Домойhantengrigazeti.kz ақпаратДала дәмі мен диқан еңбегінің жемісі

Дала дәмі мен диқан еңбегінің жемісі

Күздің қоңыр салқыны сезіле бастағанда Нарынқолдың сайын даласында ерекше қарбалас орнайды. Таң бозынан тіршілігін бастап, кеш батқанша тыным таппайтын  шаруалардың бүгінгі басты жұмысы – маңдай термен баптаған картоп алқабынан мол өнім жинау. Жаз бойы күтіліп, әр түбі үмітпен отырғызылған картоптың енді жер қойнауынан аршылып, қамбаға құйылатын шағы.

Нарынқолдың картобы – жай ғана ауыл шаруашылығы өнімі емес. Бұл – таулы өлкенің топырағы мен табиғаты, шаруаның тынымсыз еңбегі, атадан балаға жалғасқан диқандық дәстүр тоғысқан жергілікті өнімнің бір белгісі. Қоңыр күздегі картоп науқаны да ауданның ауыл шаруашылығы тынысын айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі.

Биыл да ауданымызда  картоп жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Бірі алқаптағы өнімін жинаса, енді бірі сұрыптап, сақтауға қамдануда.  Биылғы жылы  аудан бойынша 2 467 гектар жерге картоп отырғызылды. Қазіргі таңда 80 гектар алқаптың картобы қазылып, жинау жұмыстары жүргізілуде.

Картоп жинау науқанының қарқыны мен нәтижесі еңбекпен қатар, техниканың мүмкіндігіне де тікелей байланысты. Аудан бойынша картоп жинау жұмыстарына барлығы 478 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде 239 трактор, 220 картоп қазғыш және 19 картоп комбайн бар. Қазіргі таңда шаруалар заманауи техникаларды пайдаланып, өнімді уақытылы әрі ысырапсыз жинауға бейімделген. Техникасын сайлап, еңбегін еселеген шаруалар үшін бұл – бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығаратын жауапты мезет. Өйткені жерге егілген әр түптің артында маңдай тер, төгілген еңбек және мол өнімнен үміт бар.  Басты құндылығы — осынау картоп саналатын аудандағы картоп өнімінің көрсеткіші де ауыз толтырып айтарлықтай, арнайы деректерге сүйенсек,  2026 жылдың шілде айы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 21,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі (НҚИ) 106,1%-ды құрады.

Мол өнім жинау- еңбектің бір бөлігі болса, оны ысырапсыз сақтап, сапасын жоғалтпай тұтынушыға жіберу- тағы бір жауапты міндет. Осы орайда, аудан  аумағында жалпы сыйымдылығы 5 500 тоннаны құрайтын 3 картоп сақтау қоймасы бар. Қоймаларда жиналған картоп өнімі келесі жылдың мамыр айына дейін сақталады.

Ауданымызда өндірілген картоп өнімі негізінен Алматы қаласы мен Алматы облысының нарықтарына жөнелтіліп, тұтынушыларға жеткізіледі.

Құнарлы топырағы мен қолайлы ауа райы картоптың өз бабында өсіп-жетілуіне мүмкіндік беретін шекаралы аудан тұрғындарының негізгі табыс көзі де осы өнімнің өтімділігіне байланысты. Сол себептен, аудандық ауылшаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, картопты кәсіппен ұштастырып, үлкен нарықтарға жол ашуды көздейтін картоп өсіруші  шаруашылықтарға минералды тыңайтқыштар сатып алуға, сондай-ақ, тұқым сатып алу шығындарын өтеуге бағытталған арнайы  субсидиялар мен жеңілдіктер қарастырылған.

Сапалы өнім алу үшін – сапалы тұқым егілуі тиіс. Осыған орай, қазіргі уақытта ауданда «Тәуекел» шаруа қожалығы арнайы аттестатталған тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болып, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде.

Тағы да бір айта кетерлік жаңалық, ауданның картоп өсіруші шаруашылықтары «PepsiCo» компаниясымен келісімшарт жасасып, чипсы өндіруге арналған картоп сорттарын өсіру бағытында жұмыс жүргізуде.                            

Картоп — ылғалсүйгіш өсімдік. Осы қажеттілігіне орай,  Райымбек ауданында картоп өндірісінде жаңбырлатып суару технологияларын енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілуде. Сонымен қатар, топырақ құнарлылығын сақтау, өнімділікті арттыру және жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін енгізу қажеттілігі туындап отыр.

Нарынқолдың картобы өзіндік ерекше дәмімен, табиғилығымен, экологиялық тазалығымен, жоғары сапасымен ерекшеленеді. Райымбек ауданы теңіз деңгейінен шамамен, 1800 метр биіктікте орналасқандықтан, мұндай салқын климатты таулы өлкеде түрлі зиянкестер де болмайды, оларды  химиялық дәрілеудің қажеті де жоқ.

Берекелі жерден бітік өнім алған аудан   диқандарының еңбегі – ауыл шаруашылығының дамуына қосылған үлес қана емес, ел ырысын еселейтін еңбек дәстүрінің жалғасы. Қара жердің қасиетін бағалап, кәсібін-нәсіпке айналдырған шаруалардың маңдай тері ақталып, биылғы картоп науқаны да молшылықпен қорытындылансын!

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар