрермен көзайымына айналуда,  танымал әндері «Жетісу вальсі»,  «Қалады бәрі», «Сағыныш сазы», «Досқа наз», музыкасын белгілі сазгерлер  Бейбіт Дәлденбаев, Мұханбек Бөрібаевтар жазған еді. Ақын  балаларына қамқор әкесі, мейірімді жар бола білді, балаларының білікті адам болуына қамқорлықтар жасаған жан еді.   Басында мен  айтқан  едім, естелік жазу тек мақтау  емес, еленбей атқарылмай, тірі кезінде, ала алмаған атақтар бар екенін ескерту де керек қой. Әлі де ақын аға жайлы  көп естеліктер, шығармашылығы, еңбектері, жасаған жақсылықтары жайлы айтылары анық, дегенмен де, менің  айтарым өзі ұзақ жылдар жұмыс істеген ауылдарда ауданда ағаның атымен аталатын көше, сонымен  қатар үлкен естеліктер жинағын  шығарса әріптестері. Міне ақын ағамыздың арамыздан өткеніне бір жылға жуық уақыт өтіпті-ау. Зырлап, зулап  өтіп бара жатқан уақыт-ай. Ақын ағаға арнаған   естелігімді ақын ағаның   өз өлеңімен аяқтамақпын.

Уақыт-қымбат қазына.

Әрбір күнім-тындыратын мол ісім,

Уақыт саған борыштармын сол үшін.

Таң қаламын жатқандарға тапжылмай,

Еш нәрсеге тигізбестен қол ұшын.

Әрбір жылым- асқар асу, белдерім,

Не тындырдым,есебімді ал менің.

Мен өмірге беру үшін келгенмін,

Өмір сенен алу үшінде келгенмін!

Бақыттымын жемісті өткен күндермен,

Бақытты адам — бәрін істеп үлгерген.

Бітпей жатқан жұмыстарымда әлі көп,

Біраз  істі  тындырдым  деп жүргенмен…  деп ақын аға өмірден, өзі айтқандай зымырап, зымыран уақытпен жылжып өте шықты.

Союзхан ЖЫЛҚЫБАЙҚЫЗЫ,

зейнеткер ұстаз,

Райымбек ауданының

Құрметті азаматы,

Қайнар ауылы

Предыдущая статья
Следующая статья

Жаңалықтар