Домойhantengrigazeti.kz ақпаратТҮРКІ  ДҮНИЕСІ  МОЙЫНДАҒАН  ҚАРАСАЗ  ТӨРІ

ТҮРКІ  ДҮНИЕСІ  МОЙЫНДАҒАН  ҚАРАСАЗ  ТӨРІ

Артында өлмейтұғын сөз қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған Қарасаз – қазақ поэзиясының қасиетті мекені. Хан Тәңірінің бөктеріндегі осы киелі топырақта ақын рухын ұлықтап келе жатқан қара шаңырақ – Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі бүгінде Түркі дүниесі мойындаған рухани ордаға айналды.

Алматы облысы музейлер бірлестігіне қарасты бұл музей үшін 2026 жыл – мерейлі жыл. Биыл музейдің ашылғанына 35 жыл толып отыр.

1991 жылы ақынның 60 жылдығы қарсаңында ашылған музей содан бері Мұқағали мұрасын көздің қарашығындай сақтап келеді.

Осы айтулы белесте музей ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Түркі дүниесінің ең үздік әдебиет музейі» арнайы сыйлығына ие болды. Бұл – ақын Мұқағалидың бай әдеби мұрасын насихаттау және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылған жүйелі еңбектің халықаралық деңгейде мойындалуы.

Бүгінде музей қорында барлығы 1283 экспонат сақтаулы, оның 632-сі негізгі қорда. Әрбір жәдігер – ақынның өмір жолынан сыр шертетін, ұлттың рухани шежіресінің бір бөлшегі.

Музейдің басты мақсаты – мұраны сақтау ғана емес, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Осы бағытта түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, әдеби кештер тұрақты ұйымдастырылып келеді. ТҮРКСОЙ берген бұл жоғары баға – музей ұжымының көпжылдық кәсіби еңбегінің заңды нәтижесі және алдағы жұмысына берілген үлкен серпін.

Бұл жетістік – Қарасаздың ғана емес, күллі Алатау өңірінің, тұтас қазақ әдебиетінің мерейі.

Ақынның өзі айтқандай:

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған,

Өзі өлсе де, өлеңі өлмейтұғын…

Ақиық ақынның сөзі өлген жоқ. Қарасаз төріндегі қара шаңырақ бүгінде ақын Мұқағали мұрасын қастерлеген қазақ жұртының ғана емес, Түркі дүниесінің назарын аударған киелі орда.

 Мадина ТӨЛЕЙБАЕВА,

М.Мақатаевтың  әдеби-

мемориалды музейінің

қор сақтаушысы

Жаңалықтар