Қазақтың қолөнерінің көзіндей болған құрақ көрпе тігу өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген шебер – Тоқтақын Күлпарханмен танысыңыздар!
1961 жылы 15 тамызда Қытай Халық Республикасы, Мұңғылкүре ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Күлпархан әже 1971 жылы сол жақта мектеп бітіріп, 1980 жылы тұрмыс құрған. 2010 жылы отбасымен тарихи отанына оралып, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қаратоған ауылына қоныстанған.
25 жылдан астам уақыт бойы тігін тігумен айналысып келе жатқан шебер ана облыстық, тіпті республикалық көрмелердің тұрақты қатысушысы ғана емес, жүлдегері де. Ол көрпе, қыз жасауы, әсіресе, құрақ көрпе тігуде шеберлігімен танымал. Сондай-ақ, қолдан емдік ретінде қара сабын жасайды. Бес бала тәрбиелеп өсірген ана, жеті немеренің әжесі.
Тоқтақын Күлпарханның құрақ көрпелері бірнеше сайыстар мен көрмелерде жүлделі орындарға ие болды. Ал 2024 жылы құрақ көрпе тігудегі жетістігі үшін рекордтар кітабына енді. Бұл – оның шеберлігінің айқын дәлелі және үлкен мақтанышымыз!