Интернеттегі алаяқтықтың кең таралуы азаматтардан ерекше қырағылықты талап етеді. Қылмыскерлер адамдардың сеніміне кіру үшін жалған ұтыстар, арзан тауарлар, тиімді инвестициялар немесе шұғыл көмек туралы хабарламаларды пайдалануы мүмкін. Кей жағдайда олар өзін таныс адамның атынан көрсетіп, ақша аударуды сұрайды. Мұндайда асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты басқа байланыс арнасы арқылы тексерген жөн. Банк қызметкері ретінде хабарласқан адамға карта деректерін, құпиясөзді немесе SMS-кодты айтуға болмайды. Күмәнді сілтемелерді ашпау және белгісіз қосымшаларды орнатпау да маңызды. Егер алаяқтыққа тап болсаңыз, банкке дереу хабарласып, құқық қорғау органдарына арыздану қажет. Қаржылық қауіпсіздікке бейжай қарамау жеке қаражатты сақтауға көмектеседі.

