
Қазақ поэзиясының шырқар шыңын бағындырған, ақын – Мұқағали Мақатаев. Мұқағали – мәңгілік жыр... Өмірдің мәнін ұғынып, жақсы мен жаманды бар болмысымен жырлаған, әділетсіздікті батыл әшкерелеп, өмірдің ғажайыбын тануға жетелейтін Мұзбалақ ақынның Отандасы, жерлесі болудың ғажабын ай....
Қарасаздың жазиралы даласында өскен Мұқағали ақынның туғанына биыл -94 жыл. Әттең, асқарлы ақын бүгінгі күні көзі тірі болса, 94 жасқа келер еді. 45 жыл ғұмырында 100 жылға бергісіз еңбегімен, биік шығармашылығымен ерекшеленген ақиық ақынның туған күні елімізде жыл сайын арнайы атаулы шаралармен атап өтіледі. “Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда, өлеңді ешкім” демекші, Мұқағали - әуелі пенде, жаратылыстың жазғанынан қаша алмай, жанымен арпалысып, өмір заңдылығымен о дүниеге аттанды. Дегенмен, артында Мұқағали есімін мәңгі асқақтатын мол мұра қалып отыр. Тек 9 ақпанда емес, ақиық ақын есімі жүректерде мәңгі тұрақтайды. Өмір атты үлкен жолда қиналғанда поэзиядан, пана іздейтін, санадағы сансыз сұрақтарға қара өлеңнен жауап іздейтін жандар үшін, Мақатаев әлемі- қазына кеніші іспеттес.
Қасиетті Қарасаз ауылында ақынның 94 жылдығына орай, “Жырлайды жүрек” атты арнайы әдеби-сазды кеш ұйымдастырылған еді. Мұқағали жырлары десе жүрегі алып-ұшып тұратын аудан халқы әдеби-сазды кешті көруге асықты.
Кеш басы “Қарадала ” халық театрының қойылымымен басталды. Әдеби-сазды кешке алыстан ат терлетіп арнайы келген қонақтар аудан халқын, Мұзбалақ ақынның 94 жылдығымен құттықтады. Алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлына берілді. Берік Фатықұлы тұрғындарға құттықтау жылы лебізін жеткізе отырып, асылдың сынығы, ақиық ақынның ұлы Мақатаев Жұлдыз мырза мен жары Айдарова Бақытгүл ханымды құрметпен сахна төріне шақырып, сый-сыяпатын көрсетті. Әдеби шараның кезекті құрметті қонағы- Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алиев Данияр Абзалиденұлы. Данияр Абзалиденұлы өз сөз кезегінде аспантау халқын поэзияның Хантәңіріне айналған- Мұқағали ақынның туған күнімен құттықтады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық “Мұқағғали” журналының бас редакторы Мағлұмов Дүйсен ағамыз тәңіртау тұрғындарына ыстық лебізін білдіріп, “Мұқағали” журналының маңыздылығын ерекше атап өтіп, журналға жазылып, біртуар ақынның шығармашылығын дәріптеуді үлкен қажеттілік деп санайтынын айтты. Расымен де, ақын өлеңдерінің, шығармашылық әлемінің зерттелмеген тұстары жетерлік. Мұқағали әлемінің түбіне жету әсте мүмкін бе?! Тағы бір, айта кетерлік жаңалық, жерлесіміз, Дүйсен Мағлұмов аталмыш журналдың бас редакторы қызметінде. Кештің аса қадірлі қонақтарының – ақынның ізбасары, өмірінің жалғасы, асылдың сынығы- Жұлдыз Мақатаев пен жұбайы ақынның келіні Бақытгүл Мақатаева. Ақынның ет жақындары жүрекжарды тілектерімен бөлісіп, ақынды ұлықтаудан жалықпайтын халыққа шексіз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, кештің көркін кіргізіп, ақын өнерін ұлықтаған бірқатар өнер майталмандары аудан халқының көңілін көтерді. Атап айтсақ, әнші, термеші, МузАРТ тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мейрамбек Беспаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Беделхан, белгілі әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Өмірқұл Айниязов, ұлттық өнерді ұлықтаушы, Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Шаба Әденқұлқызы, “Сазген” ФЭА, әнші Аққу Байжігіт, Ерғали Көшербаев, Әділ Ахметжанов, Бағдат Сейт, сынды күміс көмей әншілер кештің шырайын кіргізді.
Қасиетті Қарасаздың қадір-қасиетін арттырып, құтты мекенге айналдырған- Мұқағали ақынның өр рухы. Ауылдың кіре-берісінен ақ, бойды ерекше сезім билеп, Мұқағали әлеміне аяқ басқандай бөлек бір күйге енесің. Мұқаңның сара жолын, сыр мен тылсымға толы шоқтығы биік шығармашылығын зерттеп біту мүмкін емес. Себебі, Мұқағали- мәңгілік жыр.
Ақерке БИЖАН