Әкем — Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері Абауов Ескермес туралы шағын естелік.
Әкем Абауов Ескермес 1926 — жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қайнар аумағында (үшінші бес жылдық) дүниеге келген. Әкесі Сәрсебаев Абау 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен. Әкемнің айтуы бойынша Абаудан соғысқа дейін Ақмола түрмесінен хат келіп тұрған, сүйегі қайда қалғаны белгісіз.
Әкемнің балалық шағы «халық жауының» баласы ретінде өмірдің сын талқысында өтеді.
1944 жылы 18 ге толар-толмастан әскерге алынып соғыстың аяғына дейін қатысқан. Соғыс аяқталған соң, Батыстағы қираған дүниені қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, елге 1950 жылы оралады.
Содан кейінгі бар өмірі Қайнар ауылының әлеуметтік, мәдени-экономикалық тіршілігімен байланысты өтеді. Әкемізде жаратқанның берген ерекше қабілеті болды. Ағаштан ою ойып темірден түйін түйген бірегей шебер еді. Сонымен қатар, өзінің зеректігімен, өмірге құштарлығының арқасында түрлі саладағы техникаларды тез меңгерген. Ауылда алғаш Газ- 51 машинасын жүргізген. 1960 жылдың басында ауылға токарь станогы келген – сол станокта 6 жыл жұмыс істеп, колхоздың техникасының тоқтаусыз жұмыс істеуіне өзіндік үлесін қосқан. Ауылға келген автокранды да алғаш меңгерген менің әкем. Сол автокранмен бір Қайнар ауылы ғана емес, аудан көлемінде талай жұмыстар атқарған. Оған дәлел, Сарыбастау ауылына телемұнара орнатқан ДТ тракторы кранды тіркеп алып тауға шығарған. Бұл әкемнің өз аузынан естіген әңгіме.
Шеберлігінің арқасында барлық мәдени, тұрғын үй құрылыстарынада әкеміздің көптеген қол таңбасы бар. Ауылдың озат малшылары, механизаторлардың, колхозшылардың суретін майлы бояумен салған. Ол суреттер колхоз тарағанға дейін конторда ілулі тұрған, қазір бар-жоғын білмеймін.
Әкем Ұлы Отан соғысының 20 жылдығына байланысты соғыста қаза болған ауыл азаматтарына арнап аудан көлемінде бірінші болып Қайнар ауылында ескерткіш орнатқан, кейін сондай ескерткішті Қақпақ ауылына да жасаған. Қайтыс болған соң, ескерткіш тақтаға өзінің аты- жөні қосылды. Бүкіл өмірін тізіп шығу мүмкін емес. 9 — мамыр әкеміз үшін үлкен мереке еді, костюмін киіп бар медаль, орденін тағынып көшеге шығатын. Соғыс кезінде айтылған әндерді өмірінің соңына дейін ұмытпай айтып жүретін. Әсіресе жақсы көретін әні «Ах Самара городок» әні еді. Амал не, жеңістің 60 жылдығын көре алмады. 2004 жылы өмірден озды.
Әкеміз өзінің жайлы мінезімен, іс -әрекетімен ел жұртына сыйлы болды.Үлкен-кіші ауыл халқы бәрі атын атамай Абауов деп еркелеткен. Анамыз Атамолда қызы Раухан отбасының алтын қазығы, он баланың анасы.
Анам өте сабырлы, мінезге бай, жаны жайсаң жан еді. Біз қыздар осы күнге дейін анамыздан алған үлгімізді, тәрбиемізді өмірімізге азық етіп келеміз. Екеуі өмір сүрген ғұмырында тек сыйластықпен өмір кешті. Анамыз тыл ардагері. Біз балалары мейірімге толы отбасында дүниеге келіп, бақытты балалық шақты басымыздан өткердік. Ата-анамыздан адамгершілікті, адалдықты, тазалықты бойымызға сіңіріп өстік. Екеуінің өмірі ұрпақтарына, ел жұртына баға жетпес тәрбие мектебі. Жалғанда жақсы адам біреу десе сол біздің ата- анамыз дер едім! Әрқашан сағына еске аламыз!
Жатқан жерлеріңіз жайлы, жандарыңыз жәнатта болсын!
Куляшхан ЕСКЕРМЕСҚЫЗЫ