Ауылдың әлеуетін арттыратын негізгі күштің бірі – білікті маман. Әсіресе, адам өмірі мен денсаулығына тікелей жауапты медицина саласында тәжірибелі кадрлардың елді мекендерге келуі аса маңызды. Өйткені ауыл тұрғыны үшін қажетті маманның өз ауданында қызмет көрсетуі медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың уақытылы тексеріліп, қажетті ем алуына мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің ауылдық жерлерінде медицина саласына ерекше көңіл бөлініп, заманауи білім алған, тәжірибесі бар мамандарды ауылға тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы үрдістің оң көрінісін Райымбек аудандық ауруханасынан да байқауға болады.
Аудандық аурухана ұжымы кәсіби білімі мен тәжірибесі мол бірнеше жаңа маманмен толықты. Олар әр салада еңбек етіп, аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауға өз үлестерін қоспақ.

Акимханова Баян Джолишбекқызы – дәрігер офтальмолог
Акимханова Баян Джолишбекқызы 1988 жылы 2 маусымда дүниеге келген. 1995-2006 жылдары Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектепте білім алған. 2006-2012 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, дәрігер біліктілігін иеленген. 2012-2013 жылдары аталған университетте «Емдеу ісі» мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, дәрігер офтальмолог біліктілігін алған. Кәсіби білімін үнемі жетілдіруге мән берген маман 2019 жылы РМА ОҚО филиалында «Офтальмологиядағы инновациялық технологиялар» циклі бойынша біліктілігін арттырған.
Баян Джолишбекқызының еңбек жолы да мол тәжірибеге толы. 2013-2017 жылдары Ақсу ауданының орталық аудандық ауруханасында дәрігер офтальмолог болып қызмет атқарған. 2017-2019 жылдары Талдықорған қаласындағы №2 қалалық емханада осы мамандық бойынша еңбек еткен. Ал 2021-2026 жылдары «Табиб Мед» ЖШС-де дәрігер офтальмолог қызметін атқарған.
Бүгінде тәжірибелі маман Райымбек аудандық ауруханасының ұжымына қосылып, аудан тұрғындарының көз саулығын сақтауға қызмет етіп келеді. Офтальмолог маманның ауданға келуі көз ауруларын ерте анықтап, қажетті медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам екені сөзсіз.

Шакеева Жансая Жанайқызы – дәрігер реабилитолог
Шакеева Жансая Жанайқызы 1995 жылы 4 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2001-2012 жылдары жалпы орта білім алған. 2012-2017 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алған. 2017-2019 жылдары аталған университетте «Терапия» мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, дәрігер терапевт біліктілігін иеленген. 2019-2021 жылдары «Терапия» мамандығы бойынша резидентурада білімін жалғастырған. Сонымен қатар, 2019 жылы «Авиценна» оқу орталығында «Реабилитация» бағыты бойынша қайта даярлау курсынан өткен.
Маманның еңбек жолы түрлі медициналық мекемелердегі тәжірибемен толыққан. 2020 жылдың маусым-тамыз айларында И.С. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында COVID-19 инфекциясы бойынша дәрігер терапевт болып қызмет атқарған. 2021-2024 жылдары №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігер терапевт болып еңбек еткен. 2024-2025 жылдары №4 қалалық емханада дәрігер реабилитолог қызметін атқарса, 2025-2026 жылдары №5 қалалық клиникалық ауруханада осы бағытта жұмыс істеген.
Қазір Жансая Жанайқызы Райымбек аудандық ауруханасында дәрігер реабилитолог ретінде қызмет атқарып келеді. Реабилитация саласының маманы үшін әрбір науқастың денсаулығын қалпына келтіру жолындағы нәтижесі маңызды. Сондықтан оның тәжірибесі аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің тағы бір бағытын дамытуға мүмкіндік береді.

Әмихан Биқожа Талғатұлы – дәрігер оториноларинголог
Әмихан Биқожа Талғатұлы 1994 жылы 2 ақпанда Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келген. 2000-2011 жылдары жалпы орта білім алған. 2012-2017 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алған. 2017-2019 жылдары аталған университетте «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, жалпы тәжірибелік дәрігер біліктілігін алған. 2023-2026 жылдары «Оториноларингология ересектер, балалар» мамандығы бойынша резидентурада білімін жалғастырған.
Әмихан Биқожа Талғатұлының медицина саласындағы еңбек жолы да әртүрлі бағыттағы тәжірибемен ерекшеленеді. 2017-2020 жылдары Алматы қаласының «Қалалық жедел медициналық жәрдем» қызметінде фельдшер болып еңбек етсе, 2020-2023 жылдары осы мекемеде дәрігер қызметін атқарған. 2020-2022 жылдары «Научно-практический медицинский центрде» тәжірибелік дәрігер болып қызмет еткен. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігер терапевт болып еңбек еткен. 2024-2025 жылдары «Эвелина мед» клиникасында, 2025-2026 жылдары «Лор Мед» клиникасында дәрігер оториноларинголог қызметін атқарған.
Бүгінде жас маман Райымбек аудандық ауруханасында дәрігер оториноларинголог болып қызметін бастады. Ересектер мен балалардың құлақ, мұрын және тамақ ауруларын диагностикалау мен емдеуге маманданған дәрігердің аудан медицинасына қосылуы тұрғындар үшін қажетті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түспек.
Аудандық аурухана ұжымының жаңа мамандармен толығуы аудан медицинасының кадрлық әлеуетін күшейтіп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуге жол ашады. Қаладағы ірі медициналық мекемелерде тәжірибе жинақтап, кәсіби білімін жетілдірген дәрігерлердің ауданға келуі ауыл медицинасының дамуына тың серпін береді. Бастысы, білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсауды таңдаған ақ халатты мамандардың еңбегі аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қызмет етпек.
Аружан БЕКСҰЛТАН

