13.5 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиАлматы облысындағы табиғи монополиялар тарифтері мен коммуналдық жүйелерді дамыту мәселелері – 2025...

Алматы облысындағы табиғи монополиялар тарифтері мен коммуналдық жүйелерді дамыту мәселелері – 2025 жылдың І тоқсаны


2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында Алматы облысы бойынша табиғи монополиялар саласындағы тариф белгілеудің негізгі бағыттары мен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері айтылды. Ақпараттық алаңда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Өтегенова және Алматы облысы энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Руслан Өтелбаев маңызды мәселелерге тоқталды.
2025 жылы экономикалық өсімді қолдау мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, 2024–2025 жылғы жылыту маусымына дайындық пен оны өткізуге 8,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат жылу жүйелерін жөндеуге, отын сатып алуға және ұйымдардың ішкі қаржылары есебінен жүргізілетін жөндеу жұмыстарына бағытталды.
Сонымен қатар, 2025–2026 жылдар аралығында 4,2 шақырым жылу желісін жаңарту көзделген. Бұл жылу жүйелерінің тозу деңгейін 42%-дан 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Электрмен жабдықтау саласында да оң өзгерістер бар. 391 шақырым электр желісі бюджет есебінен, ал 1 097 шақырым желі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ есебінен жаңғыртылады. Аталған компаниямен бірлескен келісім аясында 402 трансформатор, 3 тарату пункті және 701 шақырым желі сенімгерлік басқаруға берілген.
Сумен жабдықтау бойынша орталықтандырылған жүйемен Алатау мен Қонаев қалалары, сондай-ақ Қаскелең, Есік және Талғар толық қамтылған. Бұдан бөлек, 234,5 шақырым су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде 25 ауылдың 41 840 тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылатын болады,- деді Руслан Өтелбаев.
Газдандыру деңгейі 2025 жылы 62,1%-ды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 64,5%-ға жетеді деп күтілуде.
Табиғи монополиялар саласындағы баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеу мен бақылау заңнама аясында жүргізіледі. Қазіргі уақытта Алматы облысында 101 табиғи монополия субъектісінің қызметі реттеледі, 132 түрлі қызмет түрі көрсетіледі.
Жыл басынан бері тарифтерді және тарифтік сметаларды бекітуге 171 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 70 өтінім қабылданбаған, 40 өтінім бойынша тарифтер бекітілген, 22 өтінім қаралуда. Жалпы, биылғы тарифтердің өсуі орта есеппен 20% деңгейінде тіркеліп отыр. Бұл өзгерістерге стратегиялық тауарлар, шикізат пен материал бағасының көтерілуі, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту себеп болды.
Осыған орай, Қонаев қаласында 2025 жылғы 1 маусымнан бастап сумен жабдықтау қызметіне сараланған тарифтер енгізілді:
• 3 текше метрге дейін – 76,25 теңге/м³;
• 3–5 м³ – 91,49 теңге/м³;
• 5–10 м³ – 114,37 теңге/м³;
• 10 м³ жоғары – 152,50 теңге/м³.
Ал 1 шілдеден бастап қосылған құн салығын ескере отырып, тарифтер тиісінше 87,36 – 174,72 теңге/м³ аралығында болады. Қосымша түсетін қаражаттар коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға, жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсалады.
Табиғи монополиялар саласындағы тарифтік саясат пен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары Алматы облысында жүйелі түрде жүргізілуде.

Жаңалықтар