13.5 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиЭкологиялық ахуал басты назарда

Экологиялық ахуал басты назарда


5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күні қарсаңында Алматы облысы Экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында, облыстың экологиялық жағдайы, жүргізіліп жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.
Спикер өз сөзінде экология мәселесінің тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың, әр отбасының ортақ міндеті екенін атап өтті. Қоршаған ортаны қорғау – еліміздің тұрақты дамуы мен келер ұрпақ алдындағы борыш екенін жеткізді.
Бүгінде Алматы облысында экологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Экология департаменті кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бойынша қатаң бақылау жүргізуде.
Облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2023–2025 жылдарға арналған кешенді Жол картасы бекітілген. Бұл құжат ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің бірлесіп әзірлеуімен дайындалып, аймақтық экологиялық мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған.
Жол картасы бес негізгі бағытты қамтиды: ЖЭО-ны газға көшіру –Жеке тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды газдандыру. Көгалдандыру – аймақтарда жасыл желектер көлемін арттыру, жаңа саябақтар мен орман алқаптарын құру арқылы табиғи тепе-теңдікті сақтау ісі қолға алынған.Су ресурстарын басқару – жол картасында су ресурстарының тиімді пайдаланылуы мен қорғалуына басымдық берілген. Бұл ауыл шаруашылығы мен халықтың суға қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қалдықтарды басқару – тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда.
Жол картасының орындалуы тоқсан сайын халық алдында ашық түрде талқыланып, есеп беріледі. Бұл – қоғаммен тиімді байланыс орнатып, азаматтардың экологияға деген жауапкершілігін арттырудың маңызды тетігі.
Сонымен қатар, Экология департаменті экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізуде. Жастармен, мектеп оқушыларымен, табиғат пайдаланушылармен және жергілікті қауымдастықтармен тығыз байланыс орнатылып, қоғамда табиғатты аялау мәдениетін насихаттау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Спикер өз сөзінде қоғамдық бақылау мен жариялылықтың маңыздылығына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын білдірді. БАҚ-тың экология тақырыбындағы мақалалары мен сараптамалық материалдары халықтың хабардарлығын арттырып, табиғатқа жанашырлық танытуға үлкен үлес қосып келеді.
Қонысбек Байеділов, барша экология саласы мамандарын, табиғат жанашырларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ортақ күшпен жасыл болашаққа ұмтылуға шақырды.

Жаңалықтар