Нашақорлық — барша ғаламда аса өзекті мәселелер қатарына кіретін қатерлі дерт. Бүгінгі таңда, нашақорлық — әлеуметтік әрі медициналық күрделі мәселе. Осынау кесапатты дертпен күресу қаншалықты қарқынды жүргізілсе, есірткі затын тасымалдау мен өндіру де жарыса қарқын алуда. Есірткі саудасымен қаншама топ, жеке адамдар құрықталып жатыр, дегенмен, нашақорлар азаяр емес. Нашақорлықты түбегейлі жоюға не кедергі?
Арнайы деректерге сүйенсек, ДДҰ мәліметтері бойынша, әлемде 275 миллионнан астам адам есірткі қолданады, ал оның 30 миллионы тәуелділікке ұшыраған. Қазақстанда да жастар арасында есірткіге әуестену жағдайлары тіркелуде.
Есірткінің қоғам мен адам өміріне әкелетін зиянына орай, оны тұтынушылар немесе саудалаушылар үшін Заң да қатал.
ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес: Есірткі тарату – 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Заңсыз сақтау және тасымалдау – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қоғамдық орындарда есірткі пайдалану – әкімшілік жаза мен айыппұл салынады.
Есірткіге тәуелділік пен нашақорлық дертінің алдын алу мәселесінде тәрбиенің маңызы зор. Себебі, жоғарыда аталғандай, зиянды затқа әуестік жастар арасында басым. Дерттің салдарымен күрескенше, себебін тудырмаудың жолдарын қарастырған абзал. Сондай-ақ, есірткі саудасының алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, күллі қоғамның назарындағы дүние болуы шарт. Күллі қоғамды шарпыған кеселмен санаулы адамдардың ғана күресуі нәтиже бермесі анық. Әр адам айналасындағы болып жатқан заңсыздықтарға немқұрайлы қарамауы тиіс, және, тәрбие институттары, ата-анадан бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, барлығы тегіс нашақорлықтың кең қанат жаюына бей-жай қарамауы тиіс. Білім ордалдарында есірткінің зияндылығы туралы баяндаудан жалықпауымыз керек, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу маңызды.
Осылайша, күллі қоғам болып есірткі саудасының алдын алып, нашақорлар санын азайта аламыз. Ол үшін ең маңыздысы- әр адамның өзі және жақындары үшін жауапкершілікті сезіне алуы. Қоғамдағы әрбір жағдайға мұқият әрі саналы көзқарас қалыптастыру аса қажет.
АХМЕТ Сабиғат Сұлтанғазыұлы,
Райымбек ауданы әкімінің бас инспекторы