Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҮмітті ұштаған ұжым еңбегі

Үмітті ұштаған ұжым еңбегі

         Бала бойындағы кішкентай жетістіктің өзі – үлкен жеңістің бастауы. Осындай ізгі мақсатты ту еткен мекемелердің бірі – Райымбек ауданының «№13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ. Мұнда әр баланың даму ерекшелігіне қарай жұмыс жүргізіліп, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға, танымдық қабілеттерін жетілдіруге, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіледі.

           «Райымбек ауданының №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» аудан орталығы Нарынқол ауылында орналасқан. Мекеме Алматы облысының білім басқармасының 30.06.2021 жылғы №174 ж/қ бұйрығының №7 қосымшасына сәйкес 2021 жылы ашылып, өз жұмысын бастады. Аудан үшін маңызды Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің негізгі мақсаты- арнайы білім беру ұйымдарына баратын балаларды қоспағанда, туғаннан 18 жасқа дейінгі психофизикалық дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, оларды жан-жақты қолдап, қоғамға бейімдеу. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту, дамыту және тәрбиелеу мәселелерінде білім беру ұйымдарының педагогтеріне консультациялық және әдістемелік көмек көрсету мекеменің негізгі міндеттерінің бірі. Себебі, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту өз кезегінде бірқатар қосымша кеңестерді қажет етеді. Үлкен жауапкершілікті талап ететіні тағы бар. 

     Райымбек ауданындағы ППТК қабылдаудың да өз реттілігі бар. Мекеме көмегіне мұқтаж балалар алдымен, көршілес «Кеген ауылының № 7 психологиялық-медициналық-педагогтік консультация» мамандары баланы жан-жақты тексеріп, Райымбек ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне қаратып берілген қорытындысы мен баланың ата-анасының өтініші негізінде қабылданады.

  №13    психологиялық педагогикалық түзеу кабинетінде 2021 жылдың желтоқсан айынан 2026жылдың қазан айына дейін жалпы саны 240 балаға түзету-дамыту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уакытта 45 балаға кешенді психологиялық-педагогикалық түзету-дамыту сабақтары жүргізілуде. ППТК мамандарының айтуынша, мамандар көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігі  сөйлеу тілінің дамымауы мәселесімен келетін көрінеді. Мәселен, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы 4 деңгейде сипатталса, 1 деңгей- мүлде сөйлемейтін немесе дыбыстайтын балалар, 2 деңгейдегі балалар белсенді сөздік қоры 20-50 сөз айтса, 3 деңгейдегі балалар сөздік қоры төмен балалар болып жіктеледі.  Мамандардың айтуынша, мекеменің жұмысының ең жемісті тұсы да, осындай 4 деңгейдегі балалардың сөйлеу тіліндегі дамыту  мәселесіне ықпал етуі. Бүгінде мекеме қызметіне жүгініп, жемісін көріп отырған ата-аналар мен қатарынан қалмай сөйлеп кеткен балақайлар- түзеу кабинетінің жемісті жұмысының көрнекті дәлелі. 

   №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті тек тіл дамуының тежелуі аясында ғана емес, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, психикалық дамуының тежелуі, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы, аутизм спектрінің бұзылысы, мінез-құлық бұзылысы, балалық шақтағы аутизм, психикалық тіл дамуының тежелуі сынды мәселелері бар балалармен жұмыс жасайды. ППТК осы міндеттер аясында басшысы- Рабатова  Фариза Серікқызы бастаған ұжым мүшелері қажырлы еңбек етуде.  Әдіскер-Аденова Жанна, логопед-мұғалімі- Шалғынбаева Баян, музыкалық жетекші- Маржан Қорабаева, дефектолог мұғалім- Эльмира Сабитова, логопед мұғалім- Гүлден Букеева, дене шынықтыру (бейімдеу) мұғалімі- Нұрбек Сәрсембаев, медбике- Айдана Сатыбалды, есепші- Сабина Серікқызы, іс-қағаз жүргізуші- Дәрия Абирова, шаруашылық меңгерушісі- Мурат Жумадилов, сондай-ақ, Берікбол Чоқан, Серікбол Сапа, Нұрбек Егізбаев, Асем Молдыбекова, Гулдан Сапа сынды кісілер еңбек етеді. Қазіргі таңда №13психологиялы-педагогикалық түзеу кабинетіне педагог-психолог маманын қажет етуде. Сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде логопед және дефектолог мамандарына сұраныс жоғары дейді, -басшы Фариза Серікқызы. 

  Мекемеде  қазіргі уакытта 45 балаға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіліп жатқанын жоғарыда атап өттік. Ал олармен жұмыс жүйесі қалай үйлестірілген?

       Оқу-ағарту министрінің мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, мамандандырылған, арнаулы білім, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға және ересектерге қосымша білім беру ұйымдарынының үлгілік қағидаларын бекіту туралы арнайы бұйрығы негізінде :ерте жас (0-3) -сабақ ұзақтығы- 35 минут болса, мектепке дейінгі 3-7 (8) жас аралығындағы балаларға сабақтың ұзақтығы-35-45 минут , мектеп жасы 7 (8)  жастан 18 жасқа дейін сабақ ұзақтығы- 45 минут. Алғаш келген балаға ата-анасының көмегімен жеке даму бағдарламасына баланың туылғаннан бастап дамуының қысқаша тарихы толтырылады.Командалық пәнаралық бақылауда баланың психофизикалық дамуы, еркін іс-әрекеті мен берілген тапсырмаларға реакциясы бақыланады, командалық бағалау жүргізіледі, хаттама толтырылады. Пәнаралық бағалау нәтижелері арқылы маман тағайындалып, сабақ кестесі құрылады. Бастапқы  4 сабақта (2 апта) баланы мамандар бақылайды (диагностика). Осы диагностика негізінде әр балаға арнайы түзету-дамыту бағдарламасы жасалынып, ары қарай баламен өз міндеттері аясында жұмыстарын бастайды.

        Жоғарыда есімі аталған әрбір қызметкер – әрбір мүмкіндігі шектеулі, басында түрліше сипаттағы қиындығы бар балалардың тағдырына тамшыдай болсын ықпал ете алатын жауапкершілік жүгі мен міндеті маңызды мамандар. Аядай аумақты алып отырған шағын мекеменің аудан өміріндегі ерекше көмекке мұқтаж жандар үшін орны бөлек, сипаты ерек. 

       №13 педагогикалық-психологиялық түзеу мекемесі бүгінде Райымбек аудандық спорт мектебінің жатақханасының 1 қабатында орналасқан. Дегенмен, әлеуметтік маңызы зор мекеменің кең әрі жеке ғимаратының болуы артық етпес еді. Себебі, мамандарға деген сұранысқа байланысты қосымша кабинеттер қажеттілігі тағы бар. Бұл болашақтың еншісіндегі мәселе. Десе де, 5 жылға жуық уақыт жанды жұмыс атқарып келе жатқан мекеме үшін бұл мәселе ерекше қолдауды қажет етеді.

    Қорыта айтқанда, №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің бес жылға жуық уақыт ішінде атқарған жұмысы – бала тағдырына бей-жай қарамайтын мамандардың табандылығы мен жанашырлығының айқын көрінісі. Мұнда өлшенетін нәтиже тек түзету сабақтарының санымен емес, баланың алғаш айтқан сөзімен, өз ойын жеткізуге жасаған талпынысымен, қоршаған ортамен байланыс орнатудағы әрбір кішкентай қадамымен бағаланады. Өйткені бір бала үшін қарапайым көрінетін жетістік екінші бала үшін тұтас бір әлемнің есігін ашатын үлкен жеңіс болуы мүмкін. Осындай сәттердің артында мамандардың маңдай тері, ата-ананың үміті мен баланың қайсарлығы жатыр.

Балаға берілген мүмкіндік – болашаққа берілген үміт. Әр баланың бойындағы қабілетті танып, оның өз жолын табуына жәрдемдесу – адамдықтың асыл өлшемі. Сондықтан №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің еңбегі лайықты қолдауға ие болып, алдағы уақытта да талай бүлдіршіннің өміріне жарық сыйлай берсін. Өйткені баланың бүгінгі кішкентай қадамына сеніммен қарау – оның ертеңгі үлкен жетістігіне жол ашу. Ал сол жолда бірде-бір баланың үміті назардан тыс қалмауы тиіс.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар