Төрт-түлігі тіршілігінің берекесі саналатын ауданымызда мал шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі кәсібінің бірі. Қорадағы малдың амандығы, ветеринариялық жағдайдың тұрақтылығы мен шаруашылықтағы тәртіптің сақталуы – баршаға ортақ міндет. Осы ретте аудан көлемінде малды бірдейлендіру жұмыстары ерекше қарқын алуда.
Малды бірдейлендіру арқылы әр түлікке қатысты мәліметтер жүйеленіп, оның иесі, жасы, жынысы және ветеринариялық жағдайы туралы ақпарат нақтыланады. Бұл – мал қозғалысын бақылауға, аурулардың алдын алуға және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды шара. Ауылшаруашылығы жануарларын Бірдейлендіру жұмыстары ірі-қара мен ұсақ мүйізді малдар үшін арнайы сырға салумен сипатталса, жылқы малына микрочиптер орнату арқылы жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта аудан көлемінде жылқы малын микрочиптеу жұмыстары әр ауылдық округте белсенді жүргізілуде. Микрочип орнату барысын өз көзімізбен көріп, арнайы ветеринария саласының мамандарынан ақпарат алып, чиптеудің негізгі артықшылықтарын біліп қайттық. Жылқы малына микрочип орнату дәстүрлі таңбалау мен ен салуға қарағанда едәуір оңай, малды да жарақаттамайды. Жануардың тері астына бірнеше секундтар ішінде орнатылатын чипте жануарға қатысты барлық деректер орнатылып, арнайы базада сақталады, осылайша, чиптелген малға бірыңғай базада жеке төлқұжат рәсімделетін көрінеді. Бұл өз кезегінде мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда иесін жылдам табуға да өз септігін тигізеді. Чип орнатылған соң, оның жұмыс істеп тұрғаны арнайы апаратпен тексеріледі.
Сондай-ақ, жол бойында жарыса жайылған жылқы малы өз кезегінде жол көлік оқиғаларына жиі себеп болады. Әсіресе түнгі уақытта жылқы қағу апаттары ауданымызда жиі кездеседі. Осыған орай, жылқыларға шағылыстырғыш мойын баулар тағылып, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Түнгі уақытта жүргізушілердің көзіне алыстан шағылысатын мойынбаулар, жол апатының алдын алады.
Аудандық ветеринария саласы маманының айтуынша, жалпы Райымбек ауданының ауылшаруа- шылығы жануарларын бірдейлендіру базасы дерекқорына 45650 ірі қара, 366950 ұсақ мүйізді мал, 45000 бас жылқы тіркелген.
Малды бірдейлендіру – жай ғана есепке алу жұмысы емес, ауыл шаруашылығындағы тәртіп пен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыз- ды тетігі. Әсіресе жылқы малына микрочип орнату арқылы әр жануар туралы нақты мәліметтің бірыңғай базаға енгізілуі мал иесіне де, мамандарға да бірқатар мүмкіндіктер береді. Ал жол бойында жайылатын жылқыларға шағылыстырғыш мойынбаулар тағу — малдың қауіпсіздігін ғана емес, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірін қорғауға бағытталған алдын алу шарасы.
Сондықтан әр мал иесі төрт-түлігін уақытылы бірдейлендіріп, ветеринариялық талаптарды сақтауға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені малдың есебі мен қауіпсіздігі жолға қойылған жерде шаруа- шылықтың да берекесі артып, ауданның ветерина- риялық ахуалы тұрақты болады.
Аружан БЕКСҰЛТАН

