Райымбек ауданында Алматы облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Кездесу барысында ауданда отбасы институтын нығайту, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды.
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал оның береке-бірлігі мен тұрақтылығы елдің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, облыстық комиссия мүшелерінің ауданға жасаған жұмыс сапары тәжірибе алмасып, қордаланған мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік берді.
Жиынды Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Бақытұлы жүргізіп, комиссия мүшелері мен кездесуге қатысушыларды аудан атынан қарсы алды. Кездесудің маңыздылығына тоқталған модератор отбасы және гендерлік саясат саласындағы жұмыстарды жүйелі жүргізудің, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылаудың мәніне назар аударды.
Жиын барысында ауданның отбасылық және гендерлік саясат саласында атқарған жұмыстары туралы аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Зинура Қасымова баяндама жасады. Баяндамада осы бағытта жүзеге асырылып жатқан шаралар мен негізгі жұмыс бағыттары қамтылып, саладағы басым міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ қатысушыларға атқарылған жұмыстар жөнінде пікір білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік берілді.
Бұдан кейін сөз алған аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова отбасы тәрбиесі мен аналардың қоғам өміріндегі орнына қатысты пікірлерін ортаға салды. Аналар кеңесінің қызметі – ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық тәлім-тәрбиені дәріптеу және отбасы құндылықтарын ұлықтау тұрғысынан маңызды қоғамдық бағыттардың бірі.
Кездесу барысында облыстық комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауға, аудандық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды саралауға басымдық берілді. Ашық пікір алмасу алаңы өзекті мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындауға жол ашты.
Отбасы институтын нығайту мен гендерлік саясатты дамыту – бір ғана мекеменің емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені әр шаңырақтың тыныштығы мен берекесі қоғамдық тұрақтылықтың негізін қалайды. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар мен ортақ бастамалар қоғамдағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттыруға қызмет етеді.
Аружан БЕКСҰЛТАН
Отбасы құндылығы мен гендерлік саясат – қоғам тұрақтылығының негізі

