Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАуыл мектебіне келген жас мамандар

Ауыл мектебіне келген жас мамандар

Білім беру саласы — үздіксіз ізденіс пен үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мекен. Бұл саланың болашағы мен даму қарқыны бүгін мектеп табалдырығын аттаған жас мамандардың білімі мен жігеріне тікелей байланысты. Мақаламыздың бүгінгі кейіпкерлері — заманауи білім трендтерін меңгерген, жүрегі жалынды, көздерінде оты бар жас ұстаздар.

 Әр жаңа оқу жылында сан мыңдаған жас ұстаздар білім атты үлкен жолға аяқ басып, салмақты жауапкершілік жүгін арқалап, кәсіби шыңдалады. Кейбірі арман қуып үлкен қалаларда, өзге мемлекеттерде мансабын құрса, кейбіреулері, кіндік қаны тамған туған жер үшін маңдай терін төгуді парыз санайды.

Ермұрат Болатбекұлы Қақпақ ауылының тумасы. Биылғы жаңа оқу жылында  өзі туып өскен қазақы қаймағы бұзылмаған Қақпақ ауылындағы Жәменке орта мектібінің педагог – психолог маманы ретінде жұмысын бастады.  Шыны керек, ауылдан түлеп ұшқан жастардың өз болашағын ауылмен байланыстырып, кәсіби маман ретінде қайта оралуы- ауыл үшін үлкен қажеттілік. Мақсат-мұраты о бастан нақты іс-әрекетке себеп болған Ермұраттың психология саласын таңдауының өз мәні бар. Адамдардың мінез-құлқы мен ішкі жан дүние ерекшеліктері, болашақ маманды ерекше қызықтыратын. Психологияны жәй мамандық емес, адамдардың мейлінше жақсы өмір сүруіне ықпал ете білу үшін таңдаған жас маманның жарқын жолы ауылда жалғасын таппақ. Ермұраттың айтуынша, ауылдық аймақта жұмыс жасаудың өзіндік ерекшеліктері бар, мәселен, ұстаз бен оқушы, ата-ана арасындағы қарым-қатынас едәуір жақын. Әрине, қаладағы кейбір мүмкіндіктер қолжетімсіз болуы мүмкін, дегенмен, ең бастысы шәкірт алдындағы жауапкершілік.

Елім, жерім деп келген жас маманға қандай қолдау көрсетіледі? Иә, расымен, тәуекелге бел байлап, шекаралы аймақтағы халықтың білім саласында жұмыс жасау белгілі бір ұстанымдарды талап етеді. Әсіресе, шексіз мүмкіндіктерді қалайтын жастар үшін, ауылдық аймақта жұмыс жасау сирек қабылданатын шешімдер қатарында. Десе де, өткен жылдарымен салыстырғанда жастардың ауылға келу белсенділігі жоғары. Оған тікелей әсер етуші фактор- ауданымызда орын  алып жатқан жаңа өзгерістер, кешенді даму барысы.

Иә, жас маман Ермұрат Болатбекұлы болашағын байланыстырған Қақпақ ауылы тұрғындары, әсіресе ата-аналар мен мектеп ұжымы жас маманның келуіне дән риза. Ата-анасы осы ауыл тұрғындары болғандықтан, Ермұратта тұрғын үймен әзірге мәселе жоқ. Жұмыс барысындағы жас маманға арналған тәлімгерлік мәселесі ше?

Өкінішке орай, кей жағдайларда тәлімгерлік мәселесі тек қағаз жүзінде қалып қойып, нәтижесінде жас маманның жұмысқа кіріспей жатып, бірқатар қиындықтарға тап келетін кездері жиі кездесіп жатады. Кәсіби білімнің болуы мен оны іс жүзінде сынақтан өткізу екі түрлі мәселе. Жаңа маманның бетін қақпай, белін буып, кәсіби дағдыларға баулитын тәлімгердің рөлі маңызды. Ермұрат Болатбекұлы, өзін жаңа жұмысына баулыған тәлімгердің ерекше еңбегін атап өтті.

Ауданымыздың  білім саласына тамшыдай болсын, өз үлесін қосып, мектеп қабырғасындағы әр оқушымен тіл табысып, өз мамандығының мақтанышына айналуды көздейтін кезекті жас маман — педагог-психолог — Аружан Қанатқызы. 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алматының аппақ қызы ауа райы, тыныс-тіршілігі мүлде бөлек, Райымбек ауданында еңбек жолын бастауды жөн көріп, Қайнар академиясын психолог-педагог мамандығы бойынша бітіріп, ауылға жол тартты. Жаңа оқу жылын жас маманмен, тың серпінмен бастаған Сағат Әшімбаев атындағы орта мектеп ұжымы, Аружанның келуіне аса қуанышты. Кішкентайынан қала өміріне үйренген Аружан Қанатқызының алдағы уақытта ауылда тұрақтап қалу ниеті де жоқ емес.

Мектептің міндеті оқушыға тек білім берумен шектелмейді. Біліммен қатар, тәрбие, әлеуметтену, жан-жақты даму мүмкіндіктерін де ұсынатын- мектеп. Психолог маманның да қажеттілігі осы тұста. Балалардың білім алумен қатар, қалыпты балалық шақты бастан өткеруі, мінез-құлқының орнықтылығы дәл осы психолог маманның жауапкершілігінде. Кез-келген адам психолог маманы бола алмасы анық, себебі, психология мамандығы жеке қабілеттер мен таза ниет қалауына негізделген мамандық. Адам жанын түсіну, оған өз кәсіби қабілеттеріңнің арқасында ықпал ету оңай емесі анық.

Ауданымыздың  қазіргі даму барысын, мүмкіндіктерін қарастыра келе, жастардың ауылдан қашуы, тек бір кездері назардан тыс қалған шалғай ауданнан үдере кеткен  жастардың сол кезден қалып кеткен ұстанымдарының жұрнағы ғана секілді. Бүгінгі күні, ауылда кәсіп ашамын деген жандарға қолдау да мүмкіндік те көп. Уақытын қалай өткіземін деп уайымдаған жастар үшін, арнайы жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды, жастарға арналған көңіл-көтеру, ойын-сауық орталықтары да жоқ емес.

Ермұрат пен Аружанның өз еңбек жолдарын ауылдан бастап, өз міндеттеріне ерекше жауапкершілікпен қарап, ауыл әлеуетін көтеруге үлес қосуға деген ниеттері жан сүйсіндіреді. Бүгінгі ақпарат заманында оң солын танып үлгермеген мектеп жасындағы балалармен, жасөспірімдермен жұмыс жасау өз кезегінде бірқатар қиындықтар тудырады. Сондықтан бүгінгі күннің ұстаздары үшін әлсіздікке жол жоқ, жауапкершіліктен жалтару мүлде мүмкін емес. Әр ұстаз, әр маман өз алдындағы шәкіртке тек жұмыс барысымен ғана  емес, жеке адамгершілік жауапкершілігімен қарап, бір шәкірттің болсын, санасына сәуле түсіріп, шамшырағын жаға алса — үлкен жетістік. Ал психолог маманның басты міндеті- баланы қорғау, оның сана-сезіміне әсер ету. Олай болса, білім атты үлкен жолда өз сара жолдарын қалыптастыруға қадам басқан қос жас маманның істеріне сәттілік, міндеттеріне абырой тілейміз.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар