Ауданымызда 15 қыркүйек – Отбасы күніне орай, «Тұлға тәрбиелеген отбасы» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін айқындауды мақсат еткен шараға өнегелі отбасылар, ата-аналар мен қоғам белсенділері қатысты.
Кездесу барысында отбасының адам өміріндегі орны мен бала тәрбиесіндегі маңызы кеңінен сөз болды. «Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығын арқау еткен шарада отбасы әрбір адамның алғашқы тәрбие мектебі екені атап өтілді. Әкенің өнегесі, ананың мейірімі мен ата-ананың қолдауы баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететіні айтылды.
Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне, білім, ғылым, өнер және спорт салаларына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар отбасылар көпшілікке таныстырылды. Олардың қатарында ел абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың, өнер адамдарының, ғалымдар мен жас таланттардың отбасылары болды.
Атап айтқанда, спорт саласында толағай табыстарға жетіп жүрген Айтақын Асыл Нұрмұханбетұлының отбасы – Ақбаевтар әулеті арнайы шақырылды. Асыл Нұрмұханбетұлы 2021 жылы Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болса, 2022 жылы Испанияда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында да қола жүлде алған. Ал 2026 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өткен рейтингтік іріктеу жарысында күміс жүлдеге қол жеткізген.
Сондай-ақ қазақ боксының жас буынында биік белестерді бағындырып жүрген, жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионаттарының жеңімпазы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Қасымхан Толғанай Болатқызының отбасы – Ақыновтар әулеті таныстырылды. Жас спортшының әрбір жетістігінің артында ата-анасының тәрбиесі, қолдауы мен ақ батасы тұрғаны ерекше аталды.
Өнер саласының өкілі, қазақстандық театр және кино актері, дубляж шебері Жанат Алтайұлы Тыныбаевтың отбасы – Тыныбаевтар әулеті де шара төрінен орын алды. Отандық өнерге өзіндік үлесін қосып жүрген актердің шығармашылық жолы мен ұлттық мәдениетті дәріптеудегі еңбегі сөз болды.
Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Орта Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмамбет Ақбаян Нұрмамбетқызының отбасы – Нұрмамбетовтер әулеті де көпшілікке үлгі ретінде шақырылды. Ал жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ерболқызы Еркеназдың отбасы – Исаевтар әулеті жас спортшының жеңістеріне демеу болып, оның талап-талпынысын қолдап келе жатқан өнегелі отбасы ретінде аталды.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген айтыскер ақын Жәмәли Айбын Әбдімұхаметұлының отбасы – Сұлтанаевтар әулеті де мерекелік шараның құрметті қонақтары қатарында болды. Жас ақын Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Орақ тілді Оразалы» халықаралық ақындар айтысында Бас жүлдені иеленіп, айтыс өнеріндегі шеберлігін танытқан. Оның шығармашылық жолындағы жетістіктеріне отбасының қолдауының маңызы зор екені айтылды.
Білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүрген биология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мамурова Асем Тлеужанқызының отбасы – Мамыровтар әулеті де көпшілікке таныстырылды. Ғылым мен білімді өмірлік бағдар еткен отбасының жас ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі атап өтілді.
Бұдан бөлек, әдебиеттік оқудан аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген дарынды оқушы Ерханның отбасы – Жабықбай әулеті де шараға қатысты. Жас өреннің білімге деген қызығушылығы мен жетістіктері отбасындағы тәрбие мен қолдаудың нәтижесі екені сөз болды.
Шара барысында аталған отбасыларға құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар табысталды. Алғашқы құттықтау сөзді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев айтып, отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына тоқталды.
Кездесу барысында аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова да жүрекжарды лебізін білдірді. Кейін модераторлық тізгінді қолға алған Балжан Әбуқызы отбасы мүшелерімен бала тәрбиесі, отбасындағы дәстүр мен береке, ата-ананың бала болашағына көрсететін қолдауы жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті.
Сұхбат барысында ата-аналар өз отбасындағы тәрбие ұстанымдарымен бөлісіп, балаға ең алдымен адамгершілік, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау, білімге ұмтылу секілді құндылықтарды сіңірудің маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар отбасындағы өзара түсіністік пен қолдаудың баланың тұлғалық қалыптасуына ықпалы туралы ойларын ортаға салды.
Жиын барысында Толғанай Қасымханның анасы Жазира Салимжанова, актер Жанат Тыныбаевтың әкесі Алтай Тыныбаев және спортшы Асыл Айтақынның әкесі Нұрмұханбет Ақбаев сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі мен отбасы қолдауының маңызын атап өтті.
Отбасы – қоғамның ең кіші ғана емес, ең маңызды әлеуметтік негізі. Адамның бойындағы алғашқы мінез, алғашқы әдет, алғашқы арман мен мақсаттың қалыптасуына да отбасының әсері мол. Сондықтан елдің ертеңін ойлау – ең алдымен отбасындағы тәрбиені нығайтудан басталады.
Мерекелік кездесу концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара соңында қатысушыларға марапаттар табысталып, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған тағылымды кездесу қорытындыланды.
«Тұлға тәрбиелеген отбасы» атты шараның негізгі өзегі де осында. Себебі елге белгілі тұлғаның артында оның таланты мен еңбегімен қатар, сол тұлғаның қалыптасуына ықпал еткен отбасы, ата-ана тәрбиесі мен жақындарының қолдауы тұрады. Берекесі бекем, тәрбиесі тағылымды отбасы – ел болашағының берік іргетасы.
Аружан МАҚСАТҚЫЗЫ

