Адамзаттың асыл ойы мен арманын, тарихы мен тағдырын ғасырдан ғасырға аманаттап келе жатқан бір ұлы құндылық бар. Ол – Кітап! Кітап – кешегі тарихтың куәсі, бүгінгі ұрпақтың ұстазы, келешектің кемел жолына бастайтын рухани шамшырақ. Осынау ұлы құндылықты дәріптеу мақсатында, республика көлемінде ұйымдастырылған «KITAP TIME» республикалық фестивалінің аясында Нарынқол ауылында «Кітап – Тарих, Шежіре» тақырыбында кітап жәрмеңкесі өтті.
Ашық аспан астында өткен кітап жәрменкесі аудандағы кітапсүйер қауымның басын қосып, кітап атты ұлы құндылықтың қадірін дәріптеді. Кітапханашылардың жәрмеңке ұйымдастырудағы креативті шеберліктерін ерекше атап өткен жөн. Бұл әдеттегі кітап көрмесі емес, кітаптар әлеміне жетелейтін ерекше саяхат алаңы іспеттес.
Жәрмеңке келген қонақтарды кітап көрмесімен, кітап инсталляцияларымен (кітаптардан жасалған жарты киіз үй, кітапхана, құдық) таныстырудан басталды. Кітаптардан жасалған жарты киіз үй, кітаптан жасалған құдық пен кітапхана жәрмеңкеге қатысушыларды таңғалдырып, жәрменкенің мазмұнын аша түсті.
Рухани мерекенің қадірлі қонақтарының бірі, аудан әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы, оқырмандар қауымын, ізгі мерекемен құттықтап, кітап атты рухани құндылықты жанына серік, өміріне бағыт еткен ерекше оқырмандарды арнайы марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Кітапты түгелдей отбасы мүшелерімен оқитын, ерекше кітапқұмар отбасы, аудандық кітапхананың тұрақты оқыр- мандары – Стыбековтер отбасы осынау ізгі мерекеде ерекше назарға ілігіп, арнайы сертификат пен ақшалай сыйлыққа ие болды. Отбасымен өнегелі бастамаға жол ашқан, Стыбековтер отбасының балалары да ата- анадан көрген үлгі ізімен кітап оқуды әдетке айналдырған.
Сонымен қатар, мерекелік шара барысында, аудандық кітапхана үшін бірқатар кітаптар сыйға тартылып, аудандық кітапхананың директоры- Әжікеева Қымбатқа арнайы табыс- талды.
Жәрмеңкеге қатысушы оқырмандардың басым бөлігі- жасөспірімдер. Фестивальдің негізгі мақсаты да жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Кітап оқитын, санасы сәулелі, ойы зерек, ақылды жас буын өкілдерін тәрбиелеу- күллі қоғам алдындағы міндет. Ал кітапхана- осынау мәртебелі міндетті атқарушы руханият ордасы.
Бүгінгі күні ауданымызда 1 аудандық кітапхана, 1 балалар кітапханасы мен 9 ауылдық кітапхана оқырмандар игілігіне жұмыс атқаруда. Мемлекет тарапынан қойылған міндеттерді үделі де жүйелі жүзеге асырып, жергілікті оқырман қауымның интеллектуалдық сұранысын өтеп отырған кітапхана қызметкерлерінің жалпы штат саны – 32 маман. Жылдар бойы қордаланған кітап байлығы бүгінде 133 808 дананы құраса, тұрақты оқырмандар саны 11 003-ке жетті. Уақыт ағымына сай, руханият ордасы цифрлық кеңістікке де бет бұрды. Қазіргі таңда кітапханалар толықтай «БАРЫС» автоматтандырылған электронды жүйесімен жұмыс істейді. Ауқымды кітап қорын осы электронды каталог жүйесіне енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ауданымыздағы кітапханалар жүйесінің оқырман игілігіне атқарып жатқан қыруар шаруалары дәл осындай ғибратты шаралар арқылы көрініс беріп, оқырмандарды, аудан тұрғындарын кітап әлеміне бір мәрте жақындата түскендей.
Шара барысында оқырмандар арасында интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, түрлі сый-сияпаттар жасалды. Осылайша, оқырмандардың жұлдызы жанған ерекше жәрменке өз мәресіне жетіп, кітап атты рухани әлемнің кереметі тағы бір мәрте айшықтала түсті.
Ақерке БИЖАН,
Нарынқол ауылы

